- Advertisement -

Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу – адам өмірін жақсартады

61

- Advertisement -

Елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі енгізілу жоспарлап отырғаны белгілі. Мамандардың пікірінше, бұл – біріншіден, адам денсаулығының тұрақтандыру мақсатында жүзеге асқалы отыр. Өйткені, кеңестік дәуірде табиғи бөлінісі бойынша 4 уақыт белдеуіне бөлінген еліміз, кейіннен тек 5-ші және 6-шы белдеуге біріктірілген. Дегенмен, мұның өзі әлі күнге дейін нақты бөлініс болып есептелмейді. Себебі, Қазақстанның 12 облысы өз уақытынан 1 сағатқа алда көрінеді. Ендігі кезекте бұл мәселе аталған аумақтардың батыстық уақытқа бейімделуімен реттелмек. Осыған байланысты еліміздің 12 өңірінде уақыт бір сағатқа кері шегінеді. Сол арқылы бірыңғай белдеу қалыптасып, бұл ұйқы режимінің реттеліп, бірқатар аурулардың алдын алуға, сонымен қатар, адам денсаулығының жақсаруына себепкер болмақ. Екіншіден, уақыт белдеуінің бір қалыпқа түсуі ел экономикасы үшін де тиімді. Мұнда әсіресе, энергия көздерін белгілі бір график негізінде тұтынатын кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының мәселесі шешіліп, көлік-транзиттік бағыттағы маршруттардың жұмысы бір жолға қойылмақ. Осы орайда, біз биотехнолог, ғалым Әмір Қуаттың сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Әмір Сансызбайұлы, бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің пайдасы қандай?

– Ең бірінші – адамның денсаулығын дұрыстау. Өзіңіз білетіндей, қазір елімізде онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт, суицид, ажырасулар да көбейіп кетті. Мұның барлығы циркадтық ритмге бағынатын нәрсе. Ал, циркадтық ритм дегеніміз – биологиялық сағат. Десинхроноз деген термин де бар. Ол неден пайда болады? Адам баласы өзінің табиғи белдеуінде тұрып, сол табиғи белдеуімен дұрыс өмір сүрмегендіктен, десинхроноз пайда болады. Мысалы, Қазақстанның 80 пайыз халқы UTC+6 уақыт белдеуімен өмір сүріп жатыр. Негізінде олардың табиғи белдеулері – UTC+5. Айырмашылығы – 1 сағат. Сондықтан олар UTC+5-те тұрып, UTC+6-ның заңымен жүріп келе жатқандықтан, түнгі ұйқысы 1 сағатқа кеміп отыр. Ал, түнгі ұйқы деген ең маңызды процестердің бірі. Өйткені, адам ағзасындағы қайта қалыпқа келу ұйықтап жатқан кезде өтеді. Күні бойы жинаған ауыртпашылық, қауіп-қатер, зақым, стрестің бәрі ұйықтап жатқан кезде дұрысталады. Сондықтан адам баласының табиғи ұйқысы 1 сағатқа кеміп тұрғаннан кейін, жылдан жылға ұйқысы дұрыс болмай, денсаулығына кері әсер етуде. Мысалы, кішкентай баланың арқасында дорбасы бар дейік. Енді ойлап қараңыз, 30 жылдың ішінде күніге бір тастан сала берсе, 30 жылдан кейін ол көтере алмайтын ауыр болады. Сондықтан, қазір еліміздегі басты мақсат UTC+5-ті, яғни адамдарға өзінің уақыттық белдеуін қайтарып беру.

– Аталған мәселе бір күнде шешілмегені анық. Зерттеулерді кім жүргізді, қалай жүргізді?

– Бұл мәселе 2020 жылы билікке ұсынылған болатын. Содан бері қаншама талқыға салынды. 2020 жылы пандемия болғандықтан, 2023 жылға шегерілді. 2022 жылдың соңына дейін зерттеулерді бітіріп, комиссия өзінің есептемелерін жазды. Оның ішінде астрофизик, генетик, медициналық қызметкерлер, терапевт, хронобиологтар бар. Қазақстан бойынша 60-қа жуық сарапшы қатысты. Мысалы, менің уақыттық белдеулерінің адам ағзасындағы биологиялық сағатқа және оның денсаулыққа әсерін зерттегеніме 22 жылдан асты.

– Бірыңғай уақыт белдеуін ауыстыру қазақстандықтардың жұмыс тәртібіне, энергиясына қалай әсер етеді?

– Біз ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен бірнеше өңірді аралап шықтық. Мысалы, мен Астанада тұрамын. Бірақ таңертеңгісін сағат 7:00-де тұру үшін сағатымның оятқышы бес рет шырылдайды. Ал, Ақтөбеге барсам, оятқышсыз-ақ өзім оянамын. Себебі, ол жақта уақыт автоматты түрде 1 сағатқа ығысады. Оятқыш қалай 7:00-де тұр, дәл солай тұр. 1 сағаттық уақыт айырмашылығы ұйқымды қандырды. Әрине, оның көңіл-күйіме, жұмысыма әсері жақсы болады. Өйткені, ұйқысы қанған адам өте сапалы шешімдер қабылдайды.

– Ел тұрғындарының энергиясына, жұмысына жақсы әсер ететін бұл өзгеріс меніңше, ел экономикасына да оң әсерін тигізуі тиіс?..

– Ел экономикасы туралы екі нәрсені атауға болады. Біріншісі – электр энергиясы, екіншісі – адами капитал. Ақиқатын айту керек, еліміздегі энергетика саласы қазір күйзелістен өтіп жатыр. Еліміздегі энергия өндіретін ресурстар кәдімгідей тозған. Соның барлығын біле отырып, өкінішке қарай біз энергия өндіру көздерін үнемдеп пайдаланбаймыз.

Қазақстан аумағында екі уақыттық белдеу болғандықтан, таңертең, түсте және кешкісін болатын, кептеліс немесе «час пик» ол 1 сағат болудың орнына 2 сағатқа созылып жатыр. Бір ыңғай уақытты орнатудың экономикалық әсері өте көп.

Одан кейін адами капитал. Неғұрлым халық саны көп болса, ел экономикасының көлемі соғұрлым артады. Көбісі неге Қазақстанға жақсы инвесторлар, үлкен компаниялар келмейді деп ойлайды. Өйткені, біздің экономикамыздың көлемі аз. Оның уақыттық белдеуге қандай қатысы бар деп ойлайсыз? Қазіргі уақытта әрбір үшінші отбасы баласыз отыр. Әйелдер бала көтере алмай жүр? Неге? Ол да десинхроноздың кесірі. Циркадтық ритмдер адам ағзасындағы 300-ден астам процестерді қадағалайды. Ең бастысы, гормоналдық жүйкені қадағалайды. 1 сағатқа кем болғандықтан, гормоналдық фон да өзінің жұмысын дұрыс атқара алмай отыр. Егер де біз оны UTC+5-ке табиғи уақытқа көшіретін болсақ, әйелдердің де денсаулығы жақсарады. Адам саны көбейіп, экономикамыздың көлемі өсе бастайды.

– Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу көлік пен байланыс құралдарына да әсер етеді дейді. Шындығында солай ма?

– Әрине. Ең қарапайым мысал, оңтүстікте тұратын кәсіпкер батыстағы әріптесімен жұмыс істейді. Қаншама адам уақыт айырмашылығынан ұшақтан, пойыздан қалып қойды. 1 сағатта тұрған не бар деп ойлайды. 1 сағатқа кешіктің ба, басқа жақта күтіп отырған адаммен маңызды миллиондаған суммаға келісімшарт жасау керек болуы мүмкін. Билеттің де құны арзан емес. Ол да экономика. Екіншіден, кәсіпкерлер жақсы біледі, банктік күн деген бар. Біздің күн тәртібіміз сияқты емес, олардың жұмыс күні сағат 16:00-де бітеді. Мысалы, Ақтөбе мен Астананың айырмашылығы – 1 сағат. Астананың компаниясы Ақтөбеден ақша жіберуін күтіп отыр. Бірақ, әртүрлі жағдайлармен олар сағат 16:00-ге 5 минут қалған кезде жібереді. Ал, Астанада кешкі сағат 17:00. Банктік күн бітіп кетті. Ол сумманы дәл сол күні алмай, ертесіне алуына тура келеді. Ал, бизнес деген қатаң әрі әділ. Уақытында жібермесе, штрафтық санкцияға ұшыратады. Ол үлкен ұтылыстарға әкеледі. Көбісі «Уақыттық белдеуді ауыстырудан басқа мәселе таппадыңдар ма? Бағаларды ретте сеңдерші» деп айтады. Бағалармен айналысу үшін, бағаларды түсіру үшін оған арнайы шарт жасау керек. Ол шарт – ең бірінші уақыт.

– Бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің мектептегі оқушыларға пайдасы қандай? Түскі ауысымда оқитын балаларға кері әсер етпей ме?

– «Екінші ауысымда оқитын балалар күн сәулесінен құр қалатын болды, күн сәулесін көрмейтін болды» дейді. Бұл дұрыс емес нәрсе. Өйткені, бала екінші ауысымда оқығанымен, оның таңы түскі 13:00-де басталмайды ғой. Демек, күн сәулесін көрмейді деген дұрыс емес. Тағы да «Бала 1 сағат ерте тұрады» дейді. Бұл да дұрыс емес. Жоғарыда айтып кеткенімдей, мен Ақтөбеге барғанда ұйқым қанып, оятқышсыз өзім тұрдым. Мысалы, Қызылорда облысында уақытты 2018 жылы UTC+5-ке көшірген. Бұрын UTC+6 кезінде бала тастай қараңғыда тұрып, ұйқысы қанбай мектепке барады. Сонда оқушы бірінші сабақты меңгере ме, меңгермей ме белгісіз, себебі әлі оянған жоқ. Ал, UTC+5- ке ауыстырған кезде, сенесіздер ме, балалар өздері оянып алған.

– Уақыт белдеуін ауыстыру үшін қандай жұмыстар жасалды?

– Зерттеулер өткіздік. Мысалы, оразаның кезінде ауыз ашу мен бекіту уақыты күн сайын өзгеріп тұрады. Ол күннің шығуы мен батуына байланысты табиғи уақыт. «Адам баласы табиғи уақытпен өмір сүру керек» деген кезде халықтың көбі шамалы қате талқылайды. Олар күн шыққанда тұру керек деп ойлайды. Мысалы, таң сағат 5:00-де ататын болса, сіз сол уақытта тұрып алып, 9:00-де басталатын жұмысыңызға дейін, 4 сағат бойына не істейсіз? Ол табиғи ырғақтылыққа байланысты. Табиғаттың өзінің ырғақтылығы бар, адамның ағзасындағы биологиялық ырғақтылық бар. Сол ырғақтылықтар бір-біріне қарама-қайшы болмауы керек. Үйлесімділікте жүру маңызды.

– Қазақстандағы уақыт белдеуінің ауысу тарихын айтып бере аласыз ба? Бұрын қандай болды?

– Негізінде Қазақстан аумағынан 4 уақыттық белдеу өтеді: UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6. UTC+3 еліміздің батыс аумағында кішкентай ғана өтетін болса, UTC+6 қазіргі халықтың тұрып жатқан уақыт белдеуі. Ол Шығыс Қазақстандағы Ақсуат деген ауылдан басталады да, Қытайға қарай жылжиды. Егер аумақ бойынша есептейтін болсақ, жобамен 67 пайыз еліміздің жерін UTC+6-ға жасанды түрде созып тастаған. Бірақ 67 пайыз аумақта Қазақстанның 80 пайыз халқы тұрады. Жалпы, UTC дегеніміз не? Unified time coordination – бірыңғай уақытты үйлестіру. Яғни, координация ол – адам мен адам, компания мен компания, мемлекеттің экономикасы мен басқа елдің экономикасы қарым-қатынас жасаған кезде осы UTC бір-біріне дұрыс уақытта келуге, дұрыс уақытта бір- біріне көмек беруге ықпалын тигізеді.

– Басқа елдер қай уақыт белдеуінде өмір сүріп жатыр?

– Ол өздерінің координаттарына байланысты. Мысалы, көрші ел – Қытайда жалғыз ғана бір уақыт белдеуі бар. Біздікіндей батыста басқа, оңтүстікте басқа уақыт дегендей емес.

– Елімізде бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қандай қажеттілік бар?

– Мен 2008-2016 жылдар аралығында Қазақстандағы бүкіл адамдардың өлімдерін зерттедім. 1,5 миллионнан астам адам өлімдерінің ақпаратын зерделедім. Жоғарыда айтқанымдай, десинхроноз және оның әсерін, биологиялық ырғақтылықты барлық ауру түрлерінен өлім санын анықтадым. Сонда тәуекелділігін есептеген кезде, 41,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткішке өзім сенбедім. «Мүмкін еме с» деп қайт адан есептегенде, тіпті 87,5 пайыз болды. Мынау өсіп бара жатыр, тұрмыста қолданып көрейік, сонда мүмкін ақиқаты табылар деп ойладым. Біз оны тұрмыста онкологияда, кардиологияда, нейрохирургияда қолданып, жақсы нәтижелерге жеттік. Мысалы, әрбір медальдың екі жағы бар ғой. Бір жағы уақыттық белдеудің десинхронозы осындай аурулардың санын өлшейтін болса, екінші жағы ол десинхронозды жою. Табиғи уақытпен байланысты адам ағзасындағы циркадтық ритмдерді реттей отырып дұрыстап ем қабылдайтын болса, сонда ауруды тез емдеуге өз ықпалын тигізетініне дәл келіп тұр. Біздің міндетіміз – заңдылықтардың бәрін біле отырып, пайдасын көріп, адамдарға өзінің табиғи уақытын қайтарып беру.

– Бірыңғай уақыт белдеуін ауыстырудың басқа қандай нұсқалары болды? Олар неге қабылданбады?

– Басында 3 нұсқа болды. Ең бастысы, UTC+5 және UTC+4,5 болды. Неге UTC+4,5-тен бас тарттық. Ол – жарты сағат қой. Жарты сағаттық айырмашылық не ары, не бері емес. Еліміз басқа елдің де экономикасымен қарым-қатынас жасайды. Соған өте қолайсыз. Нақты уақыт керек болды. Барлық мәселені шешіп, нақты нөлдік градуспен қамтамасыз ететін шешімін табу өте қиын, мүмкін емес. Табиғатта абсолюттік симметрия жоқ. Айнаға қарасаңыз да бір көзіңіз бір көзіңізге ұқсамайды. Сондықтан абсолютті шешім табу қиын. Ал, UTC+5 ең оптималды шешім болды.

– Уақыт белдеуі өзгерген соң біз телефон, гаджеттерді өзіміз қолмен ауыстырамыз ба?

– Мен Ақтөбе қаласына барған кезде, геолокация қостым, сол сәтте телефонымдағы сағат өзі ауысты. Ақтөбе де Қазақстанның қаласы емес пе? Сол сияқты UTC+5 басқа қалаларға көшкен кезде өзі ауысады. Сонда да керек болған жағдайда, 1 санды өзгерту қиын емес деп ойлаймын.

– Бірыңғай уақыт 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні ауысады ма?

– Мен сізге 100 пайыздық нұсқа айтайын. Мысалы, 29 ақпанда түнгі сағат 00:00 болған кезде өзіңіз сағатыңызды 1 сағат кері жылжытып қойыңыз. Сөйтіп ұйықтай беріңіз. Таңертеңгісін бәрі жақсы болады. Керек нәрсенің бәрін ағза өзі жасайды. Одан дүрлігіп, мәселе жасаудың қажеті жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support