«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Интернет алаяқтарының айласы көп

Интернет алаяқтарының айласы көп
ашық дереккөз
Интернет алаяқтарының айласы көп
Қазіргі уақытта ғаламтор желісін пайдалана отырып, түрлі алаяқтыққа баратындардың қатары сиремей тұр. Тіпті, алаяқтық әрекетке оқталатын арам ниеттілердің қулығына құрық бойламайды. Жалпы, интернет алаяқтыққа заманауи технологияның көмегімен орын алатын іс-әрекеттердің барлығын жатқызуға болады. Негізінен, интернет арқылы қылмыс жасаушы ақпараттық жүйе арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, алдап-арбап, сондай-ақ сенімін теріс пайдалану жолымен біреудің мүлкін заңсыз иемденуде. Осылайша, бүгінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің интернет алаяқтарымен күрес жүргізу – негізгі қызметіне айналған. Мемлекет алаяқтармен қанша күресіп, олардың жолына тосқауыл қойса да қылмыс саны азаяр емес. Күнделікті ақпарат құралдарын ақтарып отырсаңыз, жаға ұстатар талай жайттан хабардар боларыңыз анық. Ендеше, жұртшылықты алаяқтардан сақтандыру мақсатында елдегі болған біраз фактілерге қысқа да нұсқа шолу жасап көрейік.

ПИРАМИДАНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Еліміздің Бас прокуратурасының «Lider» қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін Украина бас прокурорының кеңсесі қанағаттандырғаны мәлім. Құрықталушы 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшалай салымдарын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Ол қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде зардап шеккен 240-тан астам азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Күдікті уақыт өте қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, нәтижесінде оған халықаралық іздеу жарияланған. Бірер ай бұрын оны Украинаның құқық қорғау органдары ұстады. Ал, жуырда Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Айта кетейік, аталған қылмыстарды жасағаны үшін оған 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ӨЗГЕНІҢ АТЫНАН НЕСИЕ РӘСІМДЕГЕН

Кафеге телефонын кепілге қалдырған адамның атынан 3 миллионға жуық несие рәсімделген. Бұл оқиға Тараз қаласында орын алды. Тәртіп сақшыларына арыз- шағыммен жүгінген 37 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдеген. Сондай-ақ, күдікті осы ақшалай қаражатты букмекерлік қосымшаның есеп шотына аударған. Бүгінде бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жәбірленуші өз сөзінде оқиға қарсаңында облыс орталығындағы кафелердің бірінде демалғанын айтты. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Әйелінің телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, ол өз атынан үлкен көлемде не сие рәсімделгенін білген. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жалғасуда.

INSTAGRAM АРҚЫЛЫ ОҢАЙ ОЛЖАНЫ КӨЗДЕГЕН

Рудныйда зейнеткердің қаржысын а лаяқтық жолмен иеленбек болған студент ұсталды. Ол кәмелетке толмаған дроппер болып шықты. 17 жастағы жігітті полицейлер алданған зейнеткерге барған кезінде ұстады. Осылайша, қарт әйел мен көршілердің қырағылығы 84 жастағы әйелдің жеке қаражатын алаяқтан сақтап қалуға көмектесті. Алаяқтардан қоңырау кешке келіп түскен. Ер адам өзін полиция майоры ретінде т аныстырып, оның немере сі адамды көлікпен қағып кеткенін хабарлаған. Сот алдында жауап бермеу үшін белгілі бір ақша төлеу қажет. Егде жастағы әйел алдымен абдырап қалады, алайда әңгімені үзбестен кеңес алу үшін көршісіне жүгінеді. Көршісі полицияны шақырған. Осы уақытта тұрғын алаяқтармен 1 миллион теңгеден астам көлемінде ақша беру туралы келісіп қойған. – Мекенжайға дереу полицейлер келді. Олар үйге жақындаған сәтте күдікті жас жігітті байқады. Кейінірек белгілі болғандай, бұл ақшаға келген дроппер екені анықталды. Бұл жұмысты тәртіп сақшылары «Учаске» жедел- профилактика лық іс-шарасы шеңберінде жүргізеді. Учаскелік полиция инспекторлары халықтың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіп қана қоймай, алаяқтық тәсілдері туралы да айтады, – дейді мүліктік қылмыстар бөлімшесінің бастығы Мадияр Тәжин. Қылмысқа барған жас жігіт колледж студенті. Ол қосымша ақша тапқысы келген. Оған жұмыс істеу туралы ұсыныс Instagram арқылы келген. Кейінірек жұмыс беруші онымен Telegram арқылы хабар алмасқан. «Мен бұл ісімнің қылмыс екенін білмедім. Маған «Сіз мекенжайларға барып, ақша алып, оларды қайта есептеп, банк деректемелеріне жібересіз» деп айтты. Болжам бойынша, бұл адамдар өздері жасай алмайды, мен оларға осылай көмектесемін. Соманың 3 пайызын өзіме алдым. Осылайша, бір апта ішінде мен 300 мың теңгеден астам табыс таптым. Мен не істеп жатқанымды білсем, ешқашан осындайға бармас едім», – дейді студент. Қазіргі уақытта бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190- бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

22 ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының тізімін жариялады. Танысып шықсаңыз, артықтық бола қоймас. Капиталыңызды инвестициялайтын кезде белгілі бір компанияның қаржылық пирамидаға қатысы бар-жоғын тексеру үшін агенттіктің арнайы телеграм ботын пайдаланғаныңыз жөн. Ал, қаржы пирамидасынан зардап шексеңіз Қаржылық мониторинг агенттігінің саll-орталығына хабарласыңыз. Байланыс нөмірі: 1458.

ЖОҚ ПӘТЕРЛЕРДІ ЖАЛҒА БЕРГЕН

Елордада жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ анықталды. Полицейлерге астаналық бес тұрғын алаяққа алданғандарын айтып, арызданған. Айтуларынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген желеумен олардың ақшасын иемденіп кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 жастағы ер адамды анықтады. Ол жарнамалық веб-сайтта төмен бағамен және интерьердің әдемі фотосуреттерімен тұтынушыларды қызықтырған. Басты шарты соманың 50 пайызын алдын ала төлеуді ұсынған. Сөйтіп жарты соманы алғаннан кейін хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып жіберген. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, өзге де жәбірленушілер анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары да жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ  ҚОЛДЫ ЕТКЕН

Түркістан облысында кәсіпкерлерге субсидия алуға көмектесемін деп 5 миллион теңге алып, хабар-ошарсыз кеткен алаяқ әйел ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, Жетісай аудандық полиция бөліміне үш кәсіпкер хабарласқан. Олар танысы бизнесті дамытуға мемлекеттен тегін субсидия алуға көмектесуге уәде беріп, ақшаны алған соң байланыс үзгенін айтып шағымданған. «Күдікті әрбір жәбірленушіден қомақты ақша алған, бірақ уәдесін орындамай, хабар- ошарсыз кеткен», делінген ақпаратта. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асады. Бұл күнде полицейлер Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті табылып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, әйелдің субсидия алу ойында да болмаған. Ал, кәсіпкерлерден алған ақшасын несиесін өтеуге жұмсаған.

ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕНДЕ ЕСІРТКІ САТҚАН

Астана қаласында интернет-дүкен арқылы есірткі сатып келген азамат ұсталды. Елордалық полицейлер «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз өткізуге қатысы бар 22 жастағы жергілікті т ұр ғ ын ды ан ықт ады. Есірткі сатушының тұрғылықты жерін тінту кезінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кіреберістің жоғарғы қабатында жабдықталған қуысты табады. Ал, әлгі қуыста оралған және сатуға дайын 29 жиынтық бар екені анықталған. Сондай-ақ, жас жігітті жеке тінту кезінде оның қалтасынан есірткі ұнтағы бар 20 байлам табылды. Бұдан бөлек, пәтерден пластикалық контейнерлер, есірткі заттары салынған пакеттер және 35 оралған байлам тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша, алынған заттар жалпы салмағы 1 килограмм мефедрон есірткі құралы екені анықталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 2-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер заңнамаға сәйкес, есірткі заттарын өткізу не өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау бабы бойынша 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салды.  

Бетті дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар