Салақтық па, салғырттық па?

Салақтық па, салғырттық па?
ашық дереккөз
Салақтық па, салғырттық па?
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халық даналығында. Яғни, әр жердің келбеті сондағы тұрғындардың мәдениетінен, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабар берсе керек. Ал, Тараз қаласы – облысымыздың орталығы. Сырттан келген меймандар да орталық шаһарымыздың кейпіне қарап, Әулиеата өңірі жайлы ой қалыптастырары сөзсіз. Осы тұста назар аудартқымыз келетіні – қаладағы кейбір мекемелердің ғимараттарындағы атауы жазылған ірі жазбаларда әріптері түсіп, тіпті кей нысандардың сыртқы қасбетінің бір бұрышы кетіліп, үңірейіп тұрғаны. Сөзіміз дәлелді болу үшін көзге түскен кейбірін атап өтелік. Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы «Ақпаратты қабылдау және өңдеу орталығының» ғимаратындағы «өңдеу» сөзінің «ң» мен «у» әріптерінің жоқ болып тұрғанына, тіпті бірер жыл болды. Өзі орталықта орналасқан, көптің көзіне түсетін жерде болса да осыншама уақыттан бері ретке келтірілмегені ойландырады. Әлде төрт-ақ әріпті қайта жасатып, жабыстыру аса қымбат тұра ма, көп уақыттан бері соған қаржы жетпей жатыр ма? Қаланың орталығында орналасса да шаһардың көркіне нұқсан келтіріп тұрған тағы бір нысан – «Сеул» кафесінің артында тұрған бұрынғы нан зауыты. Үлкен ғимараттың қараусыз тұрғанына да бірнеше жыл болды. Дәл орталық көше жақтағы терезелері сынып, айдалада иесіз қалған ескі үйге ұқсап тұр. Ал, орналасқан жері – Тараздың үлкен даңғылдарының бірі Төле би көшесінің бойы, орталық алаңның маңайы. Бұдан да басқа «Салтанат» шағынауданында орналасқан «Әсел» дүкенінің жоғары жағындағы сыртқы жабындысы түскен, әл-Фараби көшесіндегі «Ұлболсын ана» моншасының «н»-дан басқа қос әрпі жоқ, соның қасындағы қонақ үйдің «гостиница» жазбасында «ц» әрпі жоғалған. Тіпті, «Тіл туралы» Заңның 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады», делінген. Ал, мұнда әлгі қонақ үйдің сыртқы жазбасы тек орыс тілінде көрсетілген. Белгіленген уақытында көрнекі ақпараттық жазбаларға бақылау жүргізіп тұратын тіл мамандары мұны неге назарға алмағандары түсініксіз. «Салтанат» шағынауданындағы №6 үйдің Шостакович көшесі жақ бетіндегі қабырғасы да сол кейіпте. Дәл соған қарама-қарсы тұрған қонақүйдің де сыртқы көрінісі көріксіз. Осыдан екі жыл бұрын «Таразға тарту» жобасымен облыстың барлық аудандары көне шаһарға алаң, сквер, аллеялар салып берген болатын. Сол тартулардың бірі – Т.Рысқұлов ауданы сыйлаған аллеяда естелік тақтада: «Өсірген ұрпақ аялап, Жүрсінші дейміз саялап. Таразға тарту Құланнан, Естелік болсын саябақ», – деп жазылған бір шумақ әдемі жазба бар. Өкініштісі – әдемі естелік шумақтағы «тарту» сөзінде «т» әрпі түсіп қалыпты. Оның да осындай күйде тұрғанына біраз уақыт болды, бірақ әлі күнге ретке келтірілмеген. Мұндай кемшіліктерді қадағалап, мекеме әкімшілігіне ескертіп отыратын Тараз қаласы әкімдігінде бір жауапты тұлға болуы керек шығар деген оймен сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне хабарластық. – Тараз қаласындағы он бір округке 11 маман бекітілген. Сол мамандар өз округтеріндегі ғимараттардың сыртқы келбетін бақылап жүреді. Егер қандай да бір кемшіліктерді байқаса, архитектор болғандықтан міндетті түрде мекемеге кіріп, әкімшілігіне ескертеді. Олардың кемшілікті жөндеу мүмкіндігіне қарай уақыт белгілеп, сол кезде реттелгенін бақылауға алады. Ал, Төле би көшесі бойындағы «Сеул» дәмханасының артындағы ғимарат бұрын «Таразэнергоорталығы» кәсіпорнына қарасты болған кезде Тараздағы 109 байланыс орталығына тұрғындардың бірі әлгі ғимараттың сырты түсіп жатқанын айтқан. Сол бойынша «Таразэнергоорталығы» кәсіпорнына ескерттік, белгіленген уақытта жөндеді. Қазір ол ғимарат аукционға сатылымға қойылды. Ендігі иесі анықталған кезде толықтай ретке келтірулерін уақыт белгілеп, ескертетін боламыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Аслан Шілдетай. Жалпы, «Кез келген мекемеге немесе жеке кәсіпкерлікке орналасқан жерінің көркіне көлеңке түсірмеу үшін жауапкершілік жүктеле ме?» деген сауалымызды облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасына да жолдадық. Басқарма басшысы Айтқазы Қарабалаевтың атынан хат келді. Онда «2001 жылғы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» №242 Заңының 71-бабына сәйкес, объектілердің қауіпсіздігін және сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етудегі меншік иелерінің мынадай міндеттері бар. Меншік иелеріне объектілерді пайдалану кезінде олардың қауіпсіздігін және тиісінше сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтауға бағытталған объектіні қалпына келтіру, күшейту, қайта салу, реконструкциялау, кеңейту, техникамен қайта жабдықтау, сәулеттік келбетін және қала құрылысы қырларын өзгерту жөніндегі жұмыстарды тек рұқсат ету рәсімдерінен өтудің заңдарда белгіленген тәртібіне, құрылыс, санитариялық өртке, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да міндетті нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыру жүктеледі. Пайдаланушылардың объектіні қиратуына, бүлдіруіне жол бермеу шараларын қолдану, объектіні кейін кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізуді ұйымдастыру міндеттеледі» деп, аталған Заңның 72-бабында да объектіні пайдаланушы күтіп ұстауға міндетті екені көрсетілгенін жазыпты. Заңмен нысандарды күтіп ұстау иелері мен пайдаланушылардың жауапкершілігіне жүктелсе де, қаламызда бірнеше жерлерде орын алған кемшіліктер көптен бері түзетусіз тұр. Осындай олқылықтарды жергілікті әкімшілік тарапынан тұрақты тексеріп, кемшіліктерін түзетуді иелеріне ескертіп отыратын шаралар қолданылса екен дейміз. Қаламыздың көркі, абыройы бәрімізге ортақ болғандықтан жекелеген адамдардың салғырттығына жол берілмесе деген ой бар.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар