- Advertisement -

«Қарақыз» деп еркелетуші еді…

87

- Advertisement -

Театр өнерінде толқын – толқынға жалғасады. Алдыңғы аға буын, орта буын, кейінгі толқын інілер деп жалғасып кете береді. Тоқсан жылға жуық тарихы бар Асқар Тоқпанов театрында да сол дәстүр жалғасып келеді. Жетпісінші жылғы буынның таланты тегеурінді бір топ көрнекті өкілдері – Қарабай Сатқанбаев, Үмбет Әлжанов, Мағзұм Бақытжанов және Спандияр Мұқышев болды. Солардың ішінде менің жаныма жақындауы Спандияр аға еді.

Мен театрға келгенде Спандияр ағаның «жұлдыз» боп жарқырып жүрген кезі еді. «Жұлдыз» деген кейінгі шыққан термин ғой. Театрда ер азаматтар басты рөлде ойнайтын болса «герой» деп, қыздарды «героиня» дейтін. Мен келгенше Спан аға Шекспирден бастап Шерханға дейінгі пьесалардағы басты кейіпкерлердің бәрін дерлік сахналап тастапты. Құдай-ау, қандай рөлдерді сомдамаған. Театрдың бүкіл репертуарын ұстап тұрған үлкен актер бола тұра, ешқандай кеудемсоқтық пен өзім білермендік мен «театрдың басты актерімін» деген сияқты тәкаппарлықтан, пендешіліктен жоғары тұрды. Әркез өзінің шығармашылығын бірінші кезекте ұстайтын, өте қарапайым еді. Алғашқы кезде білмеймін ғой, түсі суық, тұнжырап жүретін сияқты болатын. Сөйтсем, сырты солай болғанмен, ішкі дүниесі тап-таза, жүрегі өте нәзік екен. Менің театрға келгенде шетел классикасында серіктес болып сахнаға шыққан актерім де Спандияр аға болды. Әлі ұмытпаймын, ол Г. Гориннің «Атың өшсін, Герострат» деген пьесасы болатын. Сахналаған режиссер А.Файзуллина. Менің А.Тоқпанов театрындағы тұңғыш рөлім «Герострттағы» Климетина, Спан аға Тиссарфернді ойнады. Алғаш репетицияға өзімше қатты дайындалып әрі қорқып келгенім есімде. «Қалай қабылдар екен, не дер екен? Репликаны дұрыс бермедің деп ұрсып тастай ма» – деп әбден уайымдадым. Уайымдайтыным – орыс мектебін бітіргендіктен, «ң» деген дыбысты айта алмаймын, соған қатты қиналамын. Бірақ алғашқы репетицияда-ақ күдігімнің бәрі су сепкендей жоқ болды. Сахнаға шыққаннан-ақ, өзі барлық сахнаны меңгеріп, мені сол әлемге емін-еркін алып өткендей болды. Алғаш рет театрдың маңдайалды актерімен сахнаға шығып тұрғандықтан, қауіптенгенім де рас, бірақ қасымда Спан ағадай серіктесім болғаны мен үшін жарты бақыт болды. Шынымды айтсам, сахнадағы тұсауымды кескен Спандияр ағатайым еді. Кейін ағаның мінезінің ақжарқын екенін, әзілге, юморға бір иығын беріп тұратынын біліп алған соң еркелеп, білмегенімізді сұрап алып жүретін болдық. Аға мені «Қарақыз» деп еркелететін, жалпы, аға жастарға қамқоршы болатын. Сол жылдары мәдени-ағарту училищесін бір топ жастар бітірдік. Айта кетерлігі, бәрі талантты топ болды. Нұрила, Қарлығаш, Ақылдос Тәжиев, Ержан, Ербол, Мәлік Ақүрпековтер болып бір шоғыр шоқжұлдыздай болып келдік. Егер осы жастар сахнада бір жетістіктерге жетіп жатса, колледжде алған білімдері өз алдына, ал тәлімгер ретінде ұстаз болған Спандияр ағаның еңбегі дер едім. Сол кезеңде театрдың ерекше дәстүрі болды. Жаңадан оқу бітіріп келген жастарға бір-бір аға буын артистерді тәлімгер етіп қоятын. Тәлімгер жас актердің сахнадағы тірлігінен бөлек, өмірдегі тіршілігіне де жауапты болатын. Керек десе, өз баласындай, бауырындай, қарындасындай қамқорлық жасап жүруші еді. Қазір сол күндерді, сол аға-әпкелерімді сағынамын. Ал Спандияр ағаға деген сағынышым жылдар өткен сайын өршімесе, басылмайтын сияқты.

Аға сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Театрда жұмыс істей жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Өзі бұрыннан өлең, достық әзілдер, сатира, әңгімелер жазып жүретін. Кейін драматургияға да қалам тартты. Ең үлкен шығармасы – «Апандағы адамдар» деген трагикомедиясы болды. Аталған пьесасын ағаның 65 жылдығында театрымызда сахналадық. Спектакльді көрермен де өте жылы қабылдады. Бұл шығарма ертеректе жазылса да бүгінгі күнгі жазылмас дертке айналған сыбайлас жемқорлық пен пайдакүнемдік, адамдар арасындағы алауыздық пен сатқындық, парақорлықты ашық сынап, қоғамды осындай дерттің жазылмас обырлығы мен озбырлығынан құтылуға үндейді.

Спандияр аға бізге қарағанда бақыттырақ. Осы театрдың негізін қалаған аға буын халық артистері Ш.Сәкиев, А.Ружеева, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері М.Табанов, Г.Батырғалиевалардың көзін көріп, батасын алып, тіпті сахнада серіктес болып ойнады. Екінші бақыты – театр репертуарындағы ең негізгі басты рөлдерді маңдайынан шертіп жүріп ойнады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Қодар, «Еңлік-Кебекте» – Кебек, «Антта» – Сауран сұлтан, «Сталинге хатта» – Сталин, «Отеллода» – Кассио, «Мен ішпеген у бар ма да…» – Абай, «Гамлетте» – Горацио. Өзінің өмірбаянында айтқандай, осы сахнада 80-ге тарта образ жасаған екен. Бәлкім өнер адамының маңдайына жазылған «шығармашылықтың бақыты» деген осы болар. Ол осындай шығармашылықтың ащы теріне малына жүріп, актердің рөлге деген жанкештілігінің тәтті, ләззатты сезімдерін бастан кешкен бақытты актер болды. Ұлы Абайдың бейнесін сомдау екі актердің бірінің маңдайына жазыла бермес бақ қой. Абайдың 150 жылдығында 1995 жылы Жезқазған қаласында өткен республикалық фестивальде он үш театрдың ішінен Абай бейнесін жарқыратып, толыққанды жасағаны үшін жүлделі «күміс медальмен» марапатталады.

Спан аға қандай рөлге салса да сол кейіпкердің болмысына барлық жан-дүниесімен енер еді. Сталиннен кейін Абайды ойнау, Кебектен кейін Қодарды сахналау үлкен шеберлікті қажет ететіні белгілі. Төрт кейіпкер де бүкіл болмысымен, жан-дүниесімен бір-біріне қарама-қайшы, психологиялық жағынан тіпті үйлеспейді. Спандияр ағаға табиғат шығармашылық адамына беретін барлық ғажайып мүмкіндікті үйіп-төгіп бере салғандай. Бәлкім, біздің қызылкеңірдек болып, табанымыздан таусылып іздеп жүрген талант деген құдіретіміз осы шығар. Ұмытпасам, Спандияр ағаның замандас жерлесі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «кейде оның «жағымсызының» өзі «жағымды» кейіпкерден де асқақ, өр, ақылды. Мәселенки, ол Сталинді елге солай «сүйікті» ғып жіберді. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында театр сахнасынан түспеген Ш. Мұртазаның «Сталинге хат» спектакліне жұрт Спандиярдың Сталинін көру үшін ғана театрға баратын еді», – депті. Осы естеліктерді ағаның «Күнделігінен» оқып, көңіл көкжиегім ашылып, «Ойпырмай, мен қандай аңыз адаммен бір театрда еңбек еткенмін» деп қиялға ерік беріп отырғанмын. Бір кез күнделіктің келесі бір бетіндегі жүрегіңді ышқынтатын мына сөздерге келгенде басқа әлемге кіріп кеткендей болдым.

«Бұл не деген…адам жанын қорлау. Сонда менің 20 жылдық еңбегім қайда қалды? Бұл сұмдық емес пе?! Шындық, әділдік қайда?… Актерлердің ұзақ жылдар бойы төккен терінің өтеуі қайда? Ізденуге тура кеп тұр» деп өшін өлеңнен алыпты.

«Топастарды итермелеп шыңдарға,

Ақылдыны төмендеткен заман-ай!

Айтар сөзді құлақ та жоқ тыңдарға,

Бұрым бұлақ өксиді арна таба алмай.

Жаратсаң да шаң қабады тазыны,

Жетектеген тазы алмас еш аңды!

Не шара бар, солай заман ағымы,

Әділдік жоқ, бәрі-бәрі жасанды!» – деп шерін тарқатыпты.

Ол кезде біз әрине, жаспыз, көп нәрседен хабарсыз едік. Тек білетініміз, көретініміз бұрынғы Спандияр ағаның орнында мүлде басқа адам жүргендей болатын. Ағаның күнделіктерін парақтап отырып байқағаным, соңына қарай ауа райы мен күндердің жылы немесе салқындығы жайына көп назар аударыпты. Бәлкім, адамдардан көрмеген жылылықты табиғаттан іздеген болар. Сондай-ақ, Ариман атты немересінің әр әрекетін, балабақшаға барғанын, мектеп табалдырығын аттағанын, үйге келмей сағындырғанын жіпке тізгендей күнімен, сағатымен күнделікке түсіріп отырыпты. Ариманның домбыра тартқанын, өлең оқығанын, өтірік жылап атасын алдағанына дейін жазып отырған. Бір жерінде осы Ариманнан өзінің жолын қуатынына емеурін білдіргендей болады. Айтса айтқандай, сол Ариман атасының жолын қуып, өнер жолына түсті. Мектеп қабырғасында жүріп «Домалақ ана» спектаклінде Жарықшақ бабамыздың бала кезін бірнеше жыл ойнады. Кейін Абай атындағы колледждің жанындағы актер бөлімін бітіріп шықты. Өткен жылы белгілі режиссер Мұрат Бидосовтың «Санжар Асфандияров» атты төрт сериялы көркем фильмінде күллі түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған, біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың жастық кезеңіндегі бейнесін сомдап шықты. Үміт күткен ұрпағы Спандияр ағаның үмітін ақтап, арманын орындап, өнерін жалғастыруда.

Егер аға ортамызда жүрсе биыл 70 жылдығын дүркіретіп тойлар едік. Дегенмен, ағамыздың артындағы қара шаңырақ театры бар, қара ормандай қазақ елі бар, шаңырағының отын өшірмей отырған аяулы жары Галина әпкеміз бен ұрпақтары бар. Ізін жалғастырып келе жатқан Аримандай талантты немересі тұрғанда оның есімі жарқарап жылдан-жылға жасай береді.

 

Анар САҒЫМБЕКОВА,

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support