- Advertisement -

Айтыстың Алинасы

41

- Advertisement -

Алина Айдаралы жайлы алғаш естігенде таңданысымды жасырмадым. Айтыс аламанында жас та болса жақсы нәтиже көрсетіп, аға буын айтыс жүйріктерімен тізе қосып жүрген қарындасымыздың жетістіктерін естігенде онымен жолығып, сұхбаттасып, әңгіме өрбітуге асықтым.

Алина қазірде Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Ақын қыздың айтысқа келгеніне аз уақыт өтсе де, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Әртүрлі облыстық, республикалық додаларда топ жарып, талай жүлдені қанжығасына байлаған.

Жас ақын ең алғаш аудандық оқушылар арасында өткен айтыста «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Осы бір жеңісті тұғыры Алинаның айтыс биігіне деген алғашқы баспалдағы болды. Ол 2021 жылы «Ұлт ұстазы – Ыбырай», «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты оқушылар арасында өткен республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Араға уақыт салып сөз жебесі шыңдалған Алина азулы аға буын айтыскер ақындармен үзеңгі қағысып, терезесі тең деңгейде өнер көрсетіп жүрді. Былтыр ғана Шу өңірінде өткен «Қазақтың Төле биі – ақылдың телегейі» республикалық ақындар айтысында Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұр, Рауан Қайдар сынды дүлдүл ақындардан оза шауып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Айтыс десе бір иығы бұрып тұратын жас ақынның таңдай қақтырар тағы бір тұсы – «Алтын домбыра» сарапқа салынатын додада ең жас қатысушы болып бақ сынауы. «Жалпы, айтысқа қатысу үш ұйықтасам түсіме кірмейтін» деген қарындасымыз бұл жолға келуіне ұстазының ықпалы ерекше болғанын айтады.

– Бір жылдары Мерейхан Райымбаев пен Алихан Яшар біздің ауылда айтысқан болатын. Сол ақындардың айтысынан кейін бұл өнерге деген қызығушылығым оянды. Оған дейін де өзім қазақ әдебиетімен етене танысып жүрдім. Сөйтіп, ұстазым Құралай Райымбекова алғаш рет айтысқа қатысу жайлы ұсыныс айтты. Бойымда қорқынышымнан қызығушылығым басым болғандықтан, тәуекелге бел буып, алғаш айтыс сахнасына шықтым. Әр айтыс сайын қызығушылық пен талабым артып, үлкен айтыс аламандарына да шақырту алып жүрдім, – дейді Алина Айдаралы.

Айтыстан алары көп ақын қыз шабытын шыңдайтын өмірлік мотивациясын «отбасым» деп түсіндірді. Оның айтуынша, ата-анасының ақ батасы мен артқан сенімінің арқасында айтыс аламанында толағай табысқа қол жеткізіп жүр. Ал, айтыстың пайдасы мен қажетке асқан тұстары оның өмірінде жиі болып тұрады.

–Айтыс–үлкен жауапкершілікке толы өнер. Оның қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Айтысқа апталап, айлап дайындалатын ақындардың ішкі сезімі де ерекше болмақ. Одан алған әсер мен көрген қызықтары, көрермен қошеметі әрқашан ақынның санасында сайрап тұрады, оған шабыт береді. Айтыстың адам дүниетанымы мен білім өрісін кеңейтуге деген ықпалы да өте зор. Мәселен, айтыс тақырыбын ашу үшін жасалған тыңғылықты ізденістер мен зерттеулер нәтижесінде бұрын-соңды естімеген ақпаратты танып, білімнің жаңа кенін тапқандай боласың. Сонымен қатар, күнделікті өмірде сөз саптау, ой жинақтау, пікір алмасу секілді құбылыстарда айтыстың пайдасы өте зор,– дейді ақын.

Алинаның айтыс әлемінде жеткен жетістіктері жоғарыда айтылғанмен шектеліп қалмайды. Нақтырақ айтар болсақ, «Жыр алыбы–Жамбылым» атты жас ақындар сайысында және «Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым» республикалық ақындар аламанында топ жарды. Сондай-ақ, «Әулиеата үздігі – 2023» қорытындысы бойынша «Үздік жас ақын» номинациясын еншілеп, облыс әкімінің қолынан арнайы сый- сияпатқа ие болды.

Жас та болса талабы таудай ақынның осындай жетістіктерін көріп іштей сүйсініп, жас буынның айтысқа деген қызығушылығына тәнті болдық. Осындай жастардың арқасында төл өнеріміз дәріптеліп, ұзақ жасайды деген сенімдеміз.

 

Серікболсын СЕРПЕН,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support