Әлем жаңалықтары
Нетаньяху үкіметіне қарсы шеру өтті
Тель-Авивте Биньямин Нетаньяхудің үкіметіне қарсы жаппай наразылық шеруі өтті. Жергілікті полицияның сөзінше, оған 100 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Шерушілер үкіметтің ұстанған сот реформасына наразы. Айтуларынша, бұл саясат сот жүйесін әлсіретіп, Үкімет күшін арттыруға бағытталған. Сол себепті олар биліктен Нетаньяхудің отставкаға кетіп, мерзімінен бұрын сайлау өткізуін талап етіп отыр. Айта кетейік, елде билік саясатына қарсы наразылық акциялары екі жыл қатарынан жалғасып келеді.Жаңа салық жүйесі қандай?
АҚШ 29 қаңтарды елдегі салық маусымының ресми басталу күні деп жариялады. Енді дәл осы күннен бастап агенттік өткен жылдың декларацияларын қабылдауға және өңдеуге кіріседі. Салық науқаны кезеңінің соңғы мерзімі – 15 сәуірге дейін 128 миллионнан астам азамат декларация тапсыруы тиіс. Кешіктірілген жағдайда өсімпұл төлеуге мәжбүр болады. АҚШ-тың салық жүйесі федералды, штаттық және жергілікті деп үшке бөлінеді. Әрқайсысының салық салу бойынша өз өкілеттіліктері бар. Мәселен, федералды үкіметтің аймақтық жүйеге араласуына еш құқы жоқ, құзыреті жүрмейді. Сол секілді штаттарда да өзіндік салық жинаушы жүйелер бар. Бұл сала параллельді қағидамен жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір табыс көзінен жалпы және жергілікті деңгейде салық алынуы мүмкін. АҚШ-та салықтан жалтару ауыр қылмысқа жатады. Ол үшін мүлкін тәркілеп, тіпті түрмеге де қамауы мүмкін. Мұндай істерді арнайы салық соты қарайды. Олар заңды және жеке тұлғалардың салық органдарына шағымдары бойынша сот даулары мен төлемдерден жалтару туралы айыптау істерін де бақылауында ұстайды.Газа секторын аштық жайлады
Газа секторының бірнеше өңірін аштық жайлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Олардың дерегінше, ауа райы күрт суытқаннан кейін аймақта жағдай ушыға түскен. Анклавтағы жазықсыз жұрттың нәр татпай, үйсіз-күйсіз босып жүргеніне үш айдан асты. Қазір 300 мың адам қираған ғимараттарды паналауда. Халықаралық ұйым өкілдері қайырымдылық көмек өткізетін жолдарды ашу туралы үндеу жасады. Айта кетейік, осы айда жүк көліктерінің төрттен бір бөлігі ғана межелі жеріне жеткен.Қытай автокөлік экспортынан бірінші орында
Қытай автокөлік экспорты жағынан әлемде бірінші орынға шықты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 миллиондай «темір тұлпар» сыртқа сатылған. Ең қызығы, 2020 жылға дейін көрсеткіш 1 миллионнан да аспайтын. Демек, өткен жыл Қытайдың автоөндірушілері үшін табысты болды.
Сарапшылар бұл қарқынмен Қытайда көлік экспорты 2030 жылға қарай 9 миллионға дейін жетеді деп отыр. Сонда әлемдік нарықтағы үлесі 30 пайызға дейін артады. Қытай автокөлік экспорты бойынша 2021 жылы Оңтүстік Кореяны, 2022-де Германияны басып озды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша бірінші орыннан Жапонияны ығыстырған. Қытайлық автоөндірушілердің табысты болуына билік тарапынан көрсетілетін көмек көп әсер етті. Елде 80-нен аса автоөндіруші бар. Көлік жасап шығарушы компанияларға логистика жағынан қолдау көрсетіледі. Салаға тартылатын қаржы көлемі айтарлықтай ұлғайған. Ал электромобильдермен айналысатын кәсіпорындарға төмендетілген мөлшерлемемен несие беріледі.Apple Samsung-ты басып озды
Ірі смартфон өндірушілер арасында бәсекелестік жылдан жылға күшейіп отыр. Технологиялық алпауыттар 10-14 айда жаңа модельдер ұсынып, тұтынушыларын қызықтыруда. Apple соңғы 12 жылда алғаш рет Samsung- ты көшбасшылықтан ығыстырып, әлемдік смартфондар нарығының басым бөлігін иемденген. International Data Corporation (IDC) өткен жылы әлем бойынша сатылған телефондардың бестен бірін америкалық телефон алыбы өндіргенін жариялады. Samsung 19,4 пайыз нарық үлесін иеленді, одан кейін Қытай телефон өндірушілері Xiaomi, OPPO және Transsion тұр. IDC мәліметтері бойынша өткен жылы шамамен 1,2 миллиард смартфон сатылған. 234 миллионнан астам телефон сатқан Apple компаниясы «ең үлкен жеңімпаз» атанды. Apple жыл сайын оң өсім көрсететін үздік үштіктің жалғыз ойыншысы болып, алғаш рет бірінші орынға шықты. Жады микросхемаларын, смартфондар мен теледидарлар шығаратын әлемдегі ең ірі өндіруші ретінде осы уақытқа дейін бірінші орынды иеленген Samsung үшін көшбасшылықтан айырылу жайсыз жаңалық болды.Жапония – Айға кемесін қондырған бесінші ел
Жапония алғаш рет Айға ғарыш кемесін қондырды. Жапон ғарыш агенттігі қондырғыш модулі Айда екенін айтты. Осылайша Күншығыс елі АҚШ, Ресей, Қытай және Үндістаннан кейін Айға қонған бесінші ел болды. Айды зерттеуге арналған Smart Lander немесе SLIM – жеңіл автокөлікке ұқсас жеңіл ғарыш модулі. Бұл Жапонияның аэроғарыштық барлау агенттігінің ғарыш аппараттарын дәл қондыру технологиясы бойынша 20 жылдық жұмысының жемісі. Миссияның басты мақсаты – Айдың кез келген жеріне қонуға мүмкіндік беретін жаңа қону технологиясын сынау. Қонғаннан кейін ғарыш кемесі Айдың шығу тегі туралы білімді кеңейту үшін топырақ үлгілерін зерттейді, соның ішінде арнайы камераның көмегімен минералдарды талдайды.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді