«Құдаша қыз» телехикаясы Қордайда түсірілген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақфильм» акционерлік қоғамының төрағасы Азамат Сатыбалдыны қабылдаған кезінде кино өнерінің көрнекті өкілдерінің еңбегін бағалай келіп, нақты талаптарын да білдірген болатын. Президент кәсіби киногерлермен қатар, ұлттық интеллигенция, аға буын мен шығармашыл жастардың әлеуетін жұмылдыра отырып, аталған саланың қордаланған проблемаларын кешенді әрі дәйекті түрде шешу маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының отандық кинематографияны одан әрі дамыту мәселесі өз бақылауында болатынын айтуы – отандық кино өндірісінің болашағы баянды болатынын көрсетсе керек. Қазіргі таңда отандық фильмдер түрлі телеарналардан және кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр. Оны әркім әрқалай қабылдайды. Дегенмен, бірқатар көрерменнің көңілінен шығып жүрген отандық туындының бірі – «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көрсетіліп жатқан «Құдаша қыз» көп сериалы фильмі.
Бұл фильмнің идея авторлары – Жомарт Көшербаев пен Әйгерім Әуелхан. Ал, қоюшы режиссері – Мақсат Оспанов. Сериалда шетелде білім алған студент Гүлназ (актриса Ақнұр Рахат) оқуын тәмамдап, елге оралады. Диас деген жігіт екеуі көңілдері жарасқандай болып, жазда үйлену тойларын өткізуді жоспарлап та қойған. Алайда, күтпеген жерден мәселе ушығып кетеді. Диастың опасыздығын көріп, оған ашуланған қыз ауылда тұратын әпкесінің үйіне кетіп қалады. Ернат (артист Қуаныш Құдайберген) – ауылда мал дәрігері. Оқуды қызыл дипломмен бітірген білімді жігіт. Ол ауылына келген құдаша қыз Гүлназбен тез тіл табысып кетеді. Гүлназдың сол ауылдағы жездесі Талғат (Нышанбек Жұбанаев) – Ернаттың туған бауыры.
Құда бала мен құдаша қыздың арасында басталған қарым-қатынас уақыт өте келе махаббат сезіміне ұласады. Бұл отбасылық комедия адуынды қайын әпке Бекзаттың (Жұлдызай Дүйсенбиева), Ернатқа тұрмысқа шыққысы келетін ауылдағы дәрігер қыз Балнұрдың (Динара Сұғанақ), құдаша қыздан дәмесі бар ауылдың сері жігіті Дәулеттің қызықты хикаялары арқылы өрбіп отырады.
Бұл фильмде қала мен ауыл өмірі арудың өрілген қос бұрымындай қатар беріліп отырады. Әсіресе, ауылдағы қара шаңырақтағы Бейсен ата (Досжан Жанботаев) пен Шәрбат апа (Гүлжамал Қазақбаева) образдары қазақылықтың қайнар көзіндей әсер береді. Ауылдың барлық құндылықтары осы қасиетті қара шаңырақтан тарап жатады. Фильмнің көңілімізге қонымды тағы бір ерекшелігі, аталған сериалдың Қордай ауданы, Ноғайбай ауылында түсірілгені.
Біріншіден, Қордай жерінің көкорай шалғыны да кино түсіруге қолайлы болса, Алматыға жақын орналасқаны да оң әсерін берсе керек. Тағы бір көңілімізге қонғаны – Бейсен атаның үнемі газет-журналға үңіліп, оның ішінде «Қордай шамшырағы» газетін қолынан тастамай оқып отыратыны. Сериалда білім, руханият, оның ішінде баспасөзге деген құрмет аңғарылады.
Бапкер Талғаттың әкесіне «Қордай шамшырағының» жаңа нөмірін әкеліп: «Жаман ұлыңыз туралы газет жазып жатыр, әке» деп мақтанышпен сөйлеуі көңілімізге қуаныш сыйлады. Бұл – газеттің оқырманға керектігі. Соны байқадық.
Бұл сериалда қазіргі қоғамға, жастарға қажеттіліктің бәрі бар. Жылқышы Жеңіс пен дүкенші қыздың, кейінірек Дәулет пен Балнұрдың арасында тұтанған ыстық сезімнің шынайылығына еріксіз сенесің. Бұл фильмде бірін-бірі ұнатқандар көзге оғаш көрінетін тұрпайы қылықтармен емес, сыпайы қарым-қатынастармен ерекшеленеді.
Фильмде жастардың өзін-өзі дамытуына, ауыл экономикасының жақсаруына қатысты мәселелер білікті жас маман Ернат арқылы беріледі. Ал, жомарттық және қайырымдылық қасиеттерді ауылға аты жайылған кәсіпкер Серғазының бойынан табамыз. Сол секілді намыс пен өжет мінез үлкен компания директоры Ермектің, оның қызы Гүлназдың, ауыл балаларын боксқа баулып жүрген Талғаттың бойынан көрініс береді.
Фильм тазалық пен шынайылық адамды биік мұраттарға жеткізетін жақсы қасиеттер екенін жастарға терең ұғындырады. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, алтын бесігіміз – ауылға жанашырлықпен қарау – фильмнің басты құндылығы.
Аталған сериалды көре отырып, қазақы болмысымызды жас ұрпаққа терең ұғындыратын, ұлағаты мол фильмнің көпшілікке жол тартқанына көзіміз жетті.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді