Инвестиция тартудағы индикатор орындалмаған
Облыс әкімдігінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік көрсеткіштердің (индикатор) орындалуы талқыланды. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жүргізген кеңесте қаралған мәселе бойынша облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 513 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Жыл басынан бері 11 айда өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 545,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 97,4 пайызды құраған. Саладағы өсу қарқынының төмендеу себебі металлургия 87,4 пайыз, тамақ өнімдерін өндіру 83,6, мұнай өнімдерін өндіру 67,3, дайын металл бұйымдарын өндіру 55,1 пайыз болып, қосалқы салаларда өнім көлемінің кемуінен орын алған. Ал, өңдеу өнеркәсібінің ішінде химия өнеркәсібінде 105 пайызға, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде 103,8, машина жасауда 134,5, жеңіл өнеркәсіпте 106,7 пайызға өнім көлемі артқан.
Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 6 ауданда, атап айтқанда, Байзақта 101, Жуалыда 100,1, Қордайда 100,1 пайызға, Мойынқұмда 103,6, Сарысуда 103,6 және Таласта 101,2 пайызға артқан. Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу ауданының кәсіпорындары 2022 жылдың қаңтар-қараша айларындағы деңгейге жетпеген.
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің төмендеуі Жамбыл ауданында «Амангельдинский ГПЗ» мұнай өнімдерінің өндірісі азайғаннан, Т.Рысқұлов ауданында «Golden Compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алтын өндірісінің 26,8 пайызға кемуінен, Меркіде «Меркенский сахар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қант өндірісінің 31,3 пайызға төмендеуінен болған. Ресейден арзан бағамен қант келуінің салдарынан кәсіпорын 14 сәуірден 19 қазанға дейін тоқтап тұрған. Шу ауданында да шағын кәсіпорындар өнім көлемін төмендеткен. Тараз қаласында есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 337,3 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, облыс орталығының бұл саладағы жалпы үлесі 61,8 пайызды құраған.
Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандары инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбегендіктен, өткен жылғы нақты көлем индексіне сәйкес көрсеткіш орындалмаған.
– Биыл экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесін 9,3 пайызға жеткізу көзделген. Осы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 108 332 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,1 пайызға артқанын көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуымен биылғы екінші тоқсанның қорытындысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 444,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 122 пайызға артты. Бұл жұмыспен қамтылған адамдар санының өсуіне де ықпал етуде. Биылғы екінші тоқсанда орта кәсіпкерлікте 9238 адам жұмыспен қамтылып, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 103,1 пайызға өскен. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысында шағын және орта бизнес үлесі 20,7 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 267 393,9 миллион теңгені құрады.
Қаржылық қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінде 2023 жылы 1031 жобаны қаржыландыру индикаторы қойылған. Биыл облыс бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 16,1 миллиард теңге қарастырылды. «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша несие сомасы 22 852,6 миллион теңгені құрайтын 629 жоба қаржыландырылды. «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы бойынша кепілдік сомасы 8796,6 миллион теңгені құрайтын 514 жоба кепілдендірілді. «Өндірістік инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 395,1 миллион теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданып, 2 238,4 миллион теңгені құрайтын 8 жобаға қаражат бөлінді. «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша биыл 20 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Жалпы он бір айдың қорытындысында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 33,9 миллиард теңгені құрайтын 1155 жобаға қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге Тараз қаласы мен аудандар арасында қойылған меже 112 пайыз артық орындалды. Мойынқұм ауданында тек 8 жоба қаржыландырылғанымен, несие сомасы 627,2 миллион теңгені құраған. Ал, Талас ауданында 30 жобаның несие сомасы 650 миллион теңгені құраған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде биылғы жылдың басында 205 жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланған болатын. Жалпы бүгінде, 640 жаңа жұмыс орны құрылды, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 5 көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуде. Яғни, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашқан адамдардың үлесін ұлғайту, ауылда жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамындағы жеке сектордың үлесін арттыру, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналасу деңгейін және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың үлесін ұлғайту. Бұл көрсеткіштердің орындалуы жөнінде облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндады.
– Бірінші индикатор бойынша осы жылдың жоспарлы көрсеткіші 45 пайызды құрауы тиіс болатын. Бүгінгі күнге «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде барлығы 6715 адам оқуларын аяқтап, олардың 3032-сі жеке істерін ашты. Жылдық жоспар 45,2 пайызды құрап, артығымен орындалып отыр. Екінші индикатор бойынша биыл ауылдарда 1965 жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің құрылуы жоспарланған. Бүгінгі күнге барлығы 2313 жаңа кәсіпкерлік субъектілері құрылып, жылдық жоспар 117,7 пайызға орындалды. Үшінші көрсеткіш бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамындағы жеке сектордың үлесі 62 пайызды құрау көзделген. Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 3979 кәсіпорын қатысты. Оның ішінде жекеменшік сектордан 3021 жұмыс беруші қатысып, жеке сектордың үлесі 75,9 пайызды құрады. Жоспар артығымен орындалды. Төртінші көрсеткіш бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналасқандар үлесі 80 пайызды құрауы тиіс еді. Жыл басынан бері 3 айлық қысқа мерзімдік оқытуға 1405 адам жолданды. Бүгінгі күнге 184 адам оқуын аяқтап, оның 152- сі тұрақты жұмысқа орналасты. Көрсеткіш 82,6 пайызға орындалып тұр. Байзақ, Жамбыл, Талас және Шу аудандарындағы азаматтар оқуларын 26-27 желтоқсанда аяқтап, алдын ала жасалған келісімшарттар негізінде жұмысқа орналасып, жоспар толық орындалады. Бесінші көрсеткіш бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың үлесін 60 пайызға жеткізу көзделген. Субсидияланатын жұмыс орындарында 7299 адам жұмыстарын аяқтаған, оның 5631-і немесе 77,1 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына 15778 адам жолданды, – деген Еркін Егембердіұлы жоспарланған көрсеткіш толығымен орындалғанын жеткізді.
Айтылған мәселелер негізінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмысты кешеуілдеткен аудан әкімдерінен жөнін сұрап, тиісінше тапсырма берді.
– Аудан әкімдері басқарма басшыларымен бірлесе жұмыс істеп, инвестор тартуды қолға алуы керек. Облыс аймақтарына инвестиция тартылмаса, жағдай қиын болары белгілі. Кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетуге айрықша назар аударылсын. Қысқа мерзімді оқуға қатысатындардың кейбірі тек шәкіртақы үшін келеді. Бірқатары оқуын тәмамдаған соң жұмыс істеп кетпейтінін де көріп жүрміз. Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы керек, осыны қадағалаңыздар, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Күн тәртібінде жоспарланған басқа да мәселелер қаралып, тиісті қаулы қабылданды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді