Саналы қоғам тірегі - бірлік пен татулық
Ұлт тәуелсіздігі паш еткен жетістіктер егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші онжылдығына қадам басқан көп ұлтты барша Қазақстан халқының бірлескен еңбегінің жемісі. Яғни, өткенге есеп беріп, бүгінімізді таразылап, ертеңімізді бағамдайтын кезең. Көпұлтты мемлекетте халықтар достығы жыл өткен сайын нығайып, конфессияаралық татулық бүкіл әлемге жарқын үлгісін танытып келеді. 130-дан астам этнос өкілдерінің басын қазақтың шежірелі бір шаңырағы астына біріктіріп, ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстау – мемлекеттік саясаттың, ұлттық идеологиямыздың ең негізгі қағидаты.
Бүгінгі қоғамның дамуы, оның амандығы мен әл-ауқаты негізгі механизмсіз, яғни рухани келісімсіз жүзеге асырыла алмайтындығы уақыт ақиқаты. Оның ең басты бағыты әрине, татулық идеясы салтанат құратын саналы қоғам құрумен өлшенбек. Ал, оның басты тарауы құқықтық және әділ мемлекет құру жолындағы бастамалары мен стратегияларында айқын көрініс тапты. Бұл бізді жоғары жетістіктерге жетелейтін бағыт деп нық сеніммен айта аламыз. Яғни, мемлекеттік саясаттың өзегінде ұлтаралық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудың тұрғаны белгілі. Өйткені, «Әділетті Қазақстан» құру формуласының келбеті азаматтық қоғам өрнегі осындай ұлы қасиеттердің негізінде құралады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығы мен қолдауының арқасында біздің жаңа қоғам құруға бет бұрған шақты үлкен жетістіктер мен табыстарға жеткізіп отыр. Ал, біздің мемлекетіміз – зайырлы, Ата Заңымызбен айшықталған ортақ тілі бар, көпұлтты, өзінің ұлттық рәміздері мен дәстүрі бар тарихи ел. Сондықтан да, бұл басты құндылығымызды сақтап, одан әрі дамытып, конфессияаралық татулықты нығайта түсуіміз керек.
Жалпы, ел егемендігін алған алғашқы жылдардан бастап біздің ортақ Отанымызда этносаралық келісімді сақтау мен нығайту бағытында өте ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осындай мәні зор, мәртебесі биік жұмыстарды іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалы, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен біздің қасиетті Әулиеата өңіріндегі барлық ұлттық этномәдени бірлестіктер үлкен жұмыстар мен келелі істерге бас болып отыр. Сонымен қатар, Жамбыл облысын мекендейтін барлық этнос өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер басшылары мемлекет мүддесі жолында өңірдегі барлық әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына айтарлықтай үлес қосып, рухани-танымдық шаралардан сырт қалып көрген емес.
Оның үстіне әлемдік қоғамдық қауымдастық шеңберінде біздің мемлекетіміз «ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделімен» ерекшеленіп келеді. Ұлт саясатындағы қазақстандық модельдің іргетасы бірнеше факторға табан тірейді және ол отандық дара құндылық болып қалыптасып отыр.
Бүгінде Отанымызда тұрып жатқан ұлт құраушы қазақ халқымен қатар, басқа да этностар өкілдеріне деген толеранттылық қатынасты қалыптастыру саясатын мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіп келе жатқандығын төрткүл дүние көріп отыр.
Міне, осындай сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанда ұлтаралық диалог пен татулықты сақтаудың жаңа идеологиялық моделі құрастырылды. Біз бұл идеяны бүкіл елге және барша әлемге насихаттап, оған көпұлтты халқымызды да, әлемдік қауымдастықты да сендіре білдік. Мен мемлекет игілігі жолындағы бұл қадамды аса үлкен жетістік деп санаймын. Өйткені, Ата Заңымызда ұлтаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет «конституциядан тыс» деп танылған. Заңдық және күштік құрылымдар сепаратистердің, террористердің және ұлтшылдардың бас көтерулерінің жолын қатаң кесіп отырды. Міне, ең басты саналы қоғам құрудың темірқазығы осылайша жасампаздық саяси биіктік деңгейіне көтеріліп отыр.
Осыншама тірліктерді іске асырудың ең маңызды жолы, ол «Бір ел», «Бейбітшілік пен келісім», «Мейірімді жүрек», «Бар жақсылық балаға!», «Мектепке жол» сынды көптеген жобалар мен акциялар аясында ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар дер едім. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесіндегі ғылыми-сараптамалық бөлімі осы жылы өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды анықтау және зерделеу мақсатында сауалнама жүргізу дағдысын тоқтатқан жоқ.
Сонымен қатар, бүгінге дейін облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі, «Жастар қанаты» сапалы жұмыс жүргізіп келсе, енді Ақсақалдар кеңесі құрылды. Айтайын дегенім, осы Ақсақалдар кеңесі осы жылдың өзінде 433 іс-шара өткізіп, оған 17 мыңға жуық облыс тұрғындары мен түрлі этнос өкілдері қатысты. Жалпы, аталған қоғамдық ұйымдардың өңірде тұрақтылық пен татулықты сақтау, ұлтаралық қатынастарды нығайту жұмыстарына белсенді ықпалдары жылдан жылға артып келеді.
Ұлтаралық қызметтің тағы да бір маңызды бағыты, ол мемлекеттік тілдің қатынас құралы ретінде қолданыс аясын кеңейту мен оны игеруге негізделген. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді насихаттау мен үйрену, сөйлей білу ісіне келгенде үлкен тәжірибе жинақтаған теңдессіз ұйым. Осыған орай, осы жылы да «Тіл татулық тірегі» атты республикалық дөңгелек үстел отырысынан бастап, өңірлік «Тіл бірлігі» көрмесі, «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» бейнедәріс топтамасы, «Бірлік тілі», «Тіл мектебі» жобаларымен, «Сөйле» клубтары ұйымдастырған іс-шараларды атап айтқан абзал болар.
Сонымен қатар, биыл тағы бір табысты жобаларының қатарынан тәрбиелік және тағылымдық сипаттағы «Достық керуені» жобасын көруге болады. Достық көңілді, таза пейілді Меркі, Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандары халқын қамтыған шара мемлекетшіл және отаншыл көптің ортасындағы өз алдына қойған мақсаттарына қол жеткізе білді.
Осыншама атқарылған іргелі істер республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа, оның ішінде жастарға тұрақты түрде жеткізіліп отырды. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Қоғамдық келісім» мекемесі мен ұлттық мәдени бірлестіктер жұмыстарын қалың бұқараға жеткізудегі мемлекеттік саясаттың қозғаушы күші екені айқын. Сондықтан да, оларға ризашылығымыз шексіз!
Сонау бір жылдары БҰҰ экс-Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды «Әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты әрі баянды дамудың үлгісі», деп атаған болатын. Бұл саяси әрі тарихи баға өзінің мәні мен маңызын, мәртебесі мен биіктігін бүгінге дейін жоғалтқан жоқ.
Ал, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық татулық пен бірліктің қазақстандық моделіне үнемі баса назар аударып, ұлтаралық татулықтың мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде аса маңызды фактор екеніне ерекше мән беріп отыр. Өйткені, бүгінгі талай сыннан өткен сындарлы саясатымыз бен кешегі тарихымыз егемен еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімнің ұйытқысы болып отыр деп нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Ашықтығымыз бен көпшіл және мейірбан мінезіміздің өзіндік түп-тамыры тұрақтылық пен мығымдылық, өзара түсіністік пен баянды өмір үшін барлық жағдайды туғызып отыр. Ұлтаралық тұрақтылықтың берік іргетасын күшейту және нығайту мақсатында біртұтас Қазақстан халқы аянбай еңбек ете берері сөзсіз. Ал, саналы қоғамның тірегі болар келешек ұрпақтың міндеті – осы ортақ құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны жалғай түсу екені ақиқат.
Гулам УМАРОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Жамбыл облысы бойынша қоғамдық орынбасары, облыстық мәслихат депутаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді