- Advertisement -

Домбыра жасаудың шебері

43

- Advertisement -

Игілік ауылында тұратын ұста Балтабай Дәуірбековті сарысулықтар жақсы таниды. Биыл 75 жасқа жеткен ақсақал сапалы домбыра жасайтын өнерімен ерекшеленеді. Біз барған кезде де қыстың аязына қарамастан, жылы киініп алып, есігінің алдындағы шағын шеберханада ағаш жонатын станокты дарылдатып қосып қойып, ұсталық жұмысына кірісіп кеткен екен.

Шебердің өзі де домбыра, қобыз тартады. Әйгілі өнер шебері Жаппас Қаламбаевтың жиені болып келетіндіктен, музыка жағынан тиянақты білім алуға мүмкіндіктері болған. Әуелі Жамбыл мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, сосын Қазақ Ұлттық консерваториясында қобыз сыныбында оқыған.

Кейіннен ұстаз болып, жүздеген шәкіртті музыканың, домбыра және қобыз аспаптарының қыр-сырына баулыды. Ол кезде Сарысу аудандық мәдениет бөлімін Мейрамбек Күздеубаев басқарып тұрған. Ол музыка маманы Балтабайға үйірме ашып беріп, жақсы қолдау көрсеткен. Қылқобыздан сабақ берген Балтабай ұстаздың алдынан Қазақстанның халық артисі Дулыға Ақмолда, оның інісі Саян Ақмолда сабақ алған.

Шебер 25 жасынан бастап қазақтың ұлттық аспабы – домбыра жасаумен тұрақты шұғылданып келеді. Ақсақалдың алтын қолынан қаншама бағалы домбыралар жасалып, шеберлігіне қанша ел таңдай қақты десеңізші! Кейінгі жылдары сарысулық ақсақал қос домбыра жасаумен де ерекшеленіп жүр. Қос домбыраның құны 65-70 мың теңге көлемінде. Шеберді іздеп Түркістан, Қызылорда облыстарынан және өз өңіріміздің алыс аудандарынан келетіндер қатары аз емес.

– Домбыраны жасаған сайын қуанамын. Бір домбыраны толық жасап шығуға шамамен 10 күн уақыт кетеді. Сонда айына 3 домбыра жасап шығуға болады. Аспаптың сапасына ерекше мән беремін. Домбыра жасауға көбінесе жеміс ағаштарын пайдаланамыз. Себебі, олар жақсы иіліп тұрады. Өрік, жаңғақ ағаштарымен қатар, қызыл ағаш, қайыңнан да сапалы аспап әзірлеп шығуға болады. Менің қолымнан шыққан домбыралар сапасына қарай 35 мың теңгемен 110 мың теңгенің шамасында. Қазіргі таңда Алмас деген немерем жолымды қуып, домбыра жасай бастады. Тараз қаласында пәтер жалдап, домбыра жасаумен айналысып жатыр, – дейді Б.Дәуірбеков.

Балтабай Бекболұлының отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегері. Асыл жарының да жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі көп.

Балтабай Дәуірбековтің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білім беру ісінің үздігі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support