Жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді

Жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді
ашық дереккөз
Жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді
Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың қатысуымен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының есепті жиыны облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің мәжіліс залында өтті. Әуелі аталған басқарма басшысы Мәди Мәтен өткен жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жайлы есепті баяндама жасады. Баяндамашы айтып өткендей, басқармаға қарасты «Тілдерді оқыту орталығының» 8 аудандағы филиалдарында 43 маман еңбек етеді. Бұдан бөлек, Қордай ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тілдерді оқыту орталығында» 16 маман қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі – 99,1 пайыз. Облысымызда мемлекеттік тілді оқытудың «Жол картасы» әзірленіп, биыл 4050 адамға тіл үйрету жоспарланған. Өткен жылы үш тілде оқыту бойынша 4996 тыңдаушы тегін оқыту курстарына қамтылып, орыс және ағылшын тілін үйрену курстарынан да өтіпті. Басқарма басшысы бірқатар келеңсіздіктерді де айтты. Мәселен, екінші деңгейлі банк, әуежай мен өзге де қоғамдық орындарда берілетін түбіртектер тек орыс тілінде ғана екенін, мұндай кемсітушілікке жол беру қоғамның наразылығын тудырып отырғанына тоқталды. : Мұнан соң Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулет пен Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай тіл және ономастика мәселелеріне қатысты атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Дәуір Дәулет облыс орталығынан Қаратау мен Алатау ауданын ашу туралы жұмыстар да зерделеніп жатқанын айтып өтті. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Сәмен Құлбарақ: «Тараз қаласының тарихын зерттеуге ерекше үлес қосқандардың бірі ғалым Әбсаттар Дербісәлі. Әбсаттар Дербісәліге Тараз қаласынан көше атын берсек, ғалымға деген үлкен құрметіміз болар еді», – деді. Дәуір Дәулет бұл мәселенің заңдылығынан зерделенетінін, назарда болатынын айтты. Облыс әкімі аппаратының басшысы «Қордайда өзге ұлт өкілдері өздеріне моральдық қысымшылық жасалып жатқанын айтып жатыр. Бұл мәселені тез арада ретке келтіріңіз. Барлық жұмыс заң аясында жүрсін», – деп тапсырды аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайға. Жиында Лесбек Құралбайұлы басқарма басшысынан мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде, жекеменшік нысан атауларының өзге тілдерде жазылуына байланысты нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Мәди Мейірбекұлы бұл мәселелер бойынша жоспарлы түрде жұмыс істейтіндерін, бұрынғыға қарағанда тірліктің беті бері бұрылғанына тоқталды. Лесбек Ілебаев жиынды қорытындылай келіп, басқарма басшысына Ассамблея өкілдерін және «Қоғамдық келісім» мекемесінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, түрлі ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілде сөйлеу аясын кеңейте түсу туралы нақты тапсырма берді.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар