Ел экономикасын еселей түсетін болады
Кезінде Қордайдың төлтума дарыны Кенекеңнің, Кенен Әзірбаевтың «Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын...» деп әнге қосқаны бүгінде тура мағынасында жүзеге аса бастады деуге болады. Аудан орталығынан небәрі жиырма шақырымдай жерден, Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы Көкадыр қырқаларының баурайынан аса бағалы кен көздері анықталып, былтырдан бері мұнда ашық әдіспен кен қазу жұмыстары және тау жыныстарының құрамынан алтын айыратын зауыттың құрылысы қатар жүргізілуде.
Аймақтың индустрияландыру картасында жаңадан пайда боған Қордай ауданындағы бұл кеніште бүгінгі таңда екі компания – жер қойнауын зерттеп кен өндіру құқын иеленген «Central Asia Gold Corp» ЖШС және зауыттың құрылысын жүргізуші «Central Asia Gold Production» ЖШС айналысуда. 200 миллион АҚШ доллары көлемінде (2,1 миллиард теңге) инвестиция құйылған жаңа өндірістің алдында құлашты кеңге сермейтін үлкен міндеттер тұр. Көкадыр қырқаларының орта шенінен бөлінген жүз гектарға жуық учаскеде бүгінде тұрғызылып жатқан зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 килограмм алтын құймаларын шығару болмақ. Бұл үшін жылына кемінде жарты миллион тоннаға дейін кен қазылып өңделуі керек болады. Өткен екі жылғы жұмыстар мұнда негізінен алғанда барлау, өндірілген кеннен бағалы металды айыру тәжірибелерін игеру сипатында өтті. Былтыр алтын өндіру технологиясының қанатқақты жобасы сыннан өткізіліп, өндіріске қабылданды.
Кәсіпорынның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін 12 шақырым жерден қуаты 35 киловатт электр желісі тартылып, өндіріс басына 2500 киловаттық арнайы қосалқы станса орнатылды. Сондай-ақ, ұнтақтаушы-агломерациялық кешеннің құрастыру жұмыстары аяқталып, ішкі тораптық жүйелер құрылды, жөндеу-механикалық цехы салынды. Кәсіпорынның құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті өндіріс орындарының өнімдері қолданылуда. Жұмыстар жаңадан басталған бұрнағы жылдың қараша айында «Central Asia Gold Production» компаниясының кәсіпкерлігін қолдау бойынша аймақаралық конференция өткізіліп, онда үш бірдей меморандумға қол қойылған болатын. Осының негізінде өз облысымыздағы «Құрылыс Полимер» ЖШС – полиэтилен пленкаларымен, Тараз құбыр зауыты – құбырлармен, «Talas Invest Companu» компаниясы химиялық жолмен кеннен алтын айыруға қажетті натрий цианидімен қамтамасыз етіп келеді.
– Бұл маңайдағы жер қыртысында алтынның мөлшері бір тоннада 1,75 грамға дейін екені есептелген, – дейді «Central Asia Gold Production» ЖШС директоры Батыр Шалбаев. – Бұл жоғары көрсеткіш. Яғни, бұған жұмсалған шығындар еселеп қайтарым береді деген сөз. Кен ашық әдіспен қазып алынуда, ал өңдеу топырақты үймектеп сілтісіздендіре отырып одан катодтық алтын немесе «Доре» құймасын алуға негізделген. Зауыт жобалық қуатын толық игеріп жылына жарты тоннадай таза алтын өндіруге биылдың өзінде қол жеткізбекші. Осы қарқынмен алар болсақ, Көгадырдың бүгінге дейін зерттелген алтынды кен қоры сегіз жылдың айналасында түгесілетін көрінеді. Сондықтан, осы қормен шектеліп қалмай, өндірісті одан әрі дамытып, компанияның қалыпты жұмыс ырғағын қамтамасыз ету үшін айналадан жаңа кен орындарын ашу жұмыстарын қатар жүргізу ұйғарылып отыр. Киелі Қордай жерінің қойнауларында пайдалы қазбалардың түр-түрімен тұнып жатқаны кешегі кеңес үкіметі кезінде-ақ талай дәлелденген. Топырақ құрамында алтыны бар мұндай он шақты жер аумағы белгілі. Оған қоса мыс, мырыш, қорғасын, никель және уран да бар. Ендігісі Үкімет шешіміне қол жеткізіп, осындай жаңа кен орындарына қосымша барлау жұмыстарын жалғастыру. – Біздің жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген, – дейді ЖШС директоры Батыр Шалбаев. – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «QASAQ» банкі арқылы алынған 1 миллиард 499 миллион теңге несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау келісіміне де қол жеткізіп отырмыз. Бұл туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасына берілген ұсынысымыз облыстық аймақтық үйлестіру кеңесінен қолдау тапты. Ал карьер бастығы Сапар Мыңбаевтың айтуынша, кеніш басында еңбек адамына барынша жағдай туғызылған. Өндіріс он бес күннен вахталық тәсілмен жүргізіледі. Жұмысшылар үшін жүз адамдық жатақхана, асхана, монша жұмыс істейді. Мұнда еліміздің әр шалғайынан, облыс аудандарынан келіп жұмыс істеушілер бар. Оның ішінде жергілікті тұрғындардың үлес салмағы басым. Қазір 150 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген болса, алдағы айларда өндіріс көлемі ұлғайтылып, тағы да біраз адам жұмысқа қабылданғалы отыр екен. Ал жұмысшылардың айлық жалақысы орташа алғанда жүз мың теңгеден кем емес. Өткен жылдың соңына таман, желтоқсан айының 12-сінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен «Central Asia Gold Production» ЖШС кен өңдеу зауытының ашылу салтанаты өтті. Кәрім Нәсбекұлы сондағы құттықтау сөзінде бұл өндіріс орны аудан, облыс қана емес, бүкіл еліміздің экономикасын нығайтуға сүбелі үлес қоса алатындығын айтқан болатын. Шынында да, кеніш толық жобалық қуатына жеткен кезде салықтар және басқа да міндетті төлемдер түрінде жергілікті бюджетке жылына 200 миллион теңгеге жуық кіріс түсіреді екен. Осының өзінен-ақ, Қордайдағы алтын кенішінің кең әлеуеті мен кемел келешегін көруге болады.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді