Қой кезекте дастан жаттаған бала
Қазіргі таңда оқушылар арасында байқаулар көп. Ол – жасөспірімдердің танылуына мүмкіндік. Сондай талантты баланың бірі – Ақкөл ауылы, Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Жүзбай. Алдиярдың ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысын байқаған аталған мектептің мұғалімі Ғалымжан Исмаилов болыпты. 9-сынып оқып жүргенінде мектептегі іс- шарада өлең оқыған Алдиярдың арғы жағында буырқанып жатқан талантты таныпты. Содан баланы көркөмсөз байқауына баули бастаған.
9-сынып оқып жүргенінде аудандық байқаулардан 8 рет екінші орын алыпты. Қазылар алқасы дауысы қанша өзгеше болып, бала барын салып тұрса да, екінші орыннан асырмапты. Сонда да талантты баланың сағы сынбай, дайындығын арттыра беріпті. Әбіш Кекілбайдың, Мұхтар Шахановтың, Нарша Қашағанның шығармаларын қойдың кезегін бағып жүріп жаттапты. Айдалада өрісте жалғыз өзі жүріп қалағанынша айқайлап, өнерін өрістетіпті.
Сөйтіп, 10-сыныбында «Әбіш Кекілбай оқулары» байқауының аудандық кезеңінен бас жүлде алады. Облыстық кезеңнен де бас жүлде иеленіп, Ақтауға республикалық кезеңге өтеді. Республикалық «Әбіш Кекілбай оқулары» байқауынан да бас жүлдемен оралады. «Талаптыға нұр жауар» деген осы.
Жақында ол шығармашыл оқушылардың республикалық «Ақберен» байқауынан жүлделі екінші орынмен оралды. Жетекшісі Ғалымжан Исмаилов Алдияр Жүзбаймен әртүрлі байқауларға 24 рет барғанын айтады. Қандай еңбек, десеңізші! Ал, талантты бала Алдияр Жүзбай:
– Ата-анам мен ұстаздарымның сенімін ақтағаныма өте қуаныштымын. Сенім артып жіберген мектебімнің директоры Айман Тілеукиеваға, бірге барған, мені дайындаған жетекшім Ғалымжан ағайға алғысым шексіз, – дейді ол.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді