- Advertisement -

Әріптестің шығармалары Алматыда таныстырылды

45

- Advertisement -

Әріптесіміз Қамар Қарасаеваның шығармалары өнер ордасы саналатын Алматы қаласында таныстырылды.

Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №4 кітапхана-бөлімшесінде өткен әдеби кешке жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі, Қазақстан педагогика ғылымдарының академигі, аудармашы Сәбит Дүйсебаев, «International Institute of Differential Psychology» институтының Құрметті профессоры Бақыт Есімбекова, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Айтенова, «International Institute of Differential Psychology» институтының Құрметті профессоры Бақыт Есімбекова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық Жыл әншісі атанған Бекзат Ізбасар және колледж студенттері қатысты. Әдеби-сазды басқосуды Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі, қаламгер Айжамал Дәулетқұлова жүргізді.

Қаламгердің «Тәтті мұң» атты кітабына алғысөз жазған жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш кешті құттықтау сөзімен ашты.

– Қамар Қарасаеваның туындылары негізінен жеке адамдардың белгілі бір себептерге байланысты бұралаң жолға түсіп кеткен қиын тағдырларын психологиялық тұрғыдан талдап, тарқатуға құрылады екен. «Айнымас болмыс» повесі қазақ халқының қиын кезеңдерінен елес береді. Қамардың туындыларын оқыған оқырманның белгілі бір мөлшерде эстетикалық ләззат алары, сөйтіп өз өміріне де көз жүгіртері сөзсіз. Оның әдеби тіл нормасын да бірсыдырғы жақсы меңгеріп қалғандығы сезіледі. Сондықтан да мен жас жазушыға сәт-сапар, шығармашылығына әрқашан ақ жол тілеймін, – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрдәулет Ақыш.

«Тәтті мұң» кітабының суретшісі Шыңғыс Ерболұлы мен қаламгердің қызы Айкен Тәттіқұл өлеңдерін жатқа айтты. Қаламгердің өзге туындылары бейнетүсірілімдер арқылы көрсетілді. Қамар Рахметуллақызы жазу өнеріне жол сілтеп, бағыт көрсеткен ұстазы, ақын Кәріпжан Нүсіпке арнаған өлеңін оқыды.

Көзі тірісінде шығармаларына «Қамар Рахметуллақызы қалыптасып қалған жазушы. Жазушыға керек тіл байлығы, шынайы сезімталдық, психологиялық білгірлік, табиғат тылсымын тамаша суреттей білу сияқты асыл қасиеттердің бәрі бойында бар. Ақыл-парасаты да жетерлік», – деп бағасын берген жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Мен алдымен журналистпін, журналистикада ұзақ жүріп, әдебиетке кеш келдім» – дегеніндей, Қамар да әдебиетке кеш келгенін айтты.

Кешке қатысқан студенттер ойларын ортаға салып, сұрақтарын қойып, әдеби-сазды кеш ашық сұхбат алаңына жалғасты. Кешті қорытындылаған Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №4 кітапхана-бөлімшесінің басшысы Сағын Иманбаева тілектестігін білдіріп, сый-сияпат жасады. Әдеби, рухани әңгіме өрбіген басқосуды Халықаралық «Жыл әншісі» атанған Бекзат Ринатұлы әдемі әнімен аяқтады.

 

Гүлжан РАХМАН

Тараз-Алматы-Тараз

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support