Бақыт кілті
Ертеректе ерігіп отырған бір топ жас ақсақалды ортаға алып:
– Қария, ел осы бақыт кілті деп жатады, сіз оны қалай түсінесіз? – дейді. Сонда әлгі қария салалы саусақтарымен сақалын тарап отырып былай деп жауап беріпті:
– Қарақтарым, бақыт кілті деген кең ұғым. Оны әркімнің жүрген жолы, артында қалған шуақты іздерімен өлшеген орынды. Егер бақыттың кілтіне ие болғыларың келсе, кез келген мамандықтың соңынан жүгіре бермей, өздерің ұнатқан, елге пайдалы, бейімдерің бар салаға күш салған жөн.
Байқасаңыз, бұл адамды ойға қалдыратын терең мағыналы жауап емес пе?
Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау нашар, мен орташа,
Бәріміз бір аспанның астындамыз.
Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,
Шайқаңыз осы өмірді жүріп, мейлі.
Ойлаңыз, арзан атақ, сасық ырыс,
Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді, –
деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев адамдар кешкен ғұмыр, өткен өмірге, тындырған ісіне қарап тым шарықтап кетпей, бақылап, байқап, байыппен қарағанды жырлайды. Ақын осы өлеңі арқылы тарыдай жетістігін таудай етіп көрсеткісі келетін мақтаншақты, байлығы мен мансабына мастанған тоғышарлықты, өзгелерге тырнақ батырып, құқай көрсететін атаққұмарлықты, өзін-өзі зор санау сынды жиіркенішті әрекеттерді қандауырдай өткір тілмен шенейді.
Соңғы отыз жыл бойы байлық пен барлыққа қол жеткізген талай адамдардың өзгеріп, аспандап, кеуделеріне нан пісіп кеткенін көрдік. Жалпы, байлықтың адамды есіртіп жіберетін қасиеті бар-ау, тегі. Баяғыда бір хан өмір сүріпті. Ол хан өте әділетті, халқына жайлы болыпты. Осы ханның шашын бір шебер шаштараз ай сайын тақырлап алып тұрады екен. Ханның шашын өткір ұстарасымен алған сайын әлгі шаштараз «Халқына жақсылығын аямаған ханның ақылды басынан айналайын, жолыңа құрбан болайын» деп тебіреніп, айналыптолғанады екен. Күндердің күнінде ханның шашын алған шебер аяқ астынан өзгеріп, ханның екі самайын қырып, ханның артына шығып, жүзі қылпылдаған өткір ұстарасы иегінің астына барғанда бір сәт қимылсыз тұрып қалады. Шаштараздың мінезі өзгеріп, қоқиланып тұр. Сол кезде хан да, шаштараздың әрбір қимылын аңдып тұрған оның екі оққағары да демін ішінен алып, «Қазір не болар екен? Селт етсе, ханның тамағына тіреліп тұрған өткір ұстара күре тамырын орып түседі-ау!» деп үрейленеді. Бірер уақыттан кейін ғана шаштараз сабасына түсіп, өз-өзіне келіп, жұмысын әрі қарай жалғастырады. Сонда хан: «Саған не болды? Біздің үрейімізді алдың ғой», – дейді.
– Кешіріңіз, тақсыр, сіздің артыңызға шықсам болды, көзім қарауытып, басым айналып, бойымда батырлық пайда болып ерекше бір күйге түсемін. Өзім де соны түсінбей тұрмын. Дәл жаңа бір сәт сондай халде болдым. Оған не себеп, тіптен білмеймін», – дейді шаштараз. Ақылды хан ойланып-ойланып нөкерлерін шақырып алып, шаштараз тұрған жерді белуардан қаздырған көрінеді. Бір қызығы, сол жерден ат басындай алтын шығыпты. Байқұс шаштаразды сол алтынның буы аз уақыт болсын есіртіп жіберген екен. Бұл нені меңзейді? Бұл байлық пен бақытты алып жүру үшін де мол ақыл, адамгершілік, айрықша зерде, салмақты мінезқұлық керектігін көрсетеді. Рабғузидің (ХІV ғасыр) Адам Ата мен Хауа Ана қиссасында: «Әр кісінің тағдыры маңдайына анасының құрсағында жазылады. Одан асып жақсы да, жаман да бола алмайды», – депті.
Ойлап қарасаңыз, онысы да рас шығар. Әр адамның өмір атты шексіз мұхитта өз соқпағы, өз жолы, өз тағдыры бар.
«Жарық дүниеге келген екенсің – өмірді тіршіліктің жертабандаған өгізі етпей, қыран қанатындағы өнер биігіне көтерген ләзім», – депті немістің ұлы ақыны Генрих Гете. Көзі қырағы халық қазақтың классик жазушысы, дарабоз суреткер Тәкен Әлімқұловтың өмірде өте қарапайым өмір сүргені жайлы жақсы біледі. Тіпті, өзінің туған елі Оңтүстіктегі Созақ өңіріне барғанда алдын ала «мені күтіп алсын», «шығарып салсын» деп қоңырау шалдырмай, біреуге салмақ салмай жолай жолыққан кез келген көлікке отырып (мейлі су немесе жанармай таситын автомашина болсын), тыныш барып, елеусіз қайтады екен. Жазған шығармалары талайдың таңдайын қақтырса да бірде-бір наградаға ілінбей, ешбір атақты дәметпей, бірсыдырғы, қоңыр тіршілік еткені көпшілікті таңғалдырады. «Бақай есеп қанында жоқ жазушы еді» деп замандастары бүгінге дейін еске алады.
