Екі дос
Мұрагер шанасын сүйретіп сырғанақ тебуге шықты. Жолдан Бейбарыс қосылды. Екі дос көшенің басындағы терең сайға келді Қар түскелі бар бала осында. Сырғанап мəре-сəре болып жатыр. Ойын алаңы у-да шу. Шелектеп су құйып тастаған сырғанақтың беті көк мұз. Күнге шағылысып, балаларды еріксіз елітіп, өзіне шақырып тұрғандай.
Ойынның қызығына түсіп кеткен балалар бірінен соң бірі төмен қарай құлдилап барады. Бірі шанамен, енді бірі құйрығына күлек қапты төсеніш етіп сырғанауда. Бет шымшыр аязды да елең қылар емес. Сай табанына жеткендер өкшесімен жел тіреп, екпіндерін зорға тоқтатуда.
Бұрын Мұрагерді мұнда əпкелері əкеп ойнататын. Алғашында ол қырдан түсуге жүрексінді. Үйреніп алған соң «Сырғанаққа барамыз» деп мазаларын алатынды шығарды. Ал, бүгін ешкімге айтпай досы екеуі келді.
Ересек балалар екеуін бірден ортаға алды. Кезектесіп қырдан шанамен сырғанатты. Мықшыңдап өрге қайта тырмысып шыққан олар:
– Рахат аға, тағы сырғанатшы, – деді көрші баланың жанына барып.
– Рахат ағаның осында болғаны қандай жақсы болды, екеумізді əбден ойнатты. Ертең де осы уақытта келейік, – деді Мұрагер.
– Иə, біз де үлкен болдық қой. Өзіміз-ақ келіп тұрайық күнде, – деп қостады досы Бейбарыс.
Екеуі дөңге қайыра шыққанда балалар пойыз болып, тізбектеліп сырғанағалы жатыр екен. Бұлар да соған қосыла кетті. Бел ортаға келгенде тізбек жолдан шығып кетіп, балалар төмен қарай ұмаржұмар домалай жөнелді. Біреуінің қолы қатты тиіп кетті ме, Бейбарыс жылап қоя берді.
– Жігіт деген жылай ма екен. Ойнап жүріп жылаған баланың басы таз болып қалады. Жылама... – деп Мұрагер досын жұбатты.
– Жүр, кім бұрын қырға шығады екен? Жарысайық, – деді сосын досын ойынға тартып.
– Кеттік, – деп Бейбарыс жасын тыйып, қатарласа берді. Қырға шыққан олар ойынға қайта қосылды.
Бір кезде ересектеу Ерасыл деген бала бəрінің назарын өзіне аударып:
– Қараңдар, мен қазір трюк жасаймын! – деді.
Ол мұны осындағы қыздардың көзіне түсу үшін жасамақ болған еді. Сөйтті де жүгіріп келіп, төмен қарай тікесінен тік сырғанап бара жатып сальто жасады. Бірақ, онысы сəтті шықпай, аяғы аспаннан келіп, мұз үстіне оңбай құлады. Балалар мақтаншақтың бұл ісіне ду күлді. Орнынан əрең тұрған Ерасыл алақанымен жамбасын басып, шетке барып отырды. Мұрагер оны аяп кетті.
– Ақымақ қой ол. Мақтанамын деп, мазақ болды. Бірақ сен ондай іс істеуші болма! – деді. Мұрагер бас киімін түзеп, басын изеді.
***
Ертесіне Мұрагер сырғанаққа досы екеуі тағы келді. Мұнда ешкім жоқ екен. Ол шанамен өзі сырғанауға бел буды. – Қорықпайсың ба? Басқа балалардың келуін күтейік те, – деді Бейбарыс. – Неге қорқамыз? Кеше де сырғанадық қой. Өзіміз ойнай берейік, – деді Мұрагер. Сөйтті де шанасымен төмен қарай құлдилай жөнелді. Зымыраған күйі жел үріп тастаған қасат қардың үстінен қарғып өтіп, сай табанындағы кішкене көлшікке тұмсығымен құлады. Қайдан келіп қалғаны белгісіз, іле су бетінен оны көршісі Рахат көтеріп алды. – Саған не айттым кеше? Үлкендерді тыңдамасаң осылай болады, – деді ол басын шайқап. Мұрагер жылаған жоқ. Кеше Бейбарысты жұбатқанда айтқан сөзі есіне түсті. Бейбарыс келіп шанасын көлденең тартты. Сөйтті де досын шанасына отырғызып алып, үйіне қарай сүйрей жөнелді.Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
- Бүгін, 03:10
Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді