Батыр Бауыржан ұрпақтары
Жастар – елдің болашағы, жастарды қолдау – мемлекет саясатының бір тармағы. Осыған орай Жуалы ауданында «Біз – Бауыржан ұрпақтарымыз!» атты аудан жастарының форумы өтті. Оған оқушы мен аудан жастары, Ауған соғысы және Семей ардагерлері, аудандағы әскери бөлімнің жас сарбаздары қатысты. Форум Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы композициялық көрініспен басталды. Одан кейін «Қызғалдақ» ән-би ансамблі өнерпаздарының орындауында «Ерліктің туы – Бауыржан!» атты рухты ән шырқалды.
Жастар форумының алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Аудан басшысы өз сөзінде форум қатысушыларына отаншылдық және қазақстандық патриотизмді дамытудың жолдары туралы айтты.
– Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 113 жыл толғалы отыр. Баукең елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет етіп, оны қорғаған қайталанбас қаһарман қолбасшы, ұлағатты ұстаз, терең психолог, əскери саладағы көрнекті ғалым, соғыс туралы көркем əдебиеттің негізін қалаушы. Бір сөзбен айтқанда, Баукең – халқының ары мен намысын арқалаған тарихи тұлға.
Бауыржан Момышұлының өмірі – өнеге, жазған мұралары – патриоттық өсиет. Батырдың «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөздері бар. Отанды сүю, туған елге деген сүйіспеншілік – халқымыздың ежелден келе жатқан тарихи дәстүрі, өмір ережесі.
Жалпы, патриотизм туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» дегені белгілі. Жуалы жерінен елге – үлгі, ұрпаққа – ұран болған талай батырлар мен генералдардың шыққанын білеміз. Оның ішінде, халықтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының есімін мақтанышпен айтамыз. Егер де, біз Баукеңнің қасиеттерін жастарға танытып, оны ел арасында кеңінен дəріптей білсек, тəрбиенің ең ұтымды түрі осы болмақ. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, ол – Тәуелсіз Қазақстан! Мен сіздерді, бойларыңыздағы күш-қуат пен білімдеріңізді қасиетті Отанның игілігі мен мүддесіне жұмсап, шынайы патриотизмнің және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетеді деп сенемін. Бүгінгі форум патриоттық рухтың нығаюына септігін тигізеді деп ойлаймын және шараның жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Жалғас Әлижанұлы.
Айта кету керек, өңірдің жастар форумында сөз сөйлеу құрметіне ие болған азаматтардың барлығы жастарды патриот және елжандылық қасиеттерін дамытуға шақырғаны анық. Атап айтқанда, аталған іс- шарада аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, Ауған соғысының және Желтоқсан көтерілісінің ардагері Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар, аудан аумағындағы «Бауыржан Момышұлы» шекара бөлімшесі және 91678 әскери бөлімінің жауапты әскери қызметшілері жалынды және тәлімді сөздерін залдағы жастарға қаратып айтқаны анық.
Форумның қорытындысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып және өз салаларында үздік жетістіктерге жеткен жастардың бірқатарына барлығы жеті номинацияның аясында дипломдар табысталды. Марапатты аудан басшысы Жалғас Мұртаза салтанатты жағдайда тапсырды.
Өңірдің жастарының жыл қорытындысына арналған форумында жас буынды Отан, туған ел мен жерді сүюге үндейтін патриоттық рухтағы әндер орындалды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді