Әлеуметтік төлемдердің көлемі артты

Әлеуметтік төлемдердің көлемі артты
ашық дереккөз
Әлеуметтік төлемдердің көлемі артты
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Мұхтар Әлімбетов баяндама жасады. «Зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін арттыру» тақырыбында өткен брифингте спикер биыл 1 қаңтардан бастап 133145 жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы мөлшерлері 9 пайызға артатынын айтты. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының жобасына сәйкес, зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 55 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни бұл жылы жаңадан тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 203060 теңгені құраған. «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңының жобасына сәйкес, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 57 853 теңге. Базалық зейнетақы мөлшері осы жылдың қаңтарынан 28215 теңге мөлшерінде белгіленген. Базалық зейнетақыны жасына байланысты зейнетақыға қосымша барлық зейнеткерлер, сонымен қатар өз жәрдемақыларына қосымша зейнеткерлік жасына жеткен мүгедектер алады. Зейнеткерлік жасына жеткен, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша немесе жасына байланысты жәрдемақы алушы тұлғалардың, көрсетілген жәрдемақылар орнына базалық зейнетақыны алуға құқықтары бар. Осы аталған базалық зейнетақыны бүгінгі күні облыс бойынша 127709 зейнеткер алады, – деді. Ал, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы елімізде отбасының табысына қарамастан төленетін төлем ол 2014 жылдың сәуір айынан 38 АЕК мөлшерінде төленуде. Осы жылдың 1 қаңтарынан 140296 теңге. Бала мен ананы қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында отбасында төрт және одан да көп баланың туылуына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 63 АЕК мөлшерінде төленіп келеді. Биыл жәрдемақы мөлшері 232596 теңгені құрап отыр. Баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен отбасының табысына қарамастан төленеді. Ол да биыл 7 пайызға артады. – Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеушілерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,61 мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Бұл төлем мүгедек балаға төленетін жәрдемақыға қарамастан жүргізіледі. Жәрдемақы көлемі былтыр қаңтар айынан 65313 теңгені құрады. Биылдан бастап аталған жәрдемақы мөлшері 7 пайызға артып, 69886 теңгеге жетті. Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға арналған жәрдемақы осы уақыттан бастап мөлшері 7 пайызға артып, 69886 теңгені құрады,–деді баяндамашы. Сондай-ақ, «2024-2026 жылға арналған республикалық бюджет» туралы ҚР Заңына сәйкес, осы уақыттан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші 40567 теңгеден 43407 теңгеге өзгерген. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшерлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты арттырылады. Өңірімізде бұл өзгеріс мүгедектігі бойынша 34392 жәрдемақы алушының барлық санаттарын, асыраушысынан айырылуына байланысты 13110 жәрдемақы алушыны қамтиды. Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың екінші деңгейі ретінде 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Сақтандырудың жұмыс істейтін азаматтар үшін үш түрі қарастырылған. Атап айтсақ, еңбек ету қабілетін жоғалту, асыраушысынан және жұмыстан айырылу жағдайлардан сақтандыру. Бүгінгі күнде меншік түріне қарамастан, барлық өнеркәсіп пен мекемелер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өз жұмысшылары үшін еңбекақысынан 3,5 пайыз көлемінде есептеп, әлеуметтік салық есебінен жарналар төлейді. Облыс бойынша аталған төлемді алушылардың саны – 40921. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де 7 пайызға артқан. Ал, айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3450 теңгеден 3692 теңгеге көбейді. Брифинг соңында Мұхтар Әлімбетов журналистердің сауалдарына жауап берді.  

Нұржан ӘЛІШ

 

Ұқсас жаңалықтар