Даланы әнге бөлеген Тәуелсіздік
Жүректі жырға, даланы әнге бөлеп жеткен Тәуелсіздіктің тұғыры биік, құны шексіз, бағасы теңдессіз. Мұзға жаққан алаудай жалыны қарпып өткен 1986 жылдың желтоқсанында қара нардай қасқайып, қара қылды қақ жарған қаракөздердің ерлігімен жеткен Тәуелсіздік бәрімізге қымбат. Осынау қасиетті ұғымның бағасын білген әрбір жүрек еркіндіктің еншісіне өз шығармашылығынан үлес қосуға асықты. Тебірене тұрып, тербете білген өнер иелерінің туындылары бүгінде әр жүрекке жыр болып төгіліп, гүл болып егілді. Жүректерге жол тартқан туындылар талайдың таңдайында жүр.
Әрбіріміз қасиет тұтқан Тәуелсіздік жайлы ән жазған жамбылдық сазгерлермен тілдесіп, шығармасы жайлы айтып беруін өтінген едік. ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ Сазгер Әбиірбек Тінәлі мен ақын Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған «Желтоқсан желі» әні көпшіліктің жүрегін жаулап алған туынды. Бұл әннің оты талай жүректі жылытты.
– Қазақтың өрімдей-өрімдей жастары әділдік іздеп орталық алаңға шыққан шақ. Біз жап-жаспыз. Газеттен жалған ақпарат оқыдық. Жазықсыз қазақ жастарына жала жабылғаны жазылыпты. Осынша жастың бір мезетте арақ ішіп алып, бүлік шығарып жатыр дегендеріне қу жүрегіміз сене қоймады. Жұдырығым тарс жұмылып, өз-өзімнен ыңылдай бердім. Бізді Алматыға қарай жібермеді. 17 желтоқсан күні ойда-жоқта ақын Әбдірахман Асылбек ағаны кездестірдім. Ағам көңіл-күйімді аңғарды. Ыңылдап жүргенімді байқап, себебін сұрады. Мені мұқият тыңдаған соң: «Мынауың ән ғой!» деді. Ашық жазуға болмайтынын саналы түрде сезінген біз сонау 1969 жылғы қатты қыс болған желтоқсанды меңзеп, ән мәтінін жаздық. Сөйтіп, ойымыз бір жерден шығып, өмірге «Желтоқсан желі» деген ән келді, – дейді ән жайлы өз толғанысында Әбиірбек Берденұлы. ТУҒАН ЖЕРДЕ ЖҮРГЕН АРТЫҚ ТУ ҰСТАП Тапқаныңнан жат жерде алтын уыстап,
Туған жерде жүрген артық ту ұстап.
Елге еркелеп жүргеніме қуанам,
Атамекен ауасымен тыныстап.
Бұл ән де өз бағасын алып қойған. Сөзі ақын Нарша Қашағановтікі болса, әнін сазгер Әуезхан Салабеков жазған.
– Ақын Нарша ағам жыр жинағын сыйға тартқан болатын. Кітаптың ішінде «Туған жер» деген өлеңге ерекше мән беруімді өтінді. Алғашқы өлең жолдарын оқығаннан-ақ көзіме оттай басылды. Расында жаныма жақын, жүрегіме дөп тиген шумақтарды көргенде жүрегіме шоқ түскендей әсер берді. Әуелеген ән жүрегіме ұялап, толғана түстім. Бұл әнді Тәуелсіздіктің құрметіне арнадық. Кейін әншілер іліп алып кетті,– дейді сазгер. ҚАЗАҚСТАН, АРДАҚТЫМ! Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандаған байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың,
Қазақстан, ардақтым!
Бұл «Қазақстан» атты жыр ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған сазгер, әнші Жандос Омаровтың әні. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған XVII Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер онлайн-конкурсының Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» номинациясы бойынша І орын иеленіп, лауреат атанған.
– Ұлықбек Есдәулет ағамыздың арнайы батасын алып, осы әнді шығардым. Бұл ән Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тарту еді. Мәтіннің авторы шексіз ризашылығын танытты. Бұл әнді қазір Бауыржан Исаев және филармонияның жастары орындап жүр. Биыл Еліміздің ұлттық мерекесі 25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне арналған Қазақстан Елшілігінің Марокко королдігінде ұйымдастырған салтанатты іс-шарасында осы ән орындалып, Алғыс хатпен марапатталдым. Бұл менің Тәуелсіздікке жеткізген шексіз алғысым, – дейді Жандос Омаров.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа мектеп пайдалануға берілді
- Бүгін, 00:07
Франция сапары: стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі
- 6 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді