Өндіріс саласының ортақ проблемасы – шикізат пен маман тапшылығы
- author «Ақ жол»
- 16 қаңтар, 2024
- 276
Өткен аптада Парламент Мәжілісіне «Ақ жол» ҚДП-нан сайланған депутат Ержан Бейсенбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулысы партияның өңірлік филиалының ұжымы, мәслихат депутаттары және жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Жиынды «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұханбетәлі Шалқарбеков ашып, аймақтағы ахуалды айтып өтті.
Кездесуде кәсіпкерлер өңірдегі шаруалардың жай-күйін жеткізіп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Былтырғы құрғақшылықтың, ағын су тапшылығының жамбылдық шаруалар үшін қиын соққаны баршаға мәлім. Алты бірдей ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің еккен өнімі су жетпей, қурап қалып, шығынға батқан болатын. Олардың қатарында қант қызылшасын өсірушілер де бар.
«Ел Агро» ЖШС-нің басшысы Мақсат Есбергенов шаруалар қант қызылшасының тұқымын шетелден қымбат баға сатып алатынын айтып, елде тұқым өндірісі жолға қойылса деген мәселе көтерді. Кәсіпкердің айтуынша, шаруалар жерді өңдеп, техника жалдап, қызылша немесе басқа дақылдарды егу үшін қарыз алатынын, өнімін сатып, шығынын жабамыз деп тәуекелге баратынын жеткізді. Бірақ кей жылдарда былтырғыдай шығынға батып қалатынын еске салды.
«Ақ жол» партиясынан Тараз қалалық мәслихатына сайланған депутат, «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС директоры Бауыржан Найзақұлов жүн-тері өңдеу өндірісін дамыту мәселесін көтерді.
Халық қалаулысы барлық мәселелерді шешуге атсалысатынын, қажетті жағдайда Парламент мінберінен Үкіметке сауал жолдайтынын айтты.
Кездесу соңында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауында III орынын иеленіп, партияның байқау жүлдегерлерінің еңбегін топтастырған жинаққа мақаласы енген Мадияр Ералыға кітап тапсырылды.
Отандық өнім өндірушілердің мәселесін көтеріп, өндіріс саласын дамытуға басымдық беріп келе жатқан «Ақ жол» партиясы өңірлердегі кәсіпорындардың проблемаларына назар аударып отырады. Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Алмабекұлы Тараз қаласындағы шыны өнімдерін шығаратын зауытқа барды.
«Достық және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехтарында шыны банкаларды шығаруға арналған екі технологиялық желі іске қосылған. Бір желісі сыйымдылығы 1 литрге дейінгі, екіншісі 2, 3 литр сыйымдылығы бар банка өндірісіне арналған. Зауыт консервілердің кең ассортиментін шығара алады, сондай-ақ жиынтық формаларының жеткілікті таңдауына ие.
Бір айта кететіні, өнімдердің барлығы қалдықсыз өндіріледі. Экологиялық залалсыз шыны шығаратын зауыт тұрғындардан пайдаланылған шыны қабылдау арқылы шаһардың тазалығына да септігін тигізіп келеді. Шыны өнімдер қоқысқа тасталса не топыраққа сіңіп кетпейді, отқа да жанбайды. Ал қайта өңдеуге жіберілсе, пайдасы көп.
Жұмыс сапарының келесі күнінде Мәжіліс депутаты Меркі ауданына барып, «Меркі» шипажайының қызметкерлерімен кездесті.
Емдеу-сауықтыру орталығында білікті дәрігерлер корпусы қалыптасқан. Орта буын медициналық қызметкерлер мен мамандар да өз ісінің білгірі.
Кездесуде шипажай қызметкерлері нарықтағы баға бағамы, кәсіпкерлік салаларына қатысты сұрақтарын қойып, жекелеген өтініш-тілектерін жеткізді.
Бір айта кететіні, «Меркі шипажайында» «Ақ жол» партиясының бастауыш партия ұйымы құрылған. Бастауыш ұйымның мүшелері сайлау науқанында, басқа да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып келеді.
Жиын соңында «Меркі шипажайы» бастауыш партия ұйымының мүшелеріне Партия Төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің Алғыс хаттары тапсырылды.Бұдан соң Ержан Бейсенбаев «Жастар ресурстық орталығында» меркілік жастармен кездесті.
Кездесуге Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, «Ақ жол» партиясынан Жамбыл облыстық, Тараз қалалық, аудандық мәслихаттарға сайланған депутаттар, партия филиаланың төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков, Дәурен Ахметжаев, Руслан Мырхалықов, Айғаным Шынарбек қатысты.Ауданда, ауылда кәсіп бастап, өз ісін ашып жатқан жастар баршылық. Олардың бірқатары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды пайдаланып, қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлікке бет бұрған.
Кездесуде жастар мобильді аударымдар туралы мәселе көтерді. Лудоманияға қарсы күрес жайлы сөз қозғады.
Сондай-ақ Ержан Бейсенбаев «Меркі қант» зауытына барып, кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен, зауыттың жай күйімен танысты.Жұмысшылардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Қант қызылшасынан өнім өндіретін «Меркі қант» зауытының өндірістік кезеңі келіп түсетін шикізаттың көлеміне байланысты. Шикізат жоқ кезде зауыт жұмысы бірнеше айға тоқтап қалады.
Кездесуде жұмысшылар осы мәселені көтерді. Кәсіпорынның жұмысы алға басу үшін субсидия бөлу жолын қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ жыл өткен сайын зауытқа жас мамандардың келуі азайып бара жатқанын, кадр тапшылығы туындап отырғанын жеткізді.
Жұмыс сапарының үшінші күнінде Мәжіліс депутаты «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Пош-Тараз фабрикасына» барып, өндіріс цехтарын аралады. Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан халық қалаулысы өндірістің проблемаларына назар аударды.
«Ақ жол» партиясының облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұханбетәлі Шалқарбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан Мырхалықов, Бауыржан Найзақұлов өңірдегі жеңіл өнеркәсіпте кездесетін мәселелер туралы сөз қозғады.
«ПОШ-Тараз фабрикасы» ЖШС директорыБауыржан Найзақұловтың айтуынша, бүгінде өндіріс саласындағы ортақ проблема – шикізат және кадр тапшылығы екен. Әсіресе, тері және жөн өндірісінде бұл өзекті мәселеге айналып тұр.
Аталған компания жүнді бастапқы өңдеумен, жүн талшығын дайындаумен, иірілген жіп өндірумен айналысады.
Жаңа цехтарды іске қосқаннан кейін кәсіпорын жүннен қыстық жылы тон, теріден былғары кресло дайындаған. Өндірістің бұл бағытын дамытуға шикізат тапшылығы қол байлау болатын кездер де кездеседі екен.
Бұдан соң Парламент Мәжілісі депутаты Ержан Алмабекұлы Тараз қаласындағы «AVERO» матрац фабрикасына барды.
Іске қосылғанына бірер жыл болған кәсіпорын бүгінде серіппесіз матрац шығаруды жолға қойған. Оның ішінде ортопедиялық матрацтар тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие.
Кәсіпорын басшысы Шахназар Айдарбеков өнім шығаруда тұтынушылардың талаптарын ескеретіндерін айтты. Мәселен, кейбір матрацтар біраз жылдан кейін шеті басылып, сыны кете бастайды. Ал тараздық жиһаз өндірушілер бұл кемшіліктің алдын алудың жолын тауыпты. Арнайы материал қосып, төсенішті ұзақ жыл қолдануға болатындай тәсілмен өнім шығаруда.
Матрац фабрикасын ашқан кәсіпкер сондай-ақ есіктер жасауды да қолға алған. Тұрғындар үшін қолжетімді саналатын түрлерінен бастап, салмағы ауыр, сапалысы да бар. Мұнда шығарылатын есіктердің бір ерекшелігі – жиналмалы болуында. Айталық, есіктің тұтқасы немесе әйнегі бүлінсе, тұтынушы соған тапсырыс берсе, кәсіпорын мамандары тура сол бөлігін жаңасына ауыстырып бере алады.
Кәсіпкер шикізат тапшылығын, матрац және есік жасауға қажетті материалдардың біразын көршілес Ресейден, алыс-жақын шетелден алғызатындарын жеткізді.
Халық қалаулысы кәсіпкерлерді толғандырған түйткілдерді тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді.
Түстен кейін Мәжіліс депутаты «Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалында қоғамдық ұйымдардың басшылары және блогерлермен кездесті.
Кездесуге «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұханбетәлі Шалқарбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан Мырхалықов, партия төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова қатысты.
Жиында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңір бойынша филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова мемлекеттік сатып алуларда кездесетін заңсыздықтар туралы сөз қозғады. Келеңсіздіктер әсіресе, білім саласында көп кездесетінін айтты.
«Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Естаева инклюзивті білім берудің методикасына қатысты мәселе көтерді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға қалада ойын алаңдары жоқ екенін айтып өтті. ІІ-ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға қоғамдық көліктерде жүру жеңілдігі қарастырылса деген ұсынысын жеткізді.Қоғам белсендісі Александр Цой студенттер жатақханасы туралы проблеманы қозғады.
Ержан Алмабекұлы көтерілген мәселелерді шешудің жолын айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді