«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарлан тұлға Тұңғышбай

Тарлан тұлға Тұңғышбай
ашық дереккөз
Тарлан тұлға Тұңғышбай
Әулиеата топырағынан шыққан белгілі тұлғалар аз емес. Солардың алдыңғы сапында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов та бар. Алпыс жыл бойы қасиетті сахнада өнер көрсетіп келе жатқан Тұңғышбай Қадырұлы биыл мерейлі 75 жасқа толды. Ол осынау ғибратты жасқа жай келген жоқ. Өнер мен ғылымды ұштастырып еңбек етті. Жерлесіміз бұл белеске өнертану ғылымының кандидаты, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы атанып жетіп отыр. Әр жылдары мемлекеттік «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталғаны да – жарты ғасырлық толассыз еңбегінің жемісі. Мерейтой иесіне арналған іс-шара Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Салтанатты іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көпшілікпен бірге тамашалады. Тұңғышбай Жаманқұлов осы жолы да жай келе салған жоқ, елге тартуын ала келді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық театрында сахналанып жүрген «Абылай ханның ақырғы күндері» атты қойылыммен жетті. Басты рөлді Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі ойнаса, Бұқар жырау бейнесін белгілі актер Бекжан Тұрыс сомдады. Бұл қойылымның негізгі бөлігінде бар болғаны үш актер ғана өнер көрсетті. Көрермендер бір сәтке бәрін ұмытып, сілтідей тынып, қойылымның әсеріне бөленді. Абылай мен Бұқардың сөз мәнері, елдің болашағына деген толғаныстары көпшілікті бейжай қалдырмады. Қойылым барысында Абылай ханның: «Хан басымнан халықтың тағдыры артық» немесе «Қырық жыл таққа отырғанымда тақымым тақтан емес, аттан тозды», – деген сөздерінен оның қандай деңгейдегі билеуші болғанын аңғара түстік. Абылайдың «Киіз үйдегі халықты кесек үйге кіргіземін» деген арманы өркениет пен үздіксіз дамуға ұмтылысы екенін ұғындық. Бұқар жыраудың да елдің қамын жеп айтқан толғаулары бүгінгі көрерменнің де жүрегін толқытты. Бұл қойылым қазағым деп үлкен өркениетті армандап өткен Абылайдың өмірден өтуімен, оны Бұқардың жыр толғап жоқтауымен аяқталады. Қойылымнан соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сахнаға көтеріліп, мерейтой иесін құттықтады. – Қадірлі Тұңғышбай Қадырұлы! Сізді бүгінгі 75 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын! Сіз бүгін жамбылдық көрермендерге керемет рухани дүние сыйладыңыз. Ой салып, жүректерін қозғадыңыз. Баршаға танымал биік тұлғасыз. Әр кездері Абай, Абылай секілді белгілі тұлғаларды сомдап, образдарын ерекше аша білдіңіз. Өнер білектің күші емес, жүректің ісі. Оны үнемі түсініп келесіз. Қазақ руханияты мен өнеріне сіздің қосқан үлесіңіз зор. Сіздің толассыз еңбегіңіз үшін алғыс білдіре отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт пен береке тілеймін! Сахна төрінде әлі де жаңа рөлдеріңізбен жерлестеріңізді қуанта беріңіз, – деді Ербол Шырақпайұлы. Сондай-ақ, аймақ басшысы мерейтой иесінің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Аталған рухани кештен көпшілік өзіне үлкен ой түйіп қайтқаны анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар