«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Медицина саласында шешімін күткен мәселе көп

Медицина саласында шешімін күткен мәселе көп
ашық дереккөз
Медицина саласында шешімін күткен мәселе көп
Қазіргі қоғамда өмірдің ағысына, халыққа қызмет көрсету және жәрдемдесу істерінде көптің көңілі тола бермейтін жайт бар. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау саласына деген кері пікір, «өкпе» желдей еседі. Оның себебі неде? Неге біз дәрігер беделін түсіруге әуеспіз? Міне, осы мәселелер төңірегінде бір сәт ой қозғап, осы салада қызмет етіп жүрген дәрігер-маман ретінде қазіргі қоғамда орын алып отырған пікірлерді сараптап көрелік. Елу жылға жуық жұмыс өтілім бар дәрігер ретінде мені соңғы кезде өзін «қоғам белсендісімін», «блогермін» деп, орынды-орынсыз жайттарға килігіп, сенсация іздеп, адам жанының арашашысы дәрігерлердің болмашы бір қателіктері үшін әлеуметтік желі арқылы келеңсіз жайттарды көрсетуге тырысып жүргені қатты мазалайды. Қателіктер жұмыс істемеген адамдарда ғана болмайды деген түсінікті де ұмытқан сыңайымыз бар (Никогда не ошибается тот, кто ничего не делает). Айтыңызшы, кімде қателік болмайды? Таяуда республикалық телеарналарда және әлеуметтік желіде Алматы облысының Талғар ауруханасында болған жантүршігерлік оқиға таратылды. Ауыр дерттен қайтыс болған науқастың туыстары кезекші дәрігер мен орта буын қызметкерлерін ұрып-соғып, таяққа жығып, күштеп мәйітті әкімшіліктің рұқсатынсыз ауруханадан алып кетеді. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда емдеуші дәрігерін атып өлтіріп, соның салдарынан істі болып, сотталған науқас туралы оқиға көпшіліктің есінде. Сол секілді, «жақынымыз қиналып, қатты ауырып жатыр, жедел дәрігерлік көмек керек» деп жедел жәрдем беру стансасына телефон шалып, шақырумен келген дәрігер мен фельдшерді соққыға жыққан содырлар жайлы хабардармыз. Күнделікті өмірден ауыр жазылмас аурудан көз жұмған науқастың сотқар туысы дәрігерге жұдырығын ала жүгіріп, балағаттап, жағасынан алып, халатын жыртып, адамның намысына тиетін ауыр сөздер айтып, қорлап, аурухана ішіндегі есік-терезелерді тепкілеп, сындырып, терезелерін сындырып, мемлекет заттарын қиратып жарамсыз етіп кеткендерді де көріп жүрміз. Сол сәттерде құқық қорғау органдарына телефон шалып, көмекке жүгінген жайлар да болды. Бірақ, ол тірлік көбінесе сиырқұйымшақтанып аяқсыз қалып жатады. Тізіп айта берсек, дәрігерлерді ұрып-соғу, жәбірлеу, қорлау, жала жабу, ар- намысы мен қадір-қасиетіне қолсұғу, дәрiгер немесе медициналық қызметкерлер ұйымы туралы шындыққа жанаспайтын қауесет тарату бірте-бірте кең өріс алып бара жатқаны денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген ақ халатты жандарды қатты толғандырады. Тіпті, еліміздің Мәжілістер палатасында дәрігерлерді қорғайтын заң қабылдау керектігі жайлы бірнеше рет мәселе көтерілді. Бірақ, әзірге дәрігерлердің құқығын қорғайтын заң жоқ. Шын мәнісінде, бүгіндері дәрігерлер азаматтардан жиі зәбір көретіндер қатарына енді. Емделушілердің арасында, орынсыз шу шығарып, дәрігерлермен ұрысып, доқ көрсетіп, мұқатып, жұдырық ала жүгіретін кездері, рұқсатсыз аудио, видео түсірулерді жүргізу, «жоғарыға арыз жазып, сендерді жоқ қыламын», «Гиппократқа ант бергенсің, неге қызметіңді оған сай жүргізбейсің?» деп қоқан-лоққы көрсетіп, жанжал шығаратын оқиғалардың жиі болып тұратыны жасырын емес. Бұрынғы дәрігерлер «Гиппократ антын» берген болар, бірақ қазір ол жоқ. Оны жалпы жұрт біле бермейді. Талап қойған жақсы, орынды да болар, бірақ шектен шығу, яғни тырнақ астынан кір іздеу дұрыс па? Кімде қателік болмайды? «Отырса – опақ, тұрса – сопақ» дегендей, қара бояуды медицина қызметкерлеріне жаға бергеннен қоғам не ұтады? Онсыз да дәрігерлік мамандықтың бедел-берекесі кетіп, елімізде 15 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр емес пе? Қоғамның қыспағына орынсыз түскен дәрігерлер қалай қызметінен абырой алады? Былтыр өзге елдерге (Ресей Федерациясына, Германияға, АҚШ және т.б.) 900 дәрігердің қоныс аударуының басты себебінің бірі дәрігерлерді орынсыз қаралау, сотқа беру, беделіне көлеңке түсіру, ұрып-соғып, атып кетуден емес пе екен? Биылғы 10 айдың өзінде 300 дәрігердің үстінен қаралау арызы түскен. Оның қаншасы, немен біткені әзірге белгісіз. Бірақ, ол қанша дәрігердің жүйкесін тоздырып, медицина саласына барғанына өкіндірді десеңізші. Медицина қызметкерлеріне деген алакөздік, мейірімсіздік, талас-тартыс, дау-дамай қоғамда неге тым өршіп барады? Неге дәрігерлердің беделін түсіріп жібердік? Неге оларға декен көзқарас кері кетіп барады? Ойды ой қозғайды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде (22 маусым 2022 жыл) журналист Қымбат Тоқтамұрат: «Мемлекет қамқор болса, медицина сапалы болады» деген мақаласында «Бала кезімізде мұғалім мен дәрігерден артық мамандық жоқтай көрінуші еді. Ал қазіргі балаларға дәрігер бол десең, ат-тонын ала қашады. Адамзатқа ең қажетті мамандықтың еліміздегі қадір-қасиетін осыдан-ақ бағамдайсың. Мұғалімдердің мәртебесі айқындалды, әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Есесіне дәрігердің статусы мен жағдайын әлі күнге дейін жақсарта алмай отырмыз…» дей келе, қазіргі медицина саласының кемшіліктеріне, сапасына тоқталады да, «бұл, айналып келгенде, дәрігерлердің беделінің төмендеуіне әсер етуде. Жалпы, дәрігердің беделі дегенде бұл іспен алдымен құзыретті орган – Денсаулық сақтау министрлігі шындап айналысу керек» деп орынды байламға келеді. Мақала авторы мұғалімдердің белсенділігі арқасында олар мәртебелерін айқындап, табыстарын едәуір арттырды, ал дәрігерлер – аса белсенді халық емес, әлеуметтік желілерде көріне бермейді, мәселелерін ашық айта бермейді деп дәрігерлердің өзін кінәлайды. Онысына толық келісуге болады. Медицина қызметкерлерінің қазіргі күйі, әлеуметтік жағдайы шынында да мәз емес. Жұмысбастылық пен қағазбастылықтан бас көтере алмай отырған дәрігерлер қалай белсенді болады? Сондықтан болар, базбіреулердің «сендер адамды емдейсіңдер ме әлде қағазды емдейсіңдер ме?» деп сөзбен қағып, мысқылдайтындары бар. Цифрландыру кезеңі елімізге келіп, медицина қызметі арасында «Даму» бағдарламасы енгізілді. Бұл күндері дәрігерді Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «клиникалық протоколға» «байлап» қойды. Одан сәл шетке шықсаң, жоғарыда отырған Емдік сапасын бақылау басқармасы айыппұл салады. Жүйкеңді тоздырады. Дәрігердің барлық ісі компьютерге салған мәліметтермен бағаланады. Бірақ, соған қарамай жылдан жылға қағаз толтыру, есеп беру, мәлімет беру медицина саласында көбеймесе, азаяр емес. Олардан басқа әр жаңа министрдің жаңа реформалар талабы да титықтатып барады. Қазір адамға емес, қағазға сенетін заман болып тұрғаны рас. Емханада қабылдауда отырған дәрігерге әр науқасты қабылдауға орта есеппен 15 минут берілсе, оның 90 пайызы компьютерге қажетті мәліметтерді енгізумен, қағаз толтырумен өтеді. Дәрігердің бұрынғыдай аурумен асықпай сөйлесуге, шағымын тыңдауға, шешіндіріп өкпесін, жүрегін фонондоскоппен тыңдауға, перкуссия жасауға уақыты жоқ. Өйткені, есік алдында кезек күтіп, біреуі жөтеліп, екіншісі демігіп, үшіншісі жөнді дем ала алмай біраз науқас тұр. Олардың біреуін ЭКГ кабинетіне, екіншісін рентген кабинетке, үшіншісін компьютерлік томографияға, төртіншісін қан және зәр анализіне жіберіп әлек болады. Емделушілердің біреуі оған риза, екіншісі қапа болып «дәрігерге ауырып, балтырың сыздап келсең, олар әрі қуып, бері қуып, берекеңді кетіреді» деуі де орынды. Дәрігер олай істемесе жоғарыда отырған бақылау органы қызметкері «сіз «клиникалық протокол» талаптарын толық орындамадыңыз, одан ауытқу бар» деп айыппұл салып кетеді. Содан емхана басшысы әлгі дәрігерге «нашар қызметкер» деп қарайды. Қазақтың «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің» дәл өзі болады. Американдық зерттеушілердің мәлімдеуінше, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жоғары мемлекеттерде хирургтардың 50 пайызы зейнет жасына жетпей өмірден озады немесе инфаркт, инсульт тәрізді ауыр дерттермен ауырып, мүгедек болып қалады екен. Біздің елде де одан еш кем түспейтіні белгілі. Қанша әріптесіміз зейнет жасына жетпей өмірден озды, қаншасы инсульт немесе жүрек инфарктынан мүгедек болып қалды? Оны кім зерттеп, кім көңіл бөліп жатыр? Шындықты айтқан ләзім, бұл күндері ауыл тұрғындары өздеріне қажетті медициналық көмектен мақұрым қалды. Жыл өткен сайын ол жақсарудың орнына төмендеп барады. Өйткені ауылдық, аудандық ауруханаларда дәрігерлер жетіспейді, қажетті диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Қамтамасыз етілсе де оны меңгерген маман жоқ. Сондықтан, облыс орталығына сонау Жаңатастан, Мойынқұмнан бір УЗД-дан, КТ-дан немесе МРТ-дан өту үшін науқастар 200-400 шақырым жол жүруге мәжбүр. Стационарлық емделуге, хирургиялық, гинекологиялық жоспарлы отаға портал алудың да жолы жеңіл емес. Ондай жағдайда қандай сапа болуы мүмкін? Ем алушының жүйкесі сыр беріп, кабинеттен-кабинетке сандалып, әбден титықтап, арыздануға мәжбүр болмай ма? Қалаға келсе оларды емханалар мен ауруханаларда күтіп тұрған медицина қызметкері жоқ. Сарсаңға түскен науқас мемлекеттік емдеу орындарынан күдер үзіп, 4-5 күндік кезекті күтпей жеке медициналық клиникаларға, диагностикалық орталықтарға өз қалтасынан ақша төлеп қаралуға мәжбүр. Өкініштісі, елімізге 2020 жылы енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) жақсылығын әзірге халық көріп, толық сезініп отырған жоқ. Бір ғана мысал. Егер науқас жедел ота жасатып, 3-4 күннен кейін стационардан шығып, жібін алдыруға жергілікті емханаға барса «сақтандыру полисыңыз жоқ, қай жерде ота жасаттыңыз сол ауруханаға барып жібін алдырыңыз» деп көмек көрсетуден бас тартады. Әрине, одан кейін әлгі адам ашуланып, құзырлы орындарға шағымданады, арыз жазады. Бірақ, оған өзі кінәлі екенін мойындағысы келмейді. Қазіргі тәртіп бойынша еліміздің еңбекте жүрген әр тұрғыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына орта есеппен жылына 25-30 мың теңге аудару керек (әр жұмысшының айлық табысының 3 пайызын қызмет ететін мекеме аударады). Соңғы мәліметтерге сенсек, Таразға келіп, жиын өткізген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Жандос Бүркітбаев Жамбыл облысы тұрғындарының 23 пайызы осы күнге дейін МӘМС-ке тіркелмепті, яғни олар жоспарлы түрде ем алуға құқылары жоқ екенін ашық айтты. Әрине, оларға емханадағы дәрігерлер көмек көрсетуден бас тартады. Оған емхананың дәрігерлері кінәлі ме? Жоқ, олар заң талабы бойынша қызмет атқаруда. Бірақ, соған қарамай, әлгі науқас пен оның туыстары мәселенің соңына дейін бармай шағымданып, арыздана бастайды. Барлығына дәрігер кінәлі, қажетті көмек көрсетпеді деп есептейді. Әлбетте, ол өзінің қажетті заңдарды білмейтінін, сауатсыздығын мойындағысы келмейді. Содан кейін «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген принциппен арыздана бастайды. Бұған қатардағы дәрігері кінәлі ме? Медициналық сақтандыру енгізген елдерде полисың болмаса, ақысыз тіпті жедел медициналық жәрдем бермейді. Заң талабы сондай. Ал, бізде көпшілік соны әлі түсінбей келеді, бұрынғы Кеңес заманындай барлығын ақысыз алғысы келеді. Ол келмеске кеткен заманды ұмыту керек! Жаңа талаптарды біліп, содан кейін ғана шағымдануға болады. Бұрынғы әр аудандық аурухана жанындағы «жедел медициналық жәрдем» («103») стансалары о сыдан 5-6 жыл бұрын «оңа лттырамыз, тиімділігін арттырамыз, жаңартамыз» деген жаңашыл реформаторлардың бұйрығымен облыс орталығындағы «Жедел жәрдем орталығына» біріктірілді. Енді кез келген «103»-ке түскен шақырту облыс орталығындағы «Жедел медициналық жәрдем» стансасының диспетчеріне түсіп, соның шешімімен аудан орталығындағы «Жедел жәрдем» көмекке барады. Оған қанша уақыт керек, бір Құдай біледі. Мысалы, Мойынқұмнан Таразға, одан кері Мойынқұмға хабар жеткенше қиналып жатқан науқастың туыстары әрине, шу көтереді, дәрігерлерді қаралайды. Оған жергілікті дәрігерлер кінәлі ме? Бұл қазіргі өмірден бір ғана мысал. Басқасы қаншама? Бұл күндері қай қалаға барсаңыз да, мемлекеттік емдеу орындарына қарағанда, жекеменшік медицина мекемелері сан жағынан басым. Олар да мемлекеттен миллиондаған теңге алып, мемлекеттік медицина мекемелерімен тайталасып отыр. Жақсы, сауатты, тәжірибесі мол дәрігерлерді өздеріне шақырып, жалақыларын көтеріп, дәрігерлік көмекті жақсартуға, елді өздеріне көбірек тартуға үнемі әрекет жасап келеді. Онысы да дұрыс шығар. Бірақ бұл бөлінген мемлекеттік қаржыға таласып, медициналық көмекті ақшалай көрсетіп, онсыз да қиналып, сіңірі созылып жүргендердің қалтасын қағу емес пе? Неге жыр болған әлеуметтік міндетті медициналық қордың мүмкіндігін пайдаланбасқа? Неге қорға үлес қосқан пациент қажетті ем ала алмайды? Мұндай саясатпен қызмет ете берсек, мемлекеттік медицина мекемелері бірте-бірте құлдырап, біразы құрдымға кетпей ме? Неге мемлекетіміздің мүмкіндігін пайдаланып, медицина қызметкерлерінің жалақысын, жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салмайды? Медицина қызметкерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесі көп жағдайда неге шешілмей келеді? Бұрын, бір ұсынысымызда жаңадан салынып жатқан аурухана маңынан міндетті түрде қызметкерлер тұратын жатақхана салыну керек деген болатынбыз. Бірақ «баяғы жартас сол жартас» болып, ол іс алға баспады. Неге? Мемлекетіміз қамқор болмаса, медицина қалай сапалы болады? Көпшіліктің айтуынша, қазіргі жас дәрігерлердің білімі төмен, клиникалық сана-ойлары таяз, бір кабинеттен екінші кабинетке жұмсап, көптеген анализдер мен диагностикалық құралдарға жүгіндіріп, ауруларды зар қақтырады деп ренішін білдіріп, оңды-солды кінәлап жатады. Оның себебі неде? Әрине, университеттерде терең білім алмай, ақылы бөлімде оқып, жүрдім-бардым оқитын жастардан ертең қандай білікті дәрігер шығады? Сондықтан, медициналық университте ақылы оқу мәселесін шегеруіміз керек. Ақылы курста оқыған дәрігерден ертең жақсы маман шығары күмәнді. Тағы бір ерекше айта кететін жайт, дәрігерлер ортасында этика, деонтология, бірін-бірі сыйлау, құрметтеу жыл өткен сайын кеміп барады. Мысалы, алдына келген аурудан «Отаны кім жасады?» деп анықтап алып, «Е... бекер болған екен, ол дәрігердің қолы ауыр, неге маған келмедіңіз, өзім жасап беретін едім...» деп әріптесін жамандап, есекке теріс мінгізуге дайын тұрады. Айтыңызшы, осы жөн бе? Арзан бедел кімге керек? Ертең ол да бір істен қателесіп, сүрінбей ме? Әйтеуір бүгіндері «жабайы капитализм» элементтері ортамызды шырмауықтай шарпып, бар саланы жайлап барады. Ол неге апарады, бір Алла біледі. Бірақ, бізге оны әзір түсіну қиын. Бір сәт ойланыңызшы. Дәрігерлердің жанқиярлық әрекеттерінің арқасында қанша адам өмірге қайта келіп жатыр? 6-8 сағатқа созылған хирургиялық ота кезінде дәрігерлердің жан қиналысын, жүрек пен жүйкесіне түскен ауыртпалықты, қара терге малынған күйзелісті, одан кейінгі «ауруда асқынып кету болмасыншы» деген күндіз-түнгі толғанысын, жүйкесіне салмақ түсіп, түн ұйқысы қашатынын тек дәрігер-оташылар ғана түсінеді. Кейде, мысалы, жүкті әйелдің босануы кезінде күтпеген асқынулар (мысалы, жатырынан тыйылмайтын қан кету) болып, барлық консервативтік іс- шараларға қарамай, дәрігерлер консилиумының шешімімен жатырын алып тастауға мәжбүр болады. Содан кейін дәрігерлердің білімі мен тәжірибесі жетпей жас әйелдің жатырын алып тастады деу – түсінбеушілік, зор қателік. Дәрігерлер мұндай сәттерде ана мен жас сәбидің өмірін сақтап қалуға міндетті. Тек сол принциппен сондай шешімді таңдайды. Дәрігердің жұмысы онсыз да жеңіл емес, жауапкершілігі тағы бар. Күндіз алдына келген науқастардың шағымдарын тыңдап, ауруын анықтап, ем-дом жүргізсе, кешке стационардағы ауруларды бақылауға түнгі кезекшілікке қалады, түнде түскен науқастарға дәрігерлік көмек көрсетеді, уақыт күттірмейтін дертке жедел хирургиялық ота жасайды. Сол ауыр еңбегі үшін мардымсыз жалақы алады. Оның да отбасы, бала-шағасы бар, оларға да көңіл бөліп, сабағын оқытып, жоғары білім беру, тәрбиелеу ата-ананың мойнында. Күнкөрісіне әзер жететін айлық табысы оның барлық қажеттілігін жаба ала ма? Сәл мүлт кетсе болды, «Гиппократқа ант берген, неге оны жөнді орындамайды?» дейді. Бірақ, ол дәрігерлік диплом алып тұрып: «Өмір бойы мойныма кедейшіліктің қамытын киіп, жоқшылықтан, жетіспеушіліктен қиналып, азаптанып өмір сүремін» деп ант берген жоқ болар. Неге онда дәрігерлерге әркез сын көзбен қарап, тырнақ астынан кір іздеп, қаралауға, арыз жазуға, билікке телефон шалып шағымдануға, үркітіп, қорқытуға, тіпті сотқа сүйреуге дайын тұрамыз? Жұртшылық арасында «дәрігердің алақанына ақша салмасаң жөнді қарамайды» деген түсінік бүгіндері желдей есіп жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, онысы да кей кезде рас болар. Оларды сондай жағдайға жеткізген қоғамымыздың өзі емес пе? Табысы жөнді болып, бала-шағасына, өмір сүру тіршілігіне жетіп жатса, біреудің 20-30 мың теңгесіне кім қызығады? Ондай дәрежеге жету кез келген дәрігердің беделін төмендетіп, арына дақ түсірмей ме? Ауруын асқындырып келетін немесе танысының берген ұсыныстарымен, болмаса интернет арқылы емделіп, дертіне дерт қосып келетіндер де баршылық. Келе сала бірден емделіп, құлан-таза айығып кетуді дәрігерден талап ететіндері қаншама? Адамдар өздерінің денсаулықтарына өздері немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Сондықтан дертінің бірнеше жылдан бері асқынғанын, оның бір күнде оңай жазылып кете салмайтынын түсінгісі келмейді. Ауруханаларды қаржыландыру өмір талабына сай еместігін көріп отырмыз. Бөлінген қаржының 70 пайызы еңбекақыға кетсе, дәрі-дәрмекке және басқа қызметке не қалады? Сол себептен ауруды аяғына тік тұрғызып жіберу үшін дәрігерлер олардың туыстарына «мынадай дәрі керек» деп қағаз жазып беруге мәжбүр. Қаржының тапшылығынан ауруға керекті қымбат дәрілермен аурухана толық қамтамасыз ете алмайды. Оны науқастың туыстары біле бермейді. Содан дәрігерлер мен аурудың немесе оның туыстарының арасында түсініспеушілік пайда болып, айтыс-тартыс басталады. Оған кім кінәлі? Әрине, тағы да кінәлі дәрігер болып шығады. Тексеруге келген комиссия айқай-шудан құтылу үшін арыз иесін жақтап, дәрігерді оған «жығып» береді. Осындай үрдіс көбеймесе, азаяр емес. Меніңше, дәрігерді осылай қаралауды көздейтін қоғам мүшелеріне қолданыстағы заңдар негізінде жазалауды енгізу керек. Емделуші мен медицина қызметкерінің арасында жанжалды жағдай туындағанда Қылмыстық кодекстің 131-бабында басқа адамның ар-намысын қорлағаны үшiн, атап айтқанда әдепсiз түрде көрсетiлген кемсіту үшiн жауаптылық белгiленген. Осы 131-баптың 1-тармақшасына сәйкес, 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады делінсе, ал 2-тармақшасы бойынша көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады делінген. Сондай-ақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 19-бабына сәйкес, азамат бұқаралық ақпарат құралдарынан шындыққа сәйкес келмейтін және оның ар-намысына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты теріске шығаруды талап етуге құқылы екендігін әріптестеріміздің ескеріп жүргендері абзал. Медицина қызметкерлерінің жұмысын дұрыс атқаруы, нәтижелі жұмыс істеуі үшін мемлекет оның проблемаларына да назар аударып, қажетті қаржымен қамтамасыз етуі керек-ақ. Жыл сайын денсаулық сақтау ісіне елімізде триллион теңгеден аса бюджеттен қаржы бөлінеді. Бірақ, әлемді жаулап бара жатқан тажал – «инфляция» деген айдаһар, қымбатшылық қанатымызды кеңге созуға мүмкіндік бермей келеді. Көрпемізді ары тартсақ – басымыз, бері тартсақ – аяғымыз көрініп жатқан жайымыз бар. «Басты байлық – денсаулық» деп ұрандатып келе жатсақ та, шешіліп жатқан мәселе әлі аз емес, ал алдымызда тұрған проблемалар шаш- етектен. Оны ескеріп жатқан жан жоқ. Барлығы қызметте уақытша отырғандай пейілде, қалғып- мүлгіп жүр. Уақытын өткергенге мәз. Оныменен қайда барарымыз, қайдан шығарымыз белгісіз. Шерағамыз, қайраткер Шерхан Мұртаза айтқандай, «Бір кем дүние»… Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ахуалды жақсарту мақсатында Жаңа Қазақстан құруды жиі айтып келеді. Сөзден нақты іске көшкеніміз керек-ақ. Өткен жылы, яғни 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елімізде орын алып отырған көптеген кемшіліктерге тоқталып, медицина саласын да біраз сынға алды. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қызметкерлеріне шүйлікті. Өйткені, жиналған қордың қайда, кімге, қанша мөлшерде кетіп жатқаны жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан, көпшілік оның қызметіне үлкен күдікпен, күмәнмен қарайды. Оны әділ, орынды сын деп қабылдағанымыз жөн. Шынында, әттең, халыққа медициналық көмек әзірге ойдағыдай болмай тұрғаны көпті толғандырады. Мына жалғанда адам денсаулығынан, адам өмірінен қымбат не бар? Ақжелеңді абзал жандарға деген қоғамдағы көзқарас өзгерсе екен деген ой да бізді жиі мазалайды. Дәрігерлер мен медбикелердің күндіз-түні уақытпен еш санаспайтын жанқиярлық еңбегі орынды бағаланып, олардың беделін көтеруге сіз болып, біз болып атсалысайық. Дәрігерлердің қазіргі жанайқайын дұрыс түсініп, олардың беделін орынды-орынсыз түсіруден арылайық дегім келеді.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина профессоры, денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар