Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесі тұрғындарды толғандырып жүрген түйткілдерді оң шешуге және жамбылдық жұртшылықтың әлеуметтік мәселесін ескере отырып, түрлі тарифтік жоспарларды енгізуге арналды. Сондай-ақ, бір жылға тоғысып тұрған мерейтойлар мен айтулы күндерді абыроймен атқару да осы жиында талқыланды.
Басқосуда бірінші азық-түлік және қызмет бағаларын тұрақтандыру шараларына байланысты мәселе талқыланды. Аталған мәселелер бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиев, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы А. Мәдиев, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің директоры М. Қасымов хабарлама жасап, өңірдегі азық-түлік пен баға саясатына байланысты қалыптасып отырған ахуалды барынша түсіндіруге тырысты. А. Нұралиев өткен жылы облыс бойынша инфляция деңгейі 107,5 пайызды құрағанын атап өтті. Ұн, макарон өнімдері облысқа еліміздің солтүстігінен келетін ұн бағасының жоғарылауымен байланысты, басқа да бірқатар тауарлар және жанармай бағасы қымбаттаса, өндіру барысындағы шығындардың артуынан көтерілген. Ал, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының сөзінше, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы былтырғымен салыстырғанда төмендетілмек. Тиісті мекемелермен жүргізілген шаралар арқасында осыған қол жеткіздік дейді. Ай басында нан бағасының 45 теңгеден 50 теңгеге көтерілуі кейбір наубайхана иелерінің өзімбілермендігінен болып отыр деп түсіндірді. Мұндай келеңсіздік енді қайталанбас үшін қаладағы негізгі он наубайхана басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, түсінік жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорының арнайы комиссиясымен өткен жылы жалпы сомасы 1 миллиард 355 миллион теңгеге тауар алынған екен. Бұл қаржыға 4735 тонна көкөніс, 1975 тонна қант, 180 тонна өсімдік майы, 18 тонна макарон, 295 тонна жарма өнімдері, 210 тонна күріш және 11648 тонна бірінші сұрыпты ұн, 1 тоннадан шай және тұз, 23 тонна сүт өнімдері және 1 миллион дана тауық жұмыртқасы сатып алынған. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорының есепшотындағы түрлі жағдайларға қарастырылған 45 миллион теңге бар. Биыл ауылдарға арнайы азық-түлік тиелген автокеруен аттанбақ. Онда жалпы құны 38 миллион теңгенің түрлі тауары болады. Ал Тараз қаласының коммуналдық базарында бүгіннен бастап ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі әр сенбі сайын өткізіліп тұрмақ. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы А. Мәдиев өңірімізде азық-түлік және қызмет көрсету саласындағы баға бағамымен таныстырды. Оның мәліметінше, 2014 жылы өткен жылмен салыстырғанда, жолаушылар көлігінің қызметі – 5,2, жеке көлік құралдары, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары – 8,5, темір жол қызметі – 8,7, тұрғын үй қызметтері 9,1, қоғамдық тамақтандыру – 11,1, денсаулық сақтау қызметі – 13,5, асханалар – 13,5, шаштараздар – 16,8, демалыс, сауық және мәдениет саласындағы қызметтер – 19,9, кешенді демалысты ұйымдастыру – 25, аяқ киім, жиһаз, тұрмыстық техника және сағат жөндеу 20 пайызға өскен. Бағаның өсуіне себеп, өткен жылдың ақпан айында орын алған инфляция мен жанармай бағасының артуы, – деп көрсетті ол. Ал табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің директоры М. Қасымовтың берген мәліметінше, біздің облыс республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда коммуналдық қызметке ең төменгі тариф бойынша ақы төлейді екен. Азық-түлік және бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша хабарламаларды тыңдаған облыс басшысы жоғарыда аталған басқарма және департамент басшыларына қандай да бір іс-қимылды облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын ескере отырып жасау керектігін және жұртшылық мүддесін бірінші орынға қою керектігін ескертті. Сондай-ақ, тарифтер мен бағаларды белгілеуде шекті деңгейден шықпау керектігін қатаң тапсырды. Екінші мәселе – мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуге байланысты болды. Аталған тақырыпта облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Байтелиев хабарлама жасады. Аталған басқарма құны 20 миллион теңгеден асатын сомадағы құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу, құны 10 миллион теңгеден асатын сомада жобалар әзірлеу, құны 5 миллион теңгеден асатын техникалық қадағалау қызметіне және облыс әкімдігінің басқармалары тапсырыс беруші болып табылатын нысандарды салуға бағытталған бюджеттік, инвестициялық жобаларды бірыңғай ұйымдастырушысы болып табылады. Басқарма басшысы биыл кейбір аудан әкімдері мен басқарма басшылары өз өтінімдерін уақтылы өткізбей, бюджет үлестіруді жоспарлауға кедергі келтіріп отырғандығын айтты. Одан өзге де мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру барысында орын алатын олқылықтарды, қателіктерді атап өтті. Аталған әкімдер мен басқарма басшыларына облыс әкімі К. Көкірекбаев жеке-жеке сауал қойып, мәселенің мәнін түсіндіруді талап етті.
Аппарат жиналысында биыл аталып өтетін ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына әзірлік шаралары қаралды. Әзірлік жұмыстарының жоспарымен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Тұрмаханбетова таныстырды.
– Биылғы жыл ерекше мерекелер жылы болып тұр. Біз оны жоғары ұйымдастырушылық және идеологиялық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған мерейтойларға байланысты іс-шаралар жоспары және комиссия құрамы бекітілді. Жоспарға сай барлық аудандар қамтылатын, түрлі форматтағы шаралар өткізілмек. ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған шаралар жетпіс бір тармақтан тұратын бес бағытта өткізілмек. Бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру аудандық деңгейде әлі шешімін таппады. Екінші мәселе – Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдық мерейтойына байланысты. Бүгінде облысымызда 253 майдангер, 2334 соғыс ардагеріне теңестірілгендер, 12 соғыс жесірі мен 7253 тыл еңбеккері бар. Жалпы, осы мерекелік шараға республикалық бюджеттен 267,82 миллион теңге бөлініп отыр. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің бюджетінен соғыс ардагерлері мен жесірлеріне материалдық көмек көрсету үшін 40,8 миллион теңге қарастырылған. Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша мерейтойды өткізудің жобасы әзірленді. Ақындар айтысы, термешілер конкурсы, қазақ күресі, тарихи орындар музейінің және монументтердің ашылуы сынды көптеген шаралар қамтылады, – деді хабарламасында Р. Тұрмаханбетова. Ол сондай-ақ, айтулы мерекелерді атап өтуді тек мемлекеттік мекемелерге жүктемей, оған азаматтық қоғам институттары мен жалпы халық атсалысуы керектігін айтты. Мұнан өзге де ұйымдастырушылық шараларын өткізуге қатысты көптеген түйткілдер мен ұсыныстарымен бөлісті. Облыс басшысы барлық шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі керектігін қадап айтты. Әсіресе, Қазақ хандығының мерейтойы облысымызда ұйымдастырылуы бізге үлкен абыроймен қатар, артылған зор міндет екенін ескертті. Жиынды қорытындылай келе К. Көкірекбаев сенімді ақтап, үдеден шығуға барлық басшыны міндеттеді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді