Әлем жаңалықтары
Блинкен Израильге келіссөз жүргізуге келді
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Иордания, Қатар мен Сауд Арабиясындағы келіссөздерден кейін, араб көшбасшыларының Газа секторын қалпына келтіру және ұзақмерзімді бейбітшілік орнату туралы ұсынысымен Тель- Авивке келді. АҚШ пен Таяу Шығыс елдері Израильді Газа секторындағы соғыс қимылдарының қарқынын бәсеңдетуге шақырды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш Нью-Йоркте Газа секторын қайта құру мәселесі бойынша БҰҰ аға үйлестірушісі Сигрид Кагпен кездесу өткізді. Каг бұл қызметке желтоқсанның соңында тағайындалды. Ол палестиналық анклавқа гуманитарлық көмек жеткізуге жәрдем етеді. ЮНИСЕФ хабарлауынша, Газа секторындағы миллиондаған баланың өміріне аштық пен ауру қаупі төніп тұр. Балалар өлімі қаупі артып жатыр. 155 мың жүкті әйел де қиын жағдайда қалды. Израильдің Газа секторына соққылары салдарынан 7 қазаннан бері 20 258 адам мерт болды, тағы 53 688-і жарақат алған.Әлем елдері цифрлық валюта енгізе бастады
Жалпы, қазір сөздік қолданыста электрондық және цифрлық валюта деген ұғым бар. Екеуіне ортақ сипат, екеуі де материалдық емес ақшаға жатады. Ең басты айырмашылығы, электрондық валютаны қағаз ақша қылып шығарып алуға болады. Ал, цифрлық валютаның ешқашан физикалық формасы болмайды. Ресейде кейбір әлеуметтік төлемдер үшін цифрлық рубль қолданыла бастайды. Бұл қаражаттың тиісті мақсатқа сай жұмсалғанын қадағалауға мүмкіндік береді. Үндістан цифрлық валютаны 1 сәуірде енгізеді. Бұл елде қаржылық жыл 1 сәуірден бастап есептеледі. Мамандар «цифрлық рупия цифрлық экономиканы дамытуға жаңаша серпін бермек», дейді. Индонезия да биыл ұлттық цифрлық валютасын сынақтан өткізе бастамақ. Еуропа да цифрлық еуроға көшуге дайын. Осы мақсатта Еуропалық орталық банк еуроның цифрлық нұсқасын жасауға көмектесу үшін 1 миллиард 200 миллион еуро төлеуге дайын екенін жеткізді. Ал, АҚШ-тың Конгресі цифрлық ақшаға қарсы. Америкалық конгресмендер цифрлық доллар арқылы тыңшылық күшеюі мүмкін деп қауіптенеді.Францияда – жаңа премьер-министр
Элизабет Борн дүйсенбіде Францияның премьер- министрі қызметінен кетті. Бұл туралы Елисей сарайының мәлімдемесінде айтылған. Көп ұзамай Франция президенті Эммануэль Макрон елдің жаңа премьер-министрінің атын жариялады. Ол 34 жастағы білім министрі Габриэль Атталь. Енді Франция тарихындағы ең жас премьер-министр Макронға жаңа үкімет құруға ұсынысын айтуы керек. BBC мәліметінше, елде көпшілік бұл тағайындауды президенттің бірнеше саяси жеңілісінен кейін және Еуропарламенттегі мамыр айындағы сайлау қарсаңында (бұл сайлауда Марин Ле Пеннің ұлтшыл партиясы жеңуі мүмкін) Макрон командасының ауысып жатқанын білдіреді деп санайды. Эммануэль Макрон үкіметтің құрамын өзгертуді қажет деп санауы мүмкін деген әңгіме Францияда бірнеше апта бойы жалғасып келген еді.«Қара тізімде» – америкалық компаниялар
Қытай билігі Тайваньға қару-жарақ сатқан 5 америкалық компанияға санкция салды. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды. Ресми Бейжің бұл «Бір Қытай» қағидатын бұзу деп айыптап отыр. Енді «қара тізімге» енген 5 компанияның Қытай аумағындағы жылжымайтын мүліктері мен активтері бұғатталады. Сонымен қатар, олардың ел аумағында бизнес жүргізуіне тыйым салынбақ.АҚШ Айға робот аппарат ұшырды
Бұл – Американың Жер серігін зерттеу үшін соңғы 50 жылда алғаш рет аттандырып отырған ғарыш зонды. Аппарат Айға 23 ақпанда қонуы тиіс. АҚШ «Вулкан» зымыран тасығышымен Айға Peregrine аппаратын жөнелтуді көп жылдан бері жоспарлап келген. Жобаның басты мақсаты – Ай беті мен оның айналасындағы газ қабығын зерттеу. Сондай-ақ, құрылғы көмегімен Айға фотосуреттері бар жадыларды, ойыншықтар мен Эверест тасы сынды коммерциялық жүктерді жеткізіп көрмек. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асырылса, бұл АҚШ-тың 1972 жылы Айға Аполлон ғарыш кемесін қондырғаннан кейінгі сәтті бағдарламасы болмақ. Соңғы жылдары «Ай жарысы» қарқын алды. Мысалы, Қытай «Чанъэ» бағдарламасымен 2019 жылы Айға қонды. Үндістан 2023 жылдың тамызында «Чандраян-3»-пен сапар жасады. Ал Ресей, Жапония және Израиль миссиялары сәтсіз аяқталған болатын.Таяу Шығыста түрлі індет өршіп барады
Газа секторының солтүстігіндегі ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізу жағы қиындады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түрлі індет тарады деп дабыл қағуда. Бірақ, Израиль тарапы шабуылды тоқтатар емес. Газа секторындағы ауруханалардағы жағдай күн сайын нашарлап барады. Израиль күштерінің толассыз шабуылы салдарынан емдеу орындарына дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жетіспей, науқастар қатты зардап шегуде. Бомбалаудан гуманитарлық көмек дер кезінде әрі қажетті мөлшерде жеткізілмей, түрлі індет өршіген. Ресми дерекке сәйкес, қазір Газа секторындағы ауруханаларда 400 мыңнан астам адам емделуде. Әсіресе, тұрғындар арасында қышыма мен желшешек кеселінің таралуы артқан. Тыныс алу жолдары ауруларына шағымданған жандар да көп. Халықаралық ұйымдар қақтығыс жалғаса берсе, індет жаппай тарап, өңірде апатты жағдай орнайды деп ескертіп отыр. Бірақ Израиль тарапы ХАМАС қозғалысын түпкілікті жоймай тоқтамаймыз деп бұған құлақ асар емес.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді