- Advertisement -

Олимпиадаға 15 спортшымыз үміткер

18

- Advertisement -

Жамбыл спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Оған түрлі жарыстардағы жерлестеріміздің жеткен жетістіктері дәлел. Ел үмітін арқалаған спортшылар осы жылдың басты бәйгесі – «Париж-2024» олимпиадасына да үміткер болып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының есептік алқа жиынында айтылды.

Басқарма басшысының есебін тыңдаудан басталған жиында әуелі сала бойынша жетістіктер сараланды. Осы жылдың басты додасы саналатын олимпиада бойынша көрсеткіштерге айрықша тоқталып өткен Арман Ташметовтің сөзінше, олимпиадалық іріктеу сайыстары саналатын Жазғы Азия және Пара Азия ойындарында облысымыздың спортшылары жоғары орындардан көрінген.

Нақтырақ айтар болсақ, былтыр өңірден Жазғы Азия ойындарына 12 спорт түрінен 37 спортшы қатысып, 1 күміс, 3 қола медальмен олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған. Атап айтқанда, кураш спорт түрінен 81 кг салмақ дәрежесінде Бекәділ Шаймерденов күміс жүлде иеленсе, су добынан Қазақстан әйелдер құрама командасының сапында «Айша бибі» клубының қыздары мен ерлер құрама командасының сапында жамбылдық Сұлтан Шонжигитов және Эдуард Цой қола жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ, бокстан 71 кг салмақ дәрежесінде Асланбек Шымбергенов аталған спортшылар қатарынан табылып, қола жүлдегер атанған болатын. Ал, қазіргі бессайыстан Георгий Борода-Дудочкин «Париж-2024» олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған еді.

Өз кезегінде жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сала басшысынан олимпиадалық ойындарға лицензия үміткерлерінің қаншалықты мүмкіндігі бар екендігін сұрады.

– Жалпы, алдағы олимпиада ойындарына лицензия алу бойынша 15 спортшымыз үміткер болып отыр. Олардың физикалық жағдайы мен спорттық дайындықтарына барынша жағдай жасалуда. Барлық үміткерлерімізге үлкен сенім артып отырмыз. Олардың қатарында танымал спортшылар Елдос Сметов, Асланбек Шымбергенов, Дулат Бекбауов, Әлішер Ерғали бар, – деді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов.

Сонымен қатар, жиын соңында Нұржан Сәбитұлы бұқаралық спортты дамыту, құрылыс нысандарының мерзімінде тапсырылуы жөнінде аудандардың сала бойынша жауапты өкілдеріне тапсырмалар жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support