Рухы асқақ, мәні мәңгі мереке
Кез келген адамзат баласына, ұлт пен ұлысқа, ел деген мәртебелі қауымға Елтаңбадан салмақты, Тудан биік һәм Тәуелсіздіктен қастерлі ұғым жоқ. Себебі, жұмыр жердің бетінде өз арман, мақсаттарының, бабалар аманатының, кешегісі мен келешегінің иесі өзі болғанымен, киесі егемендік, ардақты азаттық. Әр сәті ардай бағалы, намыстай қастерлі, өмірдей қымбат осы күнді, тәңір тартуы болған тәуелсіздікті қазақ халқы өзінің пайда болу кезеңінен дұғасына қосып, батасына арқау етіп аңсап келгені жасырын емес. Бізде мақтануға да, мұңаюға да, жұбануға да, рухтануға да тұрарлық тағдырлы тарихымыз бар. Оны ешкім де, ешқашан да жоққа шығара алмайды. Ол тарихты біздің ұлыстың маңдайына Жаратушының өзі жазған. Бүгінде сол киелі пешене шындыққа, көз сеніп, көңіл марқаятын ақиқатқа айналды. Кешегі «қара қазан, сары баланың қамы» бұл күнде дамыған дара қоғам болып, жаһандық мінберлерден марқая сөз тізгіндейтін риясыз халге жетті.
Ата-бабалардың арманда кеткен ақ сәулесі ұрпақтың бесігіне жылу төгіп, азаттықтың ауасымен тыныстауда. Күнде көріп жүргендіктен, таудың да биіктігі байқалмауы мүмкін.
Қазіргі қоғамның көз үйренген картинасында мерекелік іс-шаралар, марапаттар мен жүлделер, күйбең тіршілік, білім, ғылым, өнердегі бәсекелестіктің бояуы басымырақ. Алайда, осының барлығы тек тәуелсіздіктің арқасында өтіп жатқанын аңғара бермеуіміз мүмкін. Тәуелсіздік болмаса өнердің де, кәсіпкерліктің де, ән мен күйдің де, жыр мен бидің де, арман, мақсатыңның да, жоспар, жұмысыңның да өткені түгілі, бүгіні мен болашағы жоқ екені жасырын емес. Сондықтан, тәуелсіздіктің қадірі бөлек, киесі алабөтен. Қазіргі күнтізбеде не көп, мереке көп. Мейлі дүниежүзілік, халықаралық, республикалық, мейлі кәсіби, мейлі ұлттық, әйтеуір атаулы күндер аз емес. Жалпы, қоғамдық түгілі, жеке адамның, отбасының өзінде әрбір жас той, әр қуанышы думанға толы. Әрине, әр қуаныштың өз орны, мән-мағынасы болуы заңдылық. Дегенмен, осының барлығы Тәуелсіздік мерекесінің қасында салтанаты – жұпыны, салмағы – қаңбақтай. Себебін айтпасақ та түсінікті. Мереке түгілі, әрбір күнді тәуелсіздіксіз елестету ұлтқа да, ұрпаққа да қасіретті. Сондықтан, тәуелсіздіктің әр күні мереке.
Қазіргі таңда тарихымызды түгендеп, өткенімізді өнегеге айналдырып, өскелең ұрпаққа өсиеттеп-ақ жатырмыз. Бағзыда ұлтты қалыптастырып, бес жарым ғасырдан астам уақыт бұрын хандықтың алтын қазығын алғаш қаққан Әулиеата топырағында азаттықты аңсап өткен бабалар мұрасын ауыз толтырып айтудан алдымызға жан салмай келеміз. Жәдігерлер арқылы көне тарихты растай отырып, ұрпақ тәрбиелеудің ол да бір тағылымды тәсілі. Дегенмен, сол тас тілген алдаспан, сауытбұзар жебелер, ұшар басына қара бұлт байланған найзалар не үшін жасалды?
Бабалар неліктен соғыс қаруларына бар өнерін салып, түз жүйрігін иен далада алғаш ерттеп мініп, қолға үйретті? Сол кездегі соғыс қарулары, бұл замандағы жәдігерлер қандай мақсатта өмірге келді, өркениет қалыптастырды? Соғысу үшін деу оңай. Не үшін соғысты? Парадокс шындық – ынтымақ, бейбітшілік үшін соғысты. Қазақтың отыздан астам ханы ең басты мәселе – жердің кеңдігі мен елдің егемендігі жолында тақтан емес, аттан түспей ғұмыр кешті, ақтық демін тауысты. Сауыт-саймандарындағы тау еркесі арқар, аспан төресі қыран, дала сесі бөрі, шың серісі барыс, осының барлығы да еркіндікті аңсаудан бедерленді. Түркі халқы үшін күн, түн ұйықтамай ұлы даланың рухына айналып кеткен Тоныкөк, Күлтегіннің қаны, мәңгі мұраты уақыт арнасымен осылайша ұрпақтан-ұрпаққа дарып, тамырына тамып, дауылға діңін тосып, боранға бас имеген ерлік бәйтерегін биіктете берді. Бүгінде сол алып бәйтеректің ұшар басында Самұрықтың ұясындай мемлекет тәуелсіз ғұмыр кешуде. Ол – біздің қарашаңырақ Қазақстан. Халқын азат ету үшін абақтыдан аруақ болып бір-ақ шыққан арыстандар – алаш арыстары, елге атылған оққа жүрегін тосқан жолбарыстар – Желтоқсан жауқазындары, рухтардың сүрлеуіне айналған тар жол, тайғақ кешу осы тәуелсіздікке алып келді. Міне, содан бері, қазақ ұлысы аңсаған азаттыққа қол жеткізген сәттен бастап бүгінге дейін 32 жыл, 384 ай, 11 520-дан астам күн өтіпті. Сол тарихи тағдырлы сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алғандағы алғашқы сөзінде: «Қадірлі халайық! Біз бастан өткеріп отырған о сындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары мен қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Қазір біздің көз алдымызда әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болып, қоғамдық-саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың формалары ауысуда десек, асырып айтпаған болар едік. Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді. Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын–өркениетті демократиялық қоғамды таңдады», деген болатын.
Қазақ ұлысы сол жүрісінен жаңылмай, бүгінде Тәуелсіздіктің отыз жылдығынан асып, дамыған отыз елдің қат арына ену жолында теңіздей талпынып, арнасына сыймай асуларды бағындырып келе жатыр. «Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар» деп Шерхан Мұртаза айтқандай, шүкір, бүл күнде обырлық пен озбырлықтың ордасын бұзып, оғлан ұрпақ Отанның үмітін сан салада абыроймен ақтап, ту ұстаған бабалардың сенімі мен сертін іспен дәлелдеуде. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», деп Әлихан Бөкейханов айтқан пер зенттік парыз бен парасаттылық, уақыт талабы мен жауапкершілік тәуелсіз ел жастарының жүрек төрінен орын алғаны да көңіл қуантады. Өткені аяулы болған халқымыздың болашағы енді баянды болғай. Ұлы дала бақыты ұзағынан сүйіндірсін!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді