- Advertisement -

Ұтымды ұсыныстан ұтылмасымыз анық

37

- Advertisement -

Тарихы осынау Орталық Азиядан адамзат баласына тараған пияз өнімі бұл күнде әрбір үйдің дастарқанынан табылатын, ас мәзірінен ойып тұрып орнын алған бірегей өнім. Тарихшылардың пайымдауынша, біздің дәуірімізге дейін 2 600 жылдары ежелгі қытай мен жапон халықтары дәрілік мақсатта пайдалана бастаған бұл өнім Ұлы Жібек жолы арқылы бізге де жетіп, нәтижесінде бүгінгі таңда еліміздегі пияздың жетпіс пайыздан астамы Әулиеата топырағынан өсіп-өніп отыр. Десек те, қазіргі заман талабына сай пияз пайдасының парқына қаншалықты жетіп жүрміз? Еуропа елдеріндегідей ұнтақ пияз өнімін қолға алып, оны ел игілігіне айналдыру жоспарын қашан жүзеге асырамыз?

Орта Азиядан Персия, Мысыр мен Грек, әйгілі Рим империясына дейін жеткен пияздың тарихы тым тереңде жатыр. Тарихи жылнамаларда ол туралы дәлел жетерлік. Ғаламға аты мәшһүр Ибн Синаның өзі оның пайдасын саралап, өз заманында еңбектеріне арқау етті.

Оған қоса біздің заманымыздың 568 жылы Таразға табан тіреген ең алғашқы Земарх бастаған Византия елшілігінің түркі қағаны Естемимен (Дизабулу) жолығуының басты мақсаты да тікелей Батыс түрік қағанатымен сауда қатынасын орнату еді. Одан кейін барып әскери одақ құру мәселе сі сөз болғаны тарихтан аян. Ал, көнеден көрші Ресей жеріне дәл сол Византия кейінірек, атап айтқанда ХІІ- ХІІІ ғасырларда сауда-саттықты бастады. Хош, сонымен сол сауда- саттықтың көркін қыздырып, көпестердің бөркін аспанға лақтыруына негіз болған көкөніс, жеміс-жидектердің арасында пияздың да үлесі бар еді.

Сол көне т арихт ан бері аталған өнімді өсіру Әулиеатада атадан балаға беріліп, ауыл шаруашылығы саласының ажырамас бөлігіне айналды.

Тіпті, 2022 жылы өңір шаруалары миллион тоннадан аса өнім жинап, рекордтық көрсеткішке жетті. Нәтижесінде елдегі пияздың 75 пайызы аймақта өсіріліп, аграрлық өңіріміздің абыройын тағы бір асқақтатып тастады. Былтырғы жылы да шаруалар айтарлықтай көрсеткішімен қуантты.

Атап өтсек, 2023 жылы 24,4 мың гектарға пияз дақылы отырғызылып, оның ішінде Шу ауданында – 13,6 мың гектарға, Жамбылда – 5,6 мың гектарға, Қордайда – 2,1 мың гектар және Байзақта 1,9 мың гектарға егілген.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, бұл дақылдың егіс көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға артқан. Сонымен қатар, 1 гектардан алынатын өнім көлемі де өскен. Былтыр 24,4 мың гектар алқаптан 780,5 мың тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім 318,7 гектарына центнерді құрады. Қазіргі уақытта Әулиеата пиязы Ресейдің қиыр шығысынан бастап, Европа одағына дейін экспортталуда. Мәселен, былтыр 100,2 мың тонна пияз экспортталса, 364 мың тоннасы басқа облыстарға жөнелтілген.

Айта кету керек, аймақта егілетін пияз дақылының 19,1 мың гектарына су үнемдеу технологиялары қолданылады. 2024 жылы пияз дақылын 24,4 мың гектарға отырғызу жоспарланып отыр. Ал, облыс аумағында 1 000-нан астам шаруашылық пияз өсірумен айналысады.

Әрине, бұл көрсеткіштер шынтуайтында көңіл қуантады. Бірақ, өнімді өсіру бар, ал оны игеру өз алдына бөлек мәселе. Ала жаздай маңдай терін төгіп еңбек еткен шаруалар да өнімнің болашағына алаңдайтыны анық. Себебі, өнім көлемі артқан сайын оны тиімді игеруге тың бастамалар қажет. Әйтпесе, қолда барымызға зар болып қалу да ғажап емес. Осы тұста облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ұтымды ұсынысы аймақ брендіне айналған өнімнің аясын кеңейтіп, тынысын ашарына күмән жоқ.

– Облыста 20-25 мың гектар пияздың егістік алқабы бар. Бұл аз көрсеткіш емес. Соның тең жартысы су үнемдеу, яғни тамшылатып суару технологиясын қолданып жатыр. Ал жартысына жуығы, яғни 10-12 мың гектарымыз ағынды сумен суғарылуда. Екеуінің де өнімділігі бір, бірақ дәстүрлі жолмен су бес есе артық пайдаланылады екен. Соның барлығын тамшылатып суару технологиясына көшірсек, біз 1 миллион тонна емес, 3 миллион тонна пияз өндіре аламыз. Бұл жерде де, әрине, мәселе бар. Менің ойымша қазіргі таңда бір жарым миллион тоннадан артық өндіретін болсақ, ол проблема туындатады. Пияздың бағасы түсіп кетеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табыстары төмендейді. Сол себептен ең бірінші осы пиязымызды терең өңдеп, құрғатып, ұнтақталған түрін шығару керек. Әлемдегі сұранысты алатын болсақ, халықаралық ірі азық-түлік шығаратын корпорациялар пиязды жиі тұтынады. Бірақ олар пиязды шикізат ретінде емес, ұнтақ, яғни «порошок» ретінде пайдаланады. Сол себептен қазіргі таңда біздің ең бастапқы мақсатымыз – технологиялық инвесторларды алып келіп, пиязымызды кептіріп, ұнтақтап, әрбір басқа да шет мемлекеттерге шығаруға мүмкіншілік беруге болады. Осы өндірісімізді түбегейлі қолға алатын болсақ, егістік алқаптарымызды арттыруға да мүмкіншілігіміз бар,– деген болатын бұл туралы Ербол Шырақпайұлы.

Жасыратыны жоқ, былтыр аймағымыз ағын судың азабынан айтарлықтай зардап шекті. Облыс басшысы суға мұқтаждық былтырмен, тіпті биылмен де шектелмейтінін, ол алдағы онжылдық басты мәселеміз екенін де айтып ескерткен еді. Осы тұста жерасты суларын пайдаланып, тамшылатып суару технологиясы арқылы заман ағысына қарай сұраныстағы өнімді сұрыптап, жаңа бағытта өндірудің маңызы зор-ақ. Оған қоса бұл тек пиязға ғана қатысты емес, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің келешегіне бағытталған жаңаша бетбұрыс болар еді.

– Су үнемдеу технологияларын толыққанды қолға алып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру керекпіз. Соған параллельді түрде жай ғана шикізат шығармай, қарапайым көкөністерді консервілеу, шырын шығару, пасталарды, аралас жем шығару ісін де ілгерілетуіміз қажет. Оның қиын ештеңесі жоқ. Оған сұмдық технология да қажет емес. Ол үшін өзіміздің кәсіпкерлерімізді осыған ынталандыруымыз керек. Осы бағытта өңірлік жол картасын да күшейтуге тиіспіз, – деген Ербол Шырақпайұлы.

Расында, аймақ басшысының алға қойып отырған бұл бастамалары көңілге қонымды әрі сала әлеуетін арттыруға салмақты сенім ұялатады. Енді өңірдің өнімділігін арттырып, асыраушы саланың асығын алшысынан түсіруге сеп болатын ұтымды ұсыныстар ұмытылып кетпей, өндіріске енгізілсе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support