- Advertisement -

Кәмелетке толмағандар қылмысы: колледждер көш бастап тұр

29

- Advertisement -

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Басқосу барысында былтыр жасөспірімдерге қатысты жасалған жүзден аса қылмыс тіркеліп, оның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыс саны 29 дерекке өскендігі айтылды. Сала мамандары мәселені жан-жақты талқылап, алдын алу жұмыстарына қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Жиынға төрағалық еткен Нұржан Сәбитұлы алдымен кәмелетке толмағандардың қатысуымен былтыр 92 қылмыс тіркелгенін, сол секілді суицидтің алдын алу шаралары да түбегейлі нәтиже бермей отырғанын атап өтіп, кеңес жоспарын бекіту барысында тиімді ұсыныстарды талқылаудың маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

Мұнан соң сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек былтыр қылмыс жасаған 92 жасөспірімнің 4-і жоғары оқу орнында, 29-ы мектеп қабырғасында, ал басым көпшілігі, яғни 53-і колледждерде оқитынын, сонымен қатар алтауы еш жерде оқымайтындығын алға тартты. Өз сөзінде Аслан Еділханұлы тіркелген деректерді талдау кезінде жұмыссыздықтың өсуі, ата-аналар жауапкершілігінің аздығы сынды бірқатар мәселелер аталған көрсеткіштің өсуіне себеп болып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол синтетикалық есірткі заттарын университет қабырғаларына да жарнамалап кететіндерді тілге тиек етті. Десек те, А.Тұрлыбек қазіргі шаралардың тиімділігі төмен екенін айта келе, жасөспірімдердің мәселесі тек университеттің шеңберінде ғана емес, білім, денсаулық сақтау басқармалары мен колледж, мектептердің бірлесіп әрекет етуін қажет етіп отырғандығын жеткізді. Алдын алу жұмыстарын мектеп қабырғасынан қолға алмаса, ол колледж, жоғары оқу орнында үдей беретінін ашып айтты.

Өз кезегінде облыс әкімдігіне қарасты білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев жасөспірімдер мәселесін жан-жақты зерделеу жұмыстарына психолог- ғалымдарды тартудың маңыздылығына тоқталды. Былтыр жыл басынан кәмелетке толмағандарға арналған іс-шараларды жіпке тізіп айтып өткен ол, қылмыс көрсеткіштерін де тілге тиек етті.

– 2023 жылдың 12 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,1 пайызға кеміді. Алайда, атқарылған жұмыстарға қарамастан, жыл қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 125 қылмыс тіркелген, яғни 17,9 пайызға өскен. Оның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыс санаты 24-тен 53-ке, яғни 29 дерекке өскен. Бұл балаға бақылаудың жоқтығынан орын алып отырған мәселе. Осы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыстарын бастады. Жұмыстың нәтижесі ретінде ақпан айында облыстық форум өткізу жоспарлануда.

Бүгінгі күні колледжішілік есепте тұрған 267 , полиция бөлімінің есебіндегі 93, тұрмысы қолайсыз отбасыларында тәрбиеленетін 64 студентпен профилактикалық жұмыстар жалғасуда,–деді Мұхит Аманқұлұлы.

Оған қоса, салалық басқарма басшысының міндетін атқарушы өз сөзінде кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсау, мінез-құлық белгілерін ерте анықтау және олармен әрі қарай жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмін әзірлеу және бекіту жөніндегі тапсырмаға сәйкес қолға алынған «Бестерек» жобасы барлық білім ошақтарында жүйелі жүргізілу үшін аудандар тарапынан қаражат қарастырылса деген ұсынысын жеткізді.

Кеңес отырысында Нұржан Сәбитұлы жыл қорытындысымен анықталған қатерлі топтағы балалармен қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрады. Алайда, басқарма басшысының міндетін атқарушы бұл бағытта орындалған жұмыс әлі 30 пайыздан аспайтынын, мамандар аталған топтағы балалардың психологиялық портреті туралы ақпаратты әлі толыққанды ала алмай отырғандығын алға тартты. Аталған істі аяғына дейін жеткізуге бір ай уақыт берген Нұржан Сәбитұлы жасөспірімдер қылмысы Тараз қаласындағы оқу орындарында болып жатқанына назар аударып, қай білім ошақтары көш бастап тұрғанын сұрады.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, кәмелетке толмағандар қылмысы бойынша «Парасат» колледжі 19 дерекпен алға шықса, одан кейін «Болашақ» және Жамбыл медициналық жоғары колледжінің әрқайсысы 7 дерекпен, «Аспара», Жамбыл политехникалық жоғары колледждерінің әрбірі 5 дерекпен тізімді толықтырды.

Жиын барысында «Парасат» колледжінің өкілі Ақбаян Шыңғысханқызы бұл көрсеткіштің өсуін студенттердің басқа колледждерде немесе мектеп қабырғасында қылмыс жасап, демалыс кезінде аталған білім ошағына ауысуымен байланыстырды. Сол секілді «Болашақ» және жоғарыда аталған басқа да колледж өкілдері қылмыс жасаған жасөспірімдер оқудан шығарылғанын, ата-аналармен жұмыс істеудің қиындығын алға тартты.

Жамбыл облысының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Дәурен Бағжанов ондай жағдайдағы студенттерді оқудан шығарумен мәселе шешілмейтінін жеткізді. Керісінше, баламен профилактикалық жұмысты күшейтіп, дұрыс бағыт-бағдар берудің тиімділігін айтқан Д.Бағжанов аяқталмаған суицид жасаушы жасөспірімдерді де өмірге қайта бейімдеу мен психологиялық шаралардың уақытын ұзартуды ұсынды. Яғни, өз-өзіне қол жұмсамақ болған балалармен 5-10 күн жұмыс жасау аздық ететініне мән берілуі тиіс.

Жиын соңында Нұржан Сәбитұлы колледждердің аталған бағыттағы жұмыстарын күшейтуді тапсырып, кеңес тарапынан оларға жүйелі жоспар керектігін, ал анықталған деректердің басым көпшілігі облыс орталығында орын алғандықтан бұл мәселеге Тараз қаласының әкімдігі де бейжай қарамауын ескертті.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суретті түсірген

Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support