Оңай олжаға кенелемін деп опық жеп қалмаңыз
Азаматтарымыздың қаражатын тартып алу үшін алдап-соғып жатқан қаржылық пирамидалармен күресу – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Жыл сайын Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы, оның ішінде интернет-ресурстардағы жарнама, YouTube арналары және мессенджерлер арқылы жүздеген адам осы заңсыз әрекетке ұрынады. 2023 жылы жәбірленушілердің арыздары бойынша қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 3 қылмыстық іс тіркеді. Қаржы пирамидаларының әрекеттерінен облыста 200-ден астам азамат зардап шекті. Тергеп-тексеру барысында, департамент қабылдаған шаралар нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтеліп отыр. Бұл бағытта келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Мысалы, «Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group» қаржылық пирамидасының ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында, сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді.
Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз. Сонымен қатар, қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекетіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-1-бабы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Бұл ретте құзыретті орган қызметкерлері азаматтарды қырағы болуға және өз қаражаттарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырады.
Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары Has Logistic» (ТОО «UpgradeAS») «NWA Fund» «Platincoin», «The Great Tower», «Amanat home» ТК, «Amanat drive» ТК, «Asar baspana» сынды компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Осы және басқа да қаржылық құрылымдардың әрекет аясына миллиондаған адамдар ілігіп, олардың барлығы дерлік маңдай терімен тапқан ақшаларынан айырылғанымен әлемнің әр түкпірінде пайда болатын үлкенді-кішілі халықты шығынға батыратын қаржылық құрылымдардың, дәлірек айтқанда, қаржылық пирамидалардың әрекеті азаймай отыр.
Қаржылық пирамида нарықтық қоғамда кең тараған құбылыс. Осы тақырып әңгіме болғанда, Мавродидің МММ-і, америка олигархы Бернард Мэдоффтің қаржылық алаяқтығына байланысты сот процесі және тағы басқа оқиғалар еске түседі. Қаржылық пирамидалардың құрылымы және іс-әрекеті әлі күнге дейін көпшілік үшін жұмбақ күйінде қалуда.
Халықтың ежелден айтып жүрген «Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деген даналық сөздері адамдардың көп бөлігінің санасына әсер етпегені таңданарлық жайт. Осы жерде мынандай сұрақ туады: неліктен мұндай қаржылық құрылымдар пайда болады және адамдар неге олардың қармағына ілінеді? Мұның себебі төменгі жағдайларға тікелей байланысты.
Біріншіден, өкінішке қарай, халықтың көп бөлігінің экономикалық сауаты сын көтермейді. Екіншіден, ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы айтылғанымен, олардың іс-әрекетіне талдау жасалмайды. Үшіншіден, осы уақытқа дейін «адамдардың еңбектеніп тапқан ақшасын алдай отырып иемденетін қаржылық мекемелердің жұмысына ғылыми тұрғыдан мақсатты түрде экономикалық және математикалық талдау жасалмаған.
Ең бастысы, қаржылық пирамидалардың іс-әрекетінен тек адамдар ғана жапа шегіп қоймайды, сонымен қатар, сол елдің экономикалық жағдайы да төмендейді. Халықтың мемлекеттегі басқа қаржылық институттарға сенімі азаяды. Адамдар артық ақшаларын банктерге салуға, бағалы қағаздар сатып алуға асықпайды. Сөйтіп, кез келген елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын инвестиция көлемі күрт азайып кетеді.
Әдетте қаржылық пирамидалар әлдебір үлкен пайда келтіретін жобаны қаржыландыру мақсатында адамдардың (инвесторлардың) қолындағы артық ақшаларды жинақтайтын коммерциялық мекеме ретінде тіркеледі. Коммерциялық мекемелерге қаржысын құйған адамдар мен мекеме арасында салымшылардың алатын пайдасы жөнінде келісім жасалады. Егер жобаның пайдалылығы салымшыларға уәде еткен пайдадан аз болса немесе пайда жоқ болса, жаңа салымшылардың енгізген қаржысының бір бөлігі бастапқы салымшыларға уәде еткен пайданы қайтаруға жұмсалады. Мұндай жағдайда, белгілі бір уақыт өткен соң жоба банкрот болып жарияланады және кез келген салымшылар қаржылық жағынан зиянға ұшырайды. Тәжірибеден пирамида күйрегеннен кейін барлық жинақталған ақшаның тек 10-15 пайызы ғана жобаға қатысушыларға қайтатынын көруге болады. Өйткені, жиналған ақша тек жарнама мен ұйымдастырушыларға жалақы төлеуге және қаржысын басында құйған адамдардың ақшасы мен пайдасын қайтарып беруге ғана пайдаланылады.
Дегенмен, қаржы пирамидаларының қоғамдағы қаржылық қатынастарда ықпалды екенін және олардың алаяқтық іс-әрекеті тоқтамай отырғанын байқай отырып, осы феноменнің бірнеше әлеуметтік-психологиялық себептерін қарастыруға болады. Біріншіден, кез келген коммерциялық қаржылық мекеменің пирамидаға айналып кетпеуі оны ұйымдастырушылардың ар-ожданының тазалығына тікелей байланысты. Екіншіден, пирамида қармағына жеке адамдардың түсіп қалу ықтималдығы оның бойындағы экономикалық сауаттылыққа тікелей байланысты. Экономикалық сауаты аз адамдарда белгілі дәрежеде құмарлық психология болады. Олардың көпшілігінің «бұл қаржылық үдерісте менің ғана жолым болып қалар» деп ойлайтыны құпия емес. Үшіншіден, қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар әдетте «басты айналдыратын тәтті сөз» шеберлерінен, жасанды «оң» қасиеттері мол субъектілерден тұрады. Олар әдетте «аса мәдениетті», «ізгілік принциптерді ұстанушы», «халыққа қалтқысыз және жанкештілікпен қызмет етуші» және «тығырыққа тірелген адамдарды құтқарушы» ретінде көріне алады және осы «қасиеттерінің» көмегімен адамдарды біржола өздеріне табындырып алады. Кейбіреуінде гипноздық қасиеттер де болады. Төртіншіден, пирамида иелері әрбір адамның психологиялық ерекшеліктерін дөп баса отырып, оның ішкі дүниесіндегі жанын қинаған мәселелерін, қаржы төңірегінде қандай қиындықтарға ұшырағанын дәл аңғарады. Олардың «жемтігінің» көпшілігін қаржылық мәселеде жолы болмаған адамдар құрайды.
Пирамида жасаушылар өз схемаларына мүмкіндігінше көп адамды тарту үшін ойын-сауық форматын кең көлемде қолдана бастады. Олар экономикалық немесе инвестициялық онлайн-ойындарды ойлап тауып, онда ойыншылар жоғары кіріс тауып,табысқа кенелуге шақырады.
Бұл ойын түрлерінде жануарлар, жылжымайтын мүлік немесе басқа активті нақты ақшаға немесе криптовалютаға сатып алуға, инвестициялауға және пайда табуға болатын онлайн-ойындар. Мұндай ойындарды жасаушылар бонустар немесе басқа сыйақы бере отырып, пайдаланушыларды жаңа қатысушыларды әкелуге шақырады.
Мұндай ойынның танымал мысалдарының бірі – «Көңілді балықшылар». Онлайн-ойын сайтында бұл жоба «Кем дегенде сіздің қаржылық жағдайыңызды жақсарту үшін жасалған» деп жазылған. Ол үшін ойынға қатысушылар балықшыларды сатып алуы керек – ойында олардың тоғызы бар. Олардың жарамдылық мерзімі әртүрлі – 20-дан 100 күнге дейін және олар әр түрлі кіріс әкеледі. Балықшылар күн сайын сатылуға тиіс «балықты» аулайды. Пайдаланушылар жалқау болмауы керек, «пайда» күйіп кетпес үшін ойынға күн сайын кіру керек. Содан кейін, белгілі бір мөлшерде виртуалды ақша жиналған кезде, оларды нақты ақшаға айналдырып, шығарып алуға болады. Әрине, шын мәнінде бұл олай емес.
Ұқсас қағидат бойынша жұмыс істейтін онлайн-жобалардың тағы бірі – «Қараңғы ойын», оны жасаушылар күніне 70 пайызға дейін, ал жаңа ойыншыны тартқаны үшін – виртуалды депозитке 20 пайыз пайда табуға уәде береді, танымал «Ферма» ойыны негізінде құрылған «Ақша фермасы» және басқалары да осыған ұқсайды.
«Ақша табуды» бастау үшін ойыншылар сайтта өз деректерін қалдырып, онлайн-ойынға тіркеліп, пайдаланушының келісімін қабылдауы керек, осылайша ресурсқа жеке деректерді өңдеуге келісім беруі керек. Кейбір компаниялар пайдаланушының келісімінде, кейде ұсақ қаріптермен қайтаруға мүлдем кепілдік жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, «Бай құстар» ойынының сипаттамасында «Ұйымдастырушы сізге ойын ішінара қаржы пирамидасының қағидаттарына негізделгенін ескертеді және кез келген уақытта сіз барлық қаражатыңызды жоғалтуыңыз мүмкін, бұл ретте сайт ұйымдастырушысына ешқандай шағым болмайды!», деп жазылған.
Көптеген адамдар бұл ойындарға айтарлықтай мән беріп, олардың айналасында дүрбелең тудырады. Олар егер ойында виртуалды кіріс алсам, нақты шотқа да қаражат түседі деп сенеді. Нәтижесінде ойын ішіндегі «инвестициялық өнімге» сұраныс арта түседі, бірақ одан тыс жерде ойынға қатысушылар ақшаға немесе криптовалютаға сатып алатын бұл «өнімнің» әдетте ешқандай құндылығы болмайды.
Ақшаның да, жаңа пайдаланушылардың да ағыны тоқтаған кезде, ойын жабылады. Салынған қаражатты алу мүмкін емес. Сөйтіп, ойыншы инвесторлар сан соғып қалады. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық схемаларға оқушылар мен студенттер жиі түсіп қалады, олар өздерінің сенгіштігі мен құмарпаздығының салдарынан қаржы пирамидаларына қарсы тұра алмайды. Мұндай кеселден құтылудың жалғыз жолы қаржылық сауаттылықты нығайтып, жеке мәліметтерді өзгеге жариялаудан сақтану қажет.
Сондай-ақ, қатердің алдын алу мақсатында департамент профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді, оның ішінде интернет кеңістігінде және халыққа қатысты түсіндірме жұмыстары тұрақты. Облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Шерхан Пірімқұлдың сөзінше, осы бағытта 2023 жылы қаржылық пирамида белгілері бар 1013 сілтеме бұғатталған.
– Қазіргі таңда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөлінуде, сондықтан департамент тарапынан халық көп жиналатын жерлерде және интернет желісінде қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша бейнероликтер орналастыруда, одан басқа жергілікті және республикалық телеарналарда түсіндіру жұмыстары жүргізулуде.
Облыстағы жоғары оқу орындары мен 23 колледжде және облыс орталығындағы 50 мектепте қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылды, – деді Шерхан Батыржанұлы.
Сондай-ақ, азаматтар Қаржылық мониторинг агенттігінің «Байқа, пирамида!» Telegram боты арқылы компанияның немесе жобаның сайтында қаржылық пирамида белсенділігінің белгілерін тексере алады.
Бір Telegram парақшасынан күніне 5-тен көп сұрау салуға болмайды. Сол үшін азаматтар облыс бойынша сенім телефоны мен анықтамалық электрондық поштасына (info@afm.gov.kz) шағымдар бойынша жүгіне алады.
Ұқсас жаңалықтар
Жазасын өтеушілер дін саласының өкілдерімен кездесті
- 16 қазан, 2024
Тауар таңбасы заңмен қорғалады
- 8 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді