Қаламгерлерді қолдау жалғасын табады
Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев аймақтағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен жүздесіп, шығармашылық иелерінің мәселелерін талқылады. Басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған Лесбек Құралбайұлы әуелі аймақтағы мәдени, рухани жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарларын атап өтті.
– Өздеріңіздің мол шығармашылық әлеуеттеріңіз бен тәжірибелеріңіздің халықтың рухани мәселелерін шешуге септігін тигізері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ әдебиетін әрдайым қолдайтынын және қазақ әдебиетінің туындыларын оқырмандарға қолжетімді болуы керектігін үнемі айтып келеді. Осы ретте өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен 24 ақын-жазушының кітаптары басылып шыққан болатын. Ендігі міндет – осы кітаптарды шығарып қана қоймай, оны қалың оқырманға насихаттауды да ұмытпауымыз керек. Осы арқылы жас ұрпақтың сана-сезіміне ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, қоғам болып жастардың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек. Білімнің де, тәрбиенің де кілті кітап екенін дұрыс түсіндіру қажет. Бұл мәселеге сіздердің атсалысуларыңыз қажет деп ойлаймын. Сондықтан, сіздердің туындыларыңызға оқырмандардың қолжетімділігін арттыру керек, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы.
Сондай-ақ, Лесбек Құралбайұлы өз сөзінде биылғы жыл да өңір тарихы үшін атаулы күндерге толы екенін, арғы тарихтан аты мәшһүр Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдығынан бастап, Кенен Әзірбаев, Тұрар Рысқұлов, Шона Смаханұлы секілді ұлт руханиятының біртуар тұлғаларының мерейтойларын облыстың 85 жылдығы аясында атап өту мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленгенін жеткізді. Басқосу барысында қаламгерлер қауымы да сөз тізгіндеп, ойларымен бөлісті.
– Біріншіден, осы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы» ғимаратының іргетасы қаланар тұста бұл әдебиет және өнер музейі болатын шығар деп күткен едік. Себебі, талай жылдан бері аймаққа сондай музейдің қажет екенін үнемі айтып келеміз. Басшылық ауысып кетіп, бұл ұсынысымыз ылғи ескерілмей келе жатыр. Қалай дегенмен өңірге әдебиет және өнер музейі қажет. Өйткені, бізде әдебиетпен қатар өнер қайраткерлері де аз емес. Аудандарда да елеп ескерусіз қалып келе жатқан азаматтарымыз қаншама. Соның барлығы облыс орталығында жинақталса, жақсы іс болар еді. Осы мәселені қолға алсаңыз. Екіншіден, осы ғимараттарды, Тектұрмастағы ескерткіш салынғанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимараты алдында бабалардың мүсіндері бой көтергенде бұл жалпы жұмыстың бастамасы ғана еді. Бірақ оның негізі әлі күнге толық аяқталмай қалды. Ескерткіші бар, бірақ еңбектері қайда? Бір еңбегін білмейміз, не деп мақтанамыз? Ең болмаса солардың көшірмесін, Шығыстану институтымен бірлесіп, көшірмесін болса да алуымыз керек. Сол мәліметтерін алып, халыққа көрсеткенде ғана шын мәнінде Тараздың екі мыңжылдық тарихы айшықталар еді, – деп белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан аймақта аты бар, бірақ заты жоқ тарихи стильдегі нысандардың мәселесін көтерді.
– Әдебиет және өнер мұражайын ашу мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келе жатыр. Ауылдық жерлерде де қаншама ақындар, өнер иелері, тасадағы таланттарымыз бар. Дәл сол секілді театр саласында да небір керемет артистеріміз жетерлік. Осы тұста айта кетсем, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова 13 жыл біздің өңірде абыроймен қызмет етіп, идеологияны көтерген еді. Кезінде Жазылбек Қуанышбаевқа атағын алып берген, Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығын қазақ-қырғыз арасында дүркіретіп атап өткен де сол кісі еді. Өнерге жанашыр, қамқор болған сол майталманның еңбегін елеп, лайықты құрмет көрсетілсе. Әрине, қаламгерлердің мәселесіне құлақ түрген әкімдікке разымыз. Аймақ қаламгерлерінің кітабын шығарып берген Ербол Қарашөкеевке алғысымыз шексіз. Отыз жылда шығармашылық адамдарына жасалған ең үлкен қолдауды көзбен көргеніміз осы. Кеңес заманында қаламгерлердің кітабы осылай шығарылып, қаламақысы берілетін. Сол игі істі отыз жылдан кейін Ербол Шырақпайұлының тұсында бір-ақ көріп отырмыз. Осы іске бастамашы болған бұрынғы облыс басшысы Нұржан Молдиярұлына да алғыс айтамыз. Ендігі таңда биыл облыстың 85 жылдығы қарсаңында жазба ақындардың мүшәйрасы, шығармашылық байқаулары ұйымдастырылса, – деді ақын Шырын Мамасерікова.
Мазмұнды басқосу барысында қаламгерлер театр, музей секілді өңір руханиятының қарашаңырағына айналған нысандардың мәселесінен бастап, қаламгерлерді қолдауға бағытталған ой-ұсыныстарын жан-жақты жеткізді. Жастардың атынан ақын Нұржан Қадірәлі Руми мен Рудакилерден бастап Шығыс жұлдыздары мың жыл жырлаған Тараз қаласында республикалық немесе халықаралық деңгейде поэзия фестивалі ұйымдастырылса деген ұсынысын айтты.
Жиын соңында Лесбек Құралбайұлы әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, шығармашыл қауымға табыс тіледі.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді