«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мамандарға ерекше құрмет

Мамандарға ерекше құрмет
ашық дереккөз
Мамандарға ерекше құрмет
Тарихи өлшеммен алғанда Қазақстан – әлемдегі жас мемлекеттердің бірі. 32 жыл деген не тәйірі! Соған қарамастан, кейбір келеңсіз жағдайларды кейістікпен есепке алмағанда, тәуелсіз Қазақстан алға қарыштап қадам жасап келеді. Елімізді түгел газдандыру бағдарламасы – соның жарқын мысалдарының санатынан. Осы бағдарлама аясында Жамбыл облысы елді мекендерінің 73 пайыздан астамы газдандырылған. Бұл туралы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосынов «Ардагерлерге мемлекеттік әлеуметтік қолдаулар» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жиында айтып, бір топ газ саласы ардагерлерін марапаттады. Айтса айтқандай-ақ, облыс тұрғындарының төрттен үші көгілдір отынның игілігін көріп отыр. – Қазір Сарысу ауданының кейбір елді мекендерін газдандыру басталып кетті. Одан кейін тұрған Мойынқұм ауданы. Облысты түгел газдандыруды, амандық болса, 2025 жылы аяқтау көзделініп отыр, – деді Бақтияр Бейсембайұлы. Жауапты қызметке жаңадан тағайындалған басшының жағымды жаңалығы жиынға қатысушыларды қуантып тастады. – Сіздердің баршаңызға және бүгінгі марапатталғалы отырғандарға «Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Темірханов мырзаның аманатты сәлемі мен құттықтауын жеткізейін, – деді басқосудың модераторы, аталған бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Хамит Орынбеков. Жиынның салтанатты сәтінде бір топ ардагерлерге газ саласына қосқан елеулі еңбегі үшін «Qazaqgaz- дың еңбек сіңірген ардагері», «Qazaqgaz-дың Құрметті ардагері» төсбелгілері тапсырылды. Сала ардагерлері ұйымының жоғары марапаты саналатын төсбелгіні омырауға қадағандардың қатарында Ережеп Асанов, Әбдірахым Жұмаділов, Гүлзахира Бердібаева, Бөберхан Шалтаев, Хабибулла Нурахунов, Ғабиден Омаров сынды білікті мамандар бар. – Бүгінгі марапатталғандар қатарында әлі өндірісте қызмет атқарып жүргендері де бар, – деп пысықтап қойды Хамит Әбдірұлы. – Олар – осы салаға кемінде 20-30 жылын арнағандар. Сондықтан, бүгінгі марапатқа әбден лайық. Марапатталғандарды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешева құттықтады. Күләш Әмедияқызы осы оңтайлы сәтті оңынан пайдаланып Шайнияз Тілеубаевқа «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісін тапсырды. Ол бұл марапатқа облыс спортын дамытуға қосқан үлесі, Тараз қалалық ардагер-волейболшылар командасы құрамында жақсы ойын өрнегін көрсеткені үшін ие болып отыр. – Шайнияз Патшабекұлы – команда капитаны. Команда жүлделі орындардан көрінгенімен, өткен спартакиадада жеңімпаз бола алмай қалды. Сондықтан, алдағы ардагерлер спартакиадасында алдыңғы орынды олжалауға ынталандырып жатқанымыз ғой, – деді Күләш Әбдікешева әзіл- шыны аралас. Жиынның сәнін кіргізген жақсы әзілге риза болғандар ду қол шапалақтап жатыр. – Мен Жамбылдағы қазақ жігіттері арасында газ саласының алғашқы қарлығашы болдым. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келдім салаға. Мұқағали ақынның мектеп оқушысына «тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген теңеуі бар ғой, сол сияқты, мен газ саласына слесарь болып жұмысқа кіріп, басшы дәрежесіне дейін көтерілдім. Азды-көпті сіңірген еңбегім ескеріліп, лайықты марапаттарға да ие болдым. Бүгінгі марапат – соның бірі. Ардагерлер ұйымының елеп-ескергендеріне рақмет, – деді марапатталғандар атынан сөз сөйлеген ең жасы үлкен ардагер Ережеп Асанов. Қазір салада қазақ азаматтары көп. Олар білімдерімен де, біліктіліктерімен де елімізде газ саласының дамуына зор үлес қосып жүр. Лайым дүниежүзілік деңгейде де мерейлері үстем бола берсін. Газшылар әр жанұяға жылу сыйлап, адамдар алғысына бөлене берсін! Газ саласы ардагерлері облыстық ұйымының төрағасы Х.Орынбеков: – Біздің қоғамдық жұмыстағы жетістіктерімізді кеңінен насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне ризамыз. Рақмет! Сондықтан, облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр- Дария», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттеріне бірінші кезекте жазыламыз, – дейді. Әрине, ондай түсіністік жағдайында газшылар жайында жазудан журналистер аянбайтыны хақ.  

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар