Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда өтіп жатқан «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың барысымен жан-жақты танысты.
Әуелі аймақ басшысы авариялық-құтқару қызметтері мен облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын, әлеуетін, қабілеттілік деңгейін және материалдық-техникалық базасын көріп, құтқарушылардың кәсіби біліктілігіне назар аударды.
Оқу-жаттығу аясында дағдарыс жағдайы туындаған аумақтарға қысқы мезгілде жедел шараларды өткізу кезіндегі әрекеттерге құтқару қызметтерін жөнелту мәселелері пысықталды.
Бұдан бөлек, оқу-жаттығу барысында арнайы күш құралдарын басқаруды ұтымды ұйымдастыру, мемлекеттік органдарды жедел хабардар ету, тұрғындарды эвакуациялау мен зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету, оларды емдеу мекемесіне жеткізу тапсырмаларын орындаудағы мемлекеттік органдардың өзара әріптестік байланысы тексерілді.
Мұнан соң алдын ала әзірленген арнайы сценарий бойынша оқу-жаттығу шарасы өтті. Онда құтқарушылар «Күйік» асуы бойындағы «Алматы–Ташкент» Халықаралық маңызы бар автожолдағы күрделі метрологиялық жағдай бойынша жедел әрекеттерін көрсетті.
Қалың қар, бұрқасын боран мен көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, жолаушылар мінген қалааралық автобус қар құрсауында қалғаны жөнінде дабыл түсе салысымен, сала жасақтары оқиға орнына жұмылдырылды.
Зардап шеккендер мен қиын жағдайға тап болған тұрғындарды эвакуациялау мақсатында өңірде жедел штаб құрылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жедел тобы, өрт автоцистернасы мен жедел медициналық жәрдем көлігі, сондай-ақ адамдарды эвакуациялауға арналған техникалар іске кірісті.
Бұдан бөлек, «Апаттар медицинасы орталығы» дәрігерлері зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетті.
Ал, өңірлік полиция департаментіне бағынысты жергілікті полиция қызметі Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар бойынша қозғалысты шектеу үшін уақытша бекеттер белгіледі.
«Күйік» асуының таулы аумағында полицейлер мен құтқарушылар бірлесіп, радиобайланыс бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жағдайында кәсібилік дағдыларын көрсетті. Оқу-жаттығудың жедел іздестіру құтқару жұмыстары барысында кинологиялық есептің күшімен табылған гипотермиялық белгісі бар шопан «Трэкол» жол талғамайтын автокөлігімен эвакуацияланып, оған жедел медициналық көмек көрсетілді.
Бас-аяғы 33 арнайы техника мен жеке құрамның 87 қызметкері жұ мылдырылған оқу-жаттығу барысында аймақ басшысы жауапкершілігі мол сала мамандарының жұмысына табыс тілеп, олардың қауіпті сейілту мен құтқару бағытындағы қалтқысыз қызметіне алғысын білдірді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді