Агросалада айтарлықтай нәтиже бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Президент: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет», – дей келіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген еді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, жыл санап облысымызда ауыл шаруашылығы өнімі артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыста осы саланы дамытуға бюджеттен 77,5 миллиард теңге бөлініп, 11 мыңнан астам шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы аймақтағы 1484 агроқұрылымға 18,7 миллиард теңге несие берілді. Ал, биыл бұл саланы дамытуға 40,7 миллиард теңге қаржы қаралған.
– Өткен жылы өңірдің агроқұрылымдарының күшімен 567,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 97 пайызды құрады. Бұл республикалық көрсеткіште 92,3 пайызды құрап отыр. Таратып айтсам, егін шаруашылығында 336, мал шаруашылығында 230,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал, биыл ауыл шаруашылығында 680,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 105,4 пайызға жеткізу жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 44,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,7 миллиард теңге инвестиция салынған. Ал, биыл ауыл шаруашылығына тартылатын инвестиция көлемін 71,9 миллиард, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынатын инвестицияны 4,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектар алқапқа жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Биыл оны 770 мың гектарға жеткізу межеленген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. «Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 89,3 мың тонна тұқымның бүгінде 68,9 мың тоннасы қолда. Яғни, тұқым дайындығы 77,1 пайызды құрап отыр. Қалған тұқым облысымыздағы және көрші облыстарда тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтары тарапынан толықтырылатын болады.
Көктемгі дала жұмыстарына биыл 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні облыс бойынша әлеуетті таратушы операторларды тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, былтыр қант қызылшасы 10,8 мың гектар алқапқа орналастырылды. Оның 6,2 мың гектары облыстағы қуаңшылық жағдайына байланысты жарамсыздыққа ұшырап, қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Биыл қант қызылшасы алқабын 9,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Одан 384,8 мың тонна өнім алу көзделуде. Ал, қажетті тұқымды облысымыздағы тұқым сатуға аттестатталған 5 шаруа қожалығы тарапынан қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қант қызылшасы дақылының өніміне жергілікті бюджеттен 2,3 миллиард теңге қарастырылды. Қосымша 6 миллиард теңге республикалық бюджеттен сұратылатын болады», – дейді Нұрби Жігітеков.
Су үнемдеу технологиялары өткен жылы 57,3 мың гектарға енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Биыл 65,2 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу көзделуде.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», – деді. Аймақта ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруына да елеулі көңіл бөлінуде. Өткен жылы 1642 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жаңару көрсеткіші 13,1 пайызды құраған, енді биыл оны 10 пайызға жаңарту жоспарланған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», деді. Бүгінде мал шаруашылығы саласында өндірілген ет облыста 2,8, сүт 1,4 пайызға ұлғайып отыр. Мал басында да өсім бар. Есепті жылы өңірдегі жалпы мал саны 4,3 миллион басты құрап, 4,8 пайызға артты. Биыл мүйізді ірі қараны 545 мыңға, қой мен ешкіні 3,8 миллион басқа жеткізу жоспарлануда. Осының нәтижесінде мүйізді ірі қара малының саны 3,8 пайызға, ұсақ мал саны 5,7 пайызға артады. Сондай-ақ, облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басын 40,5 мыңға, асыл тұқымды қой санын 562,2 мың басқа жеткізу жоспарлануда.
Қазіргі таңда жеке секторларды қоспағанда облыс аумағында сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма тіркелген. Оның 53 мың тонналық 24 қоймасы заманауи мұздатқышпен жабдықталған. Бұл қоймаларда 124 мың тонна өнім сақталуда. Биыл 6,7 миллиард теңгеге сыйымдылығы 42 мың тоннаны құрайтын 4 көкөніс сақтау қоймасын іске қосу көзделуде, – дейді басқарма басшысы.
Президент тарапынан қолдау тапқан «Ауыл аманаты» жобасы республика көлемінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аймақта облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жоба өз нәтижесін беріп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 24 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 округті қаржыландыру басталған. Алдын ала жасалған скрининг бойынша 4,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылады.
Бүгінгі күні 19,1 миллиард теңгеге 3273 жоба қаржыландырылған. Атап айтсақ, жылыжайлар салу бойынша 2, мал шаруашылығын дамытуға – 3246, кооперативтердің айналым қаражатын беру бойынша – 16 өтінім, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша – 24 өтінім, мамандандырылған кооперативтер яғни, эко чикен – шағын тауық өсіру фермасын ашу бойынша 1 өтінім түсіп, қаржыландырылған.
Сондай-ақ, өткен жылы 38 округте 33 кооператив құрылып, оларға жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард теңгеге 64 ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен алынған.
– Биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 13,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 1551 өтінімді қаржыландыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспар бекітіліп, ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. 2024 жылы бекітілген округтерде бөлінген қаржының 6,6 миллиард теңгесі мал сатып алуға, қалған 6,6 миллиард теңгесі кооперативтерге, су үнемдеу технологияларына, жылыжайларға, эко чикен мен гидропоникаға және жеке кәсіп ашуға бағытталатын болады, – дейді Нұрби Жігітеков.
Бұдан бөлек, өткен жылы жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 165 жаңа жұмыс орны құрылса, биыл 8,6 миллиард теңгеге 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен қолдана отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында бөлінген 8 миллиард теңгеге 6 жобаны несиелендіру көзделуде. Жоба аясында 110 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсала бермек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді