Шәмшінің әндері шырқалды
«Қазақта әнші көп, бірақта Шәмші жоқ» деген сөздің өзі қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне, өнеріне деген елдің ізетін, көрерменнің құрметін аңғартып тұрса керек. Оның «Арыс жағасында», «Тамды аруы», «Сыр сұлуы», «Дүнген қызы» секілді әндері күні бүгін ретроға айналып үлгергенімен, елдің арасында әлі күнге шырқалып тұрады. Ән-ағаның әндерінен қазақ сахарасының лебі есіп, болмысы байқалып, картинасы көз алдыңа келеді. Бойыңды ыстық сезім, ностальгиялық күй шарпи түседі. Облыстық филармонияның ұйытқы болуымен Шәмші әндері сахна саңлақтарының шырқауында көпшілікке тағы жол тартты. Осы ретте Шәмшінің қарапайымдылығы туралы бір естелік ойға орала кетті. «Мынау «Жібек жолы» базары тұсында сыра дүңгіршегі болатын. Жұрттың бәрі сонда ағылатын. Әлгі жерде кезекте тұрғанымда темекінің иісі қолқамды қапты. Мен әрмен барып тұрдым. Әлдекім «кезегің келді» деді маған бұрылып. Шырамытқандай болдым... Сіміріп салдым да, жөніме кеттім. Кейіннен сыра «кептелісінде» тағы да ұшырастық. Сіріңке сұрайды. Қарап тұрамыз ба әңгімелестік. Шәмшінің нақ өзі. Әңгімеміз жарасқан соң тапталған көгалға жантайдық. Ұзақ сырластық. Кейін баяныма саусағының ізін қалдырды» деп еске алады Мұқаш есімді өнер жанашыры Шәмшімен кездесуін. Баласағұндағы концертте облыстық филармонияның директоры Сәуле Жанпейісова әсерлі әндерді бебеулете шырқаса, өнер адамдары қазақ вальсінің королі атанған Ш.Қалдаяқов туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Жанды дауыста «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», «Қайықта», «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Жаңарған Жамбыл» тағы да басқа танымал әндері орындалды. Бұл күні залға жиналған халық өздерінің Шәмші әндеріне деген ықыласын ду қол шапалақпен байқатып отырды. Осылайша, ән әлемінің корифейіне құрмет көрсетілді.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Биыл Маралтай оқулары республикалық деңгейде өтті
- 4 желтоқсан, 2025
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