Өмірден өткен Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Асанбай Асқараов, Өмірбек Жолдасбеков, Шәмші Қалдаяқов, Шерхан Мұртаза, Хасан Бектұрғанов, Айтбай Назарбеков, Ералы Дадабаев туралы ел аузында талай ғажайып әңгіме-естеліктер өріп жүр, барлығы аса ризашылықпен ойға алады. Кім айтса да, жүректері елжірей олардың ерекше азаматтық қасиеттерін жіпке тізгендей етіп атап отырады. Иә, халықтың алдындағы сый-абырой, құрмет-қолпаштау атақтармен, наградалармен есептелмейтіні бәрімізге аян. Бірақ, ел алдында пәлендей ерен, жанкештілік еңбегімен көрінбейақ, қит етсе сол марапаттаулардан шет қалмайтын пенделердің пейілін, тіпті, психологиясын түсіну қиын. Халық мойындамаған марапаттың несі қадірлі? Біреулердің алдында бет моншағыңды төгіп «сатып» алынған орден мен медаль, атақ кімді бақытқа жеткізеді?
Псевдоғалымдар, лжежазушылыр мен лжеақындар, бос шелектей даңғыраған, шіренгенде үзеңгі үзетін, даңғазалыққа жаны құмар, атақ десе әкесін сатуға дайын тұратын шенеуніктер қазіргі қоғамымызда қаптап жүрау, қаптап жүр. Сол сансыз, сапасыз толып кеткен сырғанақ псевдоғалымдар немесе қолдан жасалған өтірік, шолақ ғалымдар ғой «ғылым» деген қасиетті, қастерлі дүниеге кесапат әкеліп, «ғалым» деген киелі атаққа дақ түсіріп, қоғам алдындағы беделін құлдыратып, жермен жексен етіп, келе-келе мүлдем жоқ қылды. Солар емес пе, «ғылым» деген қасиетті дүниенің төбесіне су құйып, еліміздегі диссертациялық кеңестерді жаптырған. Әрі қарай не болады?
Ғалымдар саны қайдан, кімдермен толығады? Магистрлер мен PhD докторлардың отандық ғылымды алға жылжытуға қауқарлары жетер ме екен? Әй, қайдам-ау...
Көпшілік арасында әзірге күмән көп, күдік мол. Әйтеуір, келе-келе шын ғалымдарды шетелдерден экспорттауға көшпесек жарар еді. Әзірге барлығы күңгірт, бұлыңғыр дүние. Не демейік, болашақ беймәлім, барлығы көгілдір көк сағымға айналып тұр. Уақыт бәрін өз орнына қояр, ертелі-кеш әділеттік жеңер...
Кейде ой қуып, өмірде болып жатқан құбылысқа сын көзбен қарап, өзіңше пайымдап, сараптама жасайсың. Жақсылыққа көңілің шалқып, теріс қылықтарға жаның күйзеледі, жүрегің сыздайды, маңдайдағы қан тамырларың солқ-солқ етіп, қара терге батырады. «Мына сайқымазақ дүние кімнің заманы болып барады?» деп толғанасың. Тірі пенде ойсыз бола ма? Өкініштісі, өмірдің тәттілігін сезіну әркімнің басында бола бермейді екен. Бұл өмірде қыран болып самғап көкте қалықтап, биіктерді бағындырып, немесе қи мен боқ шоқыған қарға болып жер жорғалап мағынасыз, мақсатсыз ғұмыр кешуге де болады. «Бір биік бар, жорғалап жылан да шығады, қалықтап қыран да шығады» деген бабалар сөзінен асыра не айта аламыз. Өмір шындығы солай. Әрине, әркім-ақ «шыққан тауым биік болса екен» деп армандайды. Бірақ, өмірөткел барлығымызға бірдей ондай сый-бақыт, қуанышты, мағыналы ғұмыр бере бермеген, яғни бақыт кілті бұйырмаған.
«Тоқта балам, өмір деген өтпелі, бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді» дегендей, шынымен де қасқағым сәттей өте шығар ғұмырда іс-мінезімен адамдардың жүрегінде ықылас отын жағып, артына өзіндік із қалдырған жарқын бейнелер көз алдыңнан кетпейді. Француздың атақты жазушысы әрі философы Жан Жак Руссо: «Өмір қысқа. Ол қас-қағым сәт… Өмірде тек адам тындырған жақсылық қана қалады. Өмір сонысымен де құнды», деп жазыпты. Ендеше, біз қолдан келе тұра неге біреуге жақсылық жасап, қайырымдылық көрсетуді ұмыт қалдырамыз, бірдеңеден қиналып, көпшіліктен көмек сұрап созған біреудің қолын «көрмейміз», басқалардың басына түскен ауырлығына бейтараппыз, өмір тауқыметіне ұшыраған жанның тағдырына немқұраймыз?
Билікқұмарлық, шенқұмарлық, атаққұмарлық, өзімшілдік, жағымпаздық, дарақылық, даңғазалық басқа ұлтты емес, біздің қазағымызды соңғы кезде неге ішектей айналдырып алды? Неге қомағай пейілмен қанағатшылдықтан ажырап барамыз? Ертеде біреу ұлы ғалым әл-Фарабиден «Бақыт деген не?» деп сұрапты. Сол кезде ол еш қиналмай: «Қанағат» деп бір сөзбен қысқа жауап беріпті. Шынында да барын қанағат ету – үлкен іс. Әттең, ол әркімнің қолынан келе бермейді. Ортамызда «Дәулетім тасып тұрса, 3-4 қабатты әсем сарай-коттеджде өмір сүріп, мінгенім зулап тұрған жаңа, жүйрік көлігім болса, мезгіл-мезгіл шетелде шалқып демалсам, шіркін!» деп күнітүні армандайтындар қаншама? Ойланайықшы, әлде «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер», – деп хакім Абай бекер айтты ма екен?..
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді