Әке махаббаты
Әрбір әке мен шеше артынан ерген балаларының сауатты, білімді, ақылды, бақытты, ауқатты өмір сүргенін қалайды. Олар өмірден көрген-білгендерін балаларына жеткізіп, ақылдарын айтып, жақсы тәрбие беруге тырысатыны заңды. Бірақ өкінішке қарай, өмірде барлығы олардың айтқанындай бола бермейді. Ұрпағы жақсы жетістігімен көпке танылып жатса көңілдері марқаяды. Ал, бәрі керісінше болып жатса күйінеді, қапаланады, қайғырады. Өмір де көк теңіздің асау толқынындай біресе тасытып, біресе аяусыз күрт түсіріп, жарғабақ жағаға аяусыз соғатын кездері болады. Соған шыдай алсаң, қарсылық көрсете алсаң ғана өмірдің биігіне көтерілесің, мақсатыңа жетесің. Егер олай ете алмасаң жартасқа соғылған қайықтай быт-шытың шығып, су түбіне кетесің немесе ешнәрсеге жарамай, су бетінде шашылып қаласың. Құдай сондайдан сақтасын! Тарихта әкенің ұлына жазған хаттары жайлы мәліметтер кездесіп отырады. Олар қанша уақыт өтсе де, құндылығын жоғалтпайтынына таңғаласың. Хат үлгісінде жазылған американдық журналист-жазушы Уильям Ливингстон Ларнедтің мына мақаласы әлемнің бірнеше тіліне аударылып басылған. Алғаш жарық көргенінен бері бір ғасырдан аса уақыт өтсе де құндылығын әлі күнге жоғалтпай келе жатқан туынды. Керектеріңізге жарар деген ниетпен Арман Әлменбеттің аударуымен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Ұлым, сен алақаныңды жастанып ұйықтап жатырсың, мен болсам саған қарап ойланып отырмын. Ақ сары шашыңның бірнеше талы жіпсіген маңдайыңа жабысып қалыпты. Мен жаңа ғана тығылып, ешкімге байқатпай, бөлмеңе кіргенмін. Оның алдында бірнеше минут бұрын ғана кітапханадағы жұмыс үстеліме отырып, анау-мынау қағаздарды парақтап шықпақшы болған едім, бірақ кенеттен өкініштің толқыны лақ етті де, көмейіме келіп тұрып алды. Сондықтан да өзімнің кінәмді мойындап, сенің жатын бөлмеңе келдім.
Әкеңді мынадай ойлар мазалап отыр. Балам мен күні бойы саған тым қатал қараппын. Таңертең мектепке кетіп бара жатқаныңда орамалмен бетіңдегі кірді сүрте салғаның үшін ұрыстым. «Бәтеңкеңді тазаламапсың» деп тағы зекідім. Абайсызда заттарыңды жерге түсіріп алғанда шыдамай кетіп, саған ауыр сөздер айтып жібердім.
Таңғы асты ішіп отырғанда да саған килігетін ілік таптым. Стақандағы шырынды төгіп алдың. Тамақты қомағайланып жедің. Шынтағыңды үстелдің үстіне қойып отырдың. Нанға майды тым қалың етіп жақтың. Ал, таңғы пойызға мінгенімде сен: «Сау бол, әке!» деп айқайладың, сонда мен басқа сөз таппағандай, қабағымды түйіп: «Иығыңды тік ұста, қане!» деп жекіп қалдым.
Кешкісін тағы солай болды. Үйге қайтып келе жатсам, сен жолдастарыңмен асфальттің үстінде тізерлеп, шарик ойнап жүр екенсің. Шалбарыңның тізесі қажалып қалыпты. Достарыңның алдында ұятқа қалдыратынымды ойламастан мен сені дереу үйге қуып тықтым. «Киім тегін келмейді, егер өзің сатып алсаң ғой, байқап киер едің!» Осы сөз әкенің балаға айтатын сөзі ме еді?..
Біраздан соң мен кітапханада газет оқып отырғанымда сен кіріп келдің де, маған кінәлі адамның көзімен қарап тұра қалдың. Мен зейінімді саған аудардым да, ұнатпаған адамдай қарап: «Не керек?» деп бұрқ еттім. Сен ештеңе деген жоқсың. Жүгіріп келдің де, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп алдың. Мойнымнан құшақтағаныңда маған деген махаббатыңды сездім. Ол махаббатты Жаратушы Иемнің өзі жүрегіңе орналастырғандай еді. Ол махаббат менің қаталдығыма қарамастан еш бәсеңсімеген екен. Содан соң сен есікке беттедің. Тыпырлап, жоғарғы қабатқа шығып бара жатқаның естіліп тұрды.
Бірнеше минут өткеннен кейін қолымдағы газет сусып түсіп кетті. Бойымды қорқыныш кернеді. Құдайым-ау, деп ойладым, менікі не әдет осы? Килігу, ұрысып тастау – саған күнде істейтінім осы. Сондағы сенің бар кінәң – бала болғаның ғана. Мен сені жақсы көрмеймін деуге келмейді. Дұрысырағы, мен сенен тым көп нәрсе күтетін сияқтымын. Бірақ, сен әлі кішкентайсың. Мен саған өзіме қоятын талаптарды қойып, өзімнің жасымдағы адамның түсінігімен қарайды екенмін.
Әсілінде, сенің әрекеттерің мейірімге толы әрі шынайы да. Сенің жұдырықтай жүрегің өте үлкен болуы мүмкін. Ол биік-биік құздардан да асып, көтерілетін күн секілді. Жаңа жүгіріп келіп, маған қайырлы түн тілеп, бетімнен сүйгеніңде мен соны түсіндім. Сенің бұл әрекетің оғаш, тіпті ерсі секілді, қалай істегің келсе, солай істедің. Бірақ соның өзі жақсы. Басқасының бәрі мұныңмен салыстырғанда түкке татымайды. Міне, енді мен кереуетте ұйықтап жатқан жеріңе келіп, тізерлеп, ұяттан өртеніп отырмын!
Әрине, бұл отырысым менің бар кінәмді жуып-шая алмайды. Оның үстіне, ертең сен оянғанда осы ойларымның бәрін айтсам, сен бәрібір түсінбейсің. Алайда, мен ертең нағыз әке болып отырам! Мен саған дос боламын, сенің уайымың менің уайымым, сенің қуанышың менің қуанышым болады. Тіпті, саған қатқыл бір сөз айтқым келсе де, тілімді тістей қоюға әдеттенемін. «Ол әлі бала ғой – кішкентай ғана бала» деп дұғаны қайталағандай ішімнен қайталап жүремін.
Осыған дейін мен саған балаға қарағандай емес, үлкен адамға қарағандай қарап келіппін. Бірақ қазір сенің бір уыс боп жатқан жатысыңды көріп, сенің әлі де балдырған екеніңді әбден түсініп отырмын. Кеше ғана анаңның иығына басыңды қойып, кеудесінде тыныш тауып жататын бөбек едің ғой. Мен сенен тым көп нәрсе талап етіппін…».
Осы жолдарды оқып отырып еріксіз әкенің ұлына деген мөлдір махаббатына көңілің толқып, даналығына риза боласың. Ой-сезіміңе ерік беріп, жүрегіңді жылыта түседі. «Баланың аты бала ғой» деп балаларымызға кешіріммен қараумызға үйретеді.
Көрнекті қаламгер, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Стейнбек көптеген шедевр туындылардың авторы екенін білеміз. Сондай- ақ, ол эпистолярлық жанрдың да асқан шебері. АҚШ-та басылған «Хаттардағы өмір» кітабы жазушының өмірбаяны іспеттес, әр жылдарда жазған 850 хаты жинақталып жазушының тұтас ғұмырын тізген. Ол бұл хаттарды отбасына, достарына, қоғам қайраткерлеріне жазған. Сол хаттардың бірі – Стейнбектің үлкен ұлы Томға жазған жауап хаты. Том жазушы әкесіне Сьюзен есімді тамаша қызға ғашық болғанын жазады. Ал, әйгілі жазушы болса...
«Қымбатты Том!
Сенің хатыңды таңертең ғана алдық. Мен өз атымнан жауап қайтарамын, ал Элейн (Томның анасы) бұл мәселеге қалай қарайтынын өзі білдірер.
Біріншіден, сен ғашық болсаң бұл өте жақсы, тіпті бұл әр адамның өмірінде кездесетін сезімдердің ең тамашасы. Елеусіз қалмасын, ұсақталмасын бұл ұлы сезім.
Екіншіден, махаббаттың бірнеше түрі бар, балам. Оның бірі – өзімшіл, қатал сезім. Ол тек өзін ғана ойлайтын, өзін ғана бірінші орынға қоятын махаббаттың жексұрын түрі. Екіншісі... Екіншісі, ұлым, сенің бойыңдағы мейірімді, санаңдағы сыршыл сезімдерді оятады. Құрметті оятады, құрмет дегенім – мінез-құлқыңдағы өзгеріс қана емес, жаным, ол сенің ғашығыңды сөзсіз мойындауың, оның бойынан өзің ынтық нәрсені көріп құлай бас ұруың. Махаббаттың бірінші түрі сені әлсіз, ұсақ етеді, жүрегіңді жаншиды. Ал, екінші түрі саған қуат береді, санаңдағы мейірім мен даналықты оятады. Тіпті, ол сенің бойыңда ұйықтап жатқан талантты, шабытты оятады. Сен өзіңді танымай қаласың, ұлым!
Өз хатыңда сезімінің балаң махаббат еместігін жазыпсың. Мен сендім, жаным, сенің ойың осынша терең болса, сенің сезімің де алдамшы болмауы керек.
Бірақ сен қазір менен өзіңнің нендей сезімді бастан кешіріп жатқаныңды, өзіңе не болғанын сұрамайсың. Сен оны өзің де жақсы түсінесің, өзің де менен артық білесің, Том. Сенің менен білгің келгені, осы албырт сезімді қалай кірлетпей сақтаймын деген сауалдың жауабы ғой.
Менің айтарым, кеудеңдегі қуаныштан қуат ал, айналаңнан жақсылық сезін. Сенің сезіміңді оятқан жан дүниедегі ең сұлу, ең қымбат жан. Өзің оған сай болуға тырыс!
Егер сен біреуге ғашық болсаң, оған мұны айтудың еш сөкеттігі жоқ. Бірақ, ұлым есіңде сақта, кей адамдар тым ұялшақ болады. Олар өз сезіміне ғана емес, өзгенің сезімін де мойындауға дәрменсіздік білдіреді. Осы жағдайды есіңе сақтағайсың, жаным!
Қыздар бәрін алдын ала біліп отырады. Алайда олар бәрін сенің ауызыңнан естігісі келеді.
Кей жағдайда сенің сезіміңе жауап болмайды немесе өзің күткен жауап ала алмайсың. Еңсең түспесін, ол сезіміңді шынықтырмаса, сөндіре алмайды.
Ұлым, жарығым менің, мен сенің қандай күйде екеніңді білемін, не сезінетініңді түсінемін. Қатты қуанамын, себебі, мен де ғашықпын.
Біз Сьюзенмен кездесуге дайынбыз, танысуға құштармыз. Элейн барлығын жақсылап ойластырады. Айтпақшы, сенің алтын анаң да махаббат туралы көп нәрсе біледі. Тіпті, ол саған менен гөрі жақсырақ көмектеседі.
Том, жоғалтудан да қорықпа. Өмірде не болуы керек болса, сол болады. Ең бастысы, асықпа, құлыным. Жақсылық болуы керек болса, ол ешқайда қашпайды!
Сені қатты жақсы көретін, әкең». Нью-Йорк 10 қараша 1958 жыл. Бүкіл әлемнің зиялыларына белгілі Қайқаустың өзінің ұлы Гиланшахқа арнап 1082-83 жылдары жазған «Кабуснама» атты еңбегінің бір тарауында яғни, «Падишалықтың шарттары мен әдеті туралы» бөлімін оқығанда мынандай зор даналықпен айтылған қағидаларды кездестіреміз. «Ей, перзентім, егер падиша болсаң, өзіңді жаман істерден аулақ ұстай білгін. Жан дүниең таза болсын. Әр істі бастасаң ақылдың бұйрығына сүйеніп баста, ақылға сыймайтын іске қол ұрма. Падишаның ақылшылары – уәзірлері, олармен ойласып жұмыс істе. Көңілің істі ұнатса, жұмысты қалай аяқтауды ойлағын!».
Тарихта соңынан ерген балаларына хат жазған белгілі тұлғалардың бірі қытайлық бай-қуатты бизнесмен, миллиардер Джек Ма. Ол ұлына мына мың құбылған сайқымазақ, алдамшы өмірдің мәнін түсіндірмек болып төмендегідей хат жазыпты:
«Саған бұл хатты жазуыма 3 нәрсе себеп болды.Тағдырды болжап болмайды, ешкім де өзінің қанша өмір сүретінін білмейді, сондықтан кей нәрселерді ертерек айтқан дұрыс. Мен сенің әкеңмін, мұндай ақыл-кеңесті саған мен айтпағанда, кім айтады. Саған айтатындарымның барлығы менің өмір жолымда кездескен кедергілерден алған сабақтарым, сондықтан осы сәтсіздіктерімді қайталамауың үшін пайдасы болар деп санадым.
1 ) Сені жақтырмаған, саған нашар көзқараспен қараған адамдарға ешқашан ренжіме, өйткені шешең екеумізден басқа ешкім де саған борыштар емес. Егер де біреу саған қамқорлық танытар болса, оны қадірлей біл.
2) Өміріңде кездескен кез келген адамды немесе бағалы затты, басқа ешкім, ешнәрсе оның орнын баса алмайды деп қарама. Осы көзқараста мықты болсаң болашақта асылыңнан айырылып қалсаң да сабырлы бола аласың.
3) Өмір өте қысқа, дәл қазір уақытыңды босқа өткізіп жүргеніңді дәм-тұзың таусыла бастағанда білесің. Өмірді қаншалықты ертерек қастерлей бастасаң, өмірден алатын ләззатың да соншалық көп болады. Ұзақ өмір сүруді армандағаннан гөрі уақытты үнемдей білген дұрыс.
4) Махаббат деген біртүрлі сезім ғана, бұл сезім уақыттың өтуімен, ортаңның ауысуымен бірге өзгеріп отырады. Егер күндердің бірінде сүйгеніңнен айырылып қалсаң сабырлықпен күт, уақыттың өзі барлығын ұмыттырады, көңілің де сабасына түседі. Махаббаттан бал жұтам деп беріліп кетпе, махаббаттан келетін қайғыдан қабырғаң қайысып шөгіп кетпе.
5) Көптеген табысқа жеткен кәсіпкерлердің білімі орташа болған. Бірақ бұл құлшына үйренбеген адам да табысқа жете алады дегендік емес. Есіңде болсын, білімің ешкім сенен тартып ала алмайтын ең мықты қаруың. Адам білімсіз де кәсіп жарата алады, бірақ білімсіз бәрібір де оны дамыта алмайды.
6) Қалған өмірімде мен саған мені бақ деп талап қоймаймын. Дәл сол сияқты сен кәмелеттік жасқа жеткен соң менің де жауапкершілігім аяқталады. Өмір бойы қоғамдық көлікпен жүресің бе әлде «Мерседес» мінесің бе, қара көже ішесің бе, әлде май шайнайсың ба, ол өз қолыңда.
7) Өзің уәдеге берік бол, бірақ басқаларға бұл талапты қоя алмайсың. Басқаларға үнемі ілтипатпен қара, бірақ басқаларға да өзіңе жақсы көзбен қара деп талап қоя алмайсың. Сен оларға қалай қарасаң, олар да саған солай қарай бермейді. Егер осы ақиқатты жете түсіне алмасаң, өмірде басы артық келеңсіздіктерге ұшырай бересің.
8) Мен 26 жыл бойы лотерея билетін сатып алып келемін, әлі бірде-бір рет ұтқан жоқпын. Тіпті, 3-дәрежелі ұтысқа да жеткем жоқ. Бұл дегеніміз – адам табысқа жету үшін құлшына үйреніп, тынбай еңбек ету керектігінің дәлелі, мына әлемде ақы алмайтын асхана жоқ.
9) Өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан да ет жақын туысқандарыңды, жанашыр жақындарыңды қадірлей біл. Екеуміз де мәңгі бірге бола алмаймыз, қара көз жұмылған соң ешқашан қауыша алмаймыз.
Бұл хатты оқып біткен кезде сенде екі таңдау болады. Біріншісі, сен мұны одан ары дамытып, өзіңе мәңгі азық болатын рухани көмекші етіп сақтайсың. Екіншісі, ештеңе оқымаған, көрмегендей болып бұрынғы өміріңді жалғастырасың. Қойын дәптерімнен ертеректе бір дереккөздерден көшіріп жазып алған «Әкенің ұлына айтқан 10 ауыз сөзі» деген жазба кездесті. Онда мынадай жолдар бар екен:
- Ұлым, сұлу әйелге сүйсінем деп жанарыңды жоғары көтерме, өзіңдікі емес сұлуға сұқтана қарау жараспайды. Көп адамды әйелдің сұлулығы құртқан, өйткені сұлудың махаббаты күл қылып күйдіріп жіберетін жалын іспетті.
- Ұлым, ақылдыға ілессең, адаспайсың, ақымаққа ілесіп, ақыл қоспайсың.
- Ұлым, ағашты бұтағы мен жемісі, ал, тауды қалың орман қалай көркейтсе, еркекті балалары мен әйелі солай көркейтеді. Бауырлары да, әйелі де, ұлдары жоқ адамды жаулары көзге ілмейді. Ол жол айрығына өскен ағаш сияқты, әр өткен адам жемісін жұлып әкетеді, әрбір аң даладағы әр қабығын бір тістеп өтеді.
- Ұлым, тәтті тілмен сөйле, аузыңнан шыққан сөзің жылы болсын. Ит құйрығын бұлаңдатса тамақ жейтінін, абалап үрсе таяқ жейтінін есіңе сақта.
- Ұлым, кейін кеудемді бассын демесең, жақыныңа аяғыңды бастырма.
- Ұлым, алыстағы бауырыңнан қасыңдағы досың жақсы. Ажарлы болғаныңнан жақсы атыңның шыққаны артық. Өйткені, жақсы атың мәңгі қалады, ажарың таяды, жоғалады.
- Ұлым, достарың өзіңнен безіп кетпесін десең, әкеңнің достарынан өзің де алыстап кетпе.
- Ұлым, адамдар өз-өзімен таласып жатқан жерге жолама. Өйткені, талас көп жағдайда кісі өліміне себеп болады.
- Ұлым, өзіңнен үлкен кісіні көргенде, құрмет қылып орныңнан түрегел.
- Ұлым, егер сен: «Қайтсем ақылды болам?» деп жүрегіңмен қиналсаң, мынаны біл, аузыңнан жалған сөз шықпайтын болсын, өсиетке терең бол, өсек сөзге керең бол, қолыңды ұрлықтан ти, сонда ақыл кіреді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
«Amanat» партиясы жанындағы денсаулық және білім кеңесі және облыстық ардагерлер ұйымы жанындағы әкелер кеңесінің мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді