Ұлт денсаулығы – ұдайы назарда
Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген терең ойлы, салиқалы сұхбаты бүгіндері ел арасында кеңінен талқылануда. Онда Президентіміз өткен жылды қорытындылап, соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформаларға, енгізіліп жатқан бағдарламаларға орынды баға беріп, елімізде келер жылдары болатын өзгерістерге талдау жасап, бағыт-бағдарларға көңіл бөлді. Мемлекет басшысының сұхбатында қазіргі қоғамды толғандырып жүрген көптеген мәселелерге сараптама жасалып, мәнді, толық жауап берілген. «Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады.
Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемақы төленетін болды.
Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.
Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені, осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады», деп атап өтті Мемлекет басшысы. Расында да, соңғы кездері еңбек адамына орынды көңіл бөлініп, ел-жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында біраз жағымды істер атқарылуда. Көптеген мамандардың жалақысы едәуір өсіп, зейнеткерлер қамқорлыққа алынуда. Адам өмірі мен денсаулық көрсеткіштерін жақсарту кез келген алдыңғы қатардағы елдердің негізгі бағыттарының бірі. Біздің елде де бұл бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып жатқанын сезініп отырмыз.
Халық денсаулығына бөлінетін қаржы жыл өткен сайын өсіп келеді. Өткен жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2,5 триллион теңге жұмсалды. Еліміздің көптеген өңірінде жаңа емдеу мекемелері пайдалануға беріліп, олар заманауи диагностикалық және емдік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Соңғы жылдары медициналық оңалтуға ерекше көңіл бөлініп, қаржыландыру 13 есеге өсті. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де едәуір өсіп, 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе артқан.
Біздің Жамбыл облысында да халық денсаулығына деген көзқарас орынды қалыптасқан. Өткен жылы облыс орталығында облыстық онкология және хирургия орталығы, Байзақ ауданында аудандық емхана, Меркі мен Қордай аудандарында екі-екіден ауылдық дәрігерлік амбулаториялар және де басқалары халық игілігіне пайдалануға берілді. Өңіріміздің ауыл-аймақтарында да бірнеше фельдшерлік-медициналық кешендер іске қосылды. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету де бірте-бірте жүйелі түрде шешіліп келеді. Алғашқы медициналық көмек беру мекемелерінің қызметін қажетті дәрежеге көтеріп, тиімділігі мен сапасын жақсарту бағытында жоспарлар жасалды.
Алдағы жылдары облыс орталығында облыстық инфекциялық аурухана, облыстық перинатальдық және облыстық көпсалалы аурухана, Жаңатаста және Сарыкемерде аудандық орталық аурухана, аймақтарда бірнеше ФАП, ауылдық дәрігерлік емхана құрылыстарын бастау жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, олардың барлығы халқымыздың денсаулығын жақсартуға бағытталған игіліктер.
Президентіміздің сұхбаты еліміздің дамуының алдағы жоспарларына қатысты бағыт-бағдарды айқындап берді. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, көпшілік болып сол алға қойылған күрделі мәселелерді қолдап, іске асыру бізге парыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді