Әлем жаңалықары
Уильям Лай – Тайвань президенті
Тайваньдағы президент сайлауында Қытайдан алшақтап, АҚШ-пен байланыс орнатуды ұсынған кандидат жеңіске жетті. Дауыс санау әлі жалғасып жатқанымен, Уильям Лайдың жеңіске жетері сөзсіз. Бұл туралы ВВС агенттігі хабарлады. Басқарушы партияның кандидаты, 64 жастағы Уильям Лай (Лай Циндэ) – Демократиялық прогрессивті партия өкілі. Дегенмен Қытай билігі Лайды «сепаратист» деп атап, Тайвань жұртшылығын Демократиялық партияға дауыс бермеуге шақырған. Уильям Лай Бейжіңге экономикалық тәуелділікті азайтып, АҚШ-пен байланысты жақсартуды қолдайды. Ал оның басты қарсыласы Гоминдань оппозициялық партиясының кандидаты Хоу Юи Қытаймен байланысты нығайтуды ұсынған. Алдын ала есеп бойынша, дауыс берушілердің 42 пайызы Лайға, 34 пайызы Юиге дауыс берген. Тайваньдағы президент сайлауын әлем елдері бақылап отыр. Себебі, тайваньдықтар Қытайдан бөлініп шығатынын мәлімдесе, Бейжің соғыс бастауы мүмкін. Бұған дейін АҚШ Қытай тарапынан қысым жасалса, жанжалға араласуына тура келетінін мәлімдеген болатын.Еурокеңесте сайлау науқаны басталды
Еуроодақ елдерінде Еуропалық кеңес президентін сайлауға дайындық науқаны басталды. Қазір Брюссельде үміткерлердің есімі қызу талқылануда. Олардың қатарын Португалияның бұрынғы премьер-министрі Антониу Кошта, Даниядағы әріптесі Метте Фредериксен, Швецияның экс-премьері Стефан Лёвен мен Еуропалық орталық банктің бұрынғы басшысы, әрі Италияның премьер-министрі Марио Драги толықтырды. Сарапшылар кандидаттар арасында бәсекелестік жоғары дейді. Бірақ жаңа басшының кандидатурасы бірауыздан мақұлданбаса, бұл лауазым Одаққа төрағалық ететін елдің премьер-министріне өтеді. Ал кеңестің қазіргі жетекшісі Шарль Мишель сайлау қорытындысы белгілі болғанша қызметін жалғастыра береді. Айта кетейік, саясаткер бұған дейін Бельгияның премьер-министрі қызметін атқарған. Ал 2019 жылдан бері Еурокеңеске жетекшілік етеді.АҚШ-та инфляция өсті
Энергия мен тұрғын үй бағасының қымбаттауы желтоқсанда АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне алып келді. Енді Федералды резервтік жүйенің инфляцияны 2 пайыздық межеге жеткізуі екіталай. Еңбек департаментінің есебіне сәйкес, тұтыну бағаларының индексі былтырдан бері 3,4 пайызға өскен. Осылайша, желтоқсан айындағы нақты мәліметтер экономистердің болжамынан сәл жоғары болып шықты. Қараша мен желтоқсан аралығындағы инфляцияға негізінен нарықтағы тұрғын үй бағасы әсер еткен. Еңбек департаментінің ресми мәліметінше, баспана құны жарты пайызға және жылдық мөлшерлеме 6 пайызға өскен. Энергия мен азық-түлік бағасы да инфляцияға кері ықпал етті. Елдегі қымбатшылық электорат көңіл күйіне де тікелей әсер етеді. Сарапшылар Джо Байденнің кезінде қалыптасқан жоғары инфляция биыл қарашада өтетін президенттік сайлауда оның жеңіске жету мүмкіндігін азайтқанын айтады.Газада азық-түлік жетіспейді
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирби осылай деп мәлімдеді. Гуманитарлық көмек уақытылы жеткізілмей жатыр. Израиль блокадасынан азық-түліктен өзге жанармай және дәрі-дәрмекті тасымалдау қиын болып тұр. 7 қазанда басталған қақтығыстан 23 мыңнан астам адам опат болды, 2 миллион палестиналық баспанасыз қалды. Аймақта дәрігерлер жетіспей жатыр, медициналық көмек көрсететін пункттердің тек 30 пайызы жұмыс істеп тұр. «Азық-түлік – гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен соңғы сапарында жүк көліктерінің санын көбейту үшін келісуге тырысты. Жүк көліктері жетпейді, қазір екі жүздейі ғана жүріп тұр. Бұл дағдарыспен күресу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді АҚШ ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирби.Шекараны шегендеу – маңызды мәселе
Қырғызстан мен Тәжікстан республикасы үкіметтік делегация төрағалары Қамшыбек Ташиев пен Саймумин Ятимовтың қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын белгілеу және шегендеу бойынша кездесуі өтті. Қырғызстан министрлер кабинеті баспасөз қызметінің дерегі бойынша, кездесу барысында екі мемлекеттің үкіметтік делегация басшылары қырғыз-тәжік шекарасының қалған бөліктерін белгілеу мәселесін талқылауды жалғастырды. Олар Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтік делегациялары жұмыс топтарына ортақ шекараны бекіту және шегендеу бойынша келіссөзді жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырма берді. Тәжікстан мен Қырғызстанның 970 километрге созылатын ортақ шекарасы бар екенін еске сала кетейік. Оған қоса жүздеген шақырым шектесу сызығы әлі анықталып, бекітілмеген. Тараптар кезектесе отырып бір-бірінің аумағында кездесу өткізеді. Желтоқсанда екі ел делегациясының басшылары үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мемлекеттік шекараның 90 пайыздан астамы бойынша келісімге келгенін мәлімдеген болатын.Давос форумы «Х» дертін талқылайды
Дүниежүзілік Давос форумында адамзатқа белгісіз «Х» дерті талқыланбақ. Кездесу 17 қаңтарда өтеді. Оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус қатысады. Жұмбақ ауру жайлы 2018 жылдан бері айтылып келеді. Мамандар оны «Х» дерті деп атап кеткен. АҚШ Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтының басшысы Энтони Фаукидің айтуынша, атаудағы «Х» «тосын», «күтпеген» дегенді білдіреді. Ғалымдар болашақта эпидемияға әкелуі мүмкін белгісіз ауруды осылай атайды. 2018 жылы белгісіз дертті пандемия тудыруы ықтимал қоздырғыштардың тізіміне енгізген. «Белгісіз ауру COVID- 19-дан да қауіпті болуы мүмкін», дейді мамандар.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді