Саясат
Римге апарған жол: Президент Италия мен Ватиканға ресми сапармен барды
- author «Ақ жол»
- 22 қаңтар, 2024
- 427
Римге апарған жол: Президент Италия мен Ватиканға ресми сапармен барды
Қазақстан Президенті биылғы алғашқы ресми сапарын Еуропадан бастап, 18-19 қаңтарда Италияға және әлемдегі ең кішкентай мемлекет – Ватиканға барды. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен және Премьер-министр Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақстан–Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компания басшыларымен кездесулер өткізді. Сапардың екінші күні Қазақстан Президенті Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб-пәтерлеріне барды. Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесіп, келіссөз жүргізді. Басқосуда қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты арттыру жайы пысықталып, алдағы әріптестік жайы талқыланды. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді. «Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. «Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен, экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін», – деді Қазақстан басшысы. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды. Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.
Өз кезегінде, Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірді. Достық пейілде өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырып, Италия Президенті Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алды.
КИДЖИ САРАЙЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Киджи сарайында келіссөз жүргізді. «Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар», – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар. Қазақстан Президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ «жасыл» энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Кездесу соңында Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ бірқатар құжаттарға: Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісімге, екі елдің Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға, Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісімге, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешімге қол қойылды.«ҚАЗАҚСТАН-ИТАЛИЯ» ЖИЫНЫНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. «Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен екі есе жоғары. Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан, саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын», – деді Мемлекет басшысы. Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты. «Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді», деді Мемлекет басшысы. Президент жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті. Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды. Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды. Инвестициялық дөңгелек үстел аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Мемлекет басшысы осы күні Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы, Maire Tecnimont компаниясының бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді, NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді, Bonifiche Ferraresi компаниясының бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканға сапармен барып, Рим Папасы Францискпен кездесті. Одан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб-пәтерлеріне барды.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді