Дүниенің ең тамаша туындысы – тәрбиелі адам

Дүниенің ең тамаша туындысы – тәрбиелі адам
ашық дереккөз
Дүниенің ең тамаша туындысы – тәрбиелі адам
Қазақ халқы бала тәрбиесіне бейжай қарамаған. «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілік жүктеген. Тәрбие беру тек ұстаздың ғана емес, барша халықтың парызы екені анық. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет. «Бала тәрбиесінің үлкен мектебі – ер мен әйелдің, әке мен шешенің бір-бірімен қарым-қатынасы» деп тамаша педагог-ұстаз Сухомлинский айтқандай, ата-анасы өз баласының тәрбиесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Бала тәрбиесі отбасынан, дәлірек айтсақ, бесіктен басталады. Осы орайда М.Жұмабаевтың «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн», деген сөзі әрбір ата- анаға ой салары анық. Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата- ананы өмірдің тірегі деп санайды. Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасынан басталады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Бүгінгі күннің, қазіргі жаһандану дәуірінің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отыр. Ал, оған қол жеткізудің алғышарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал, оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Сондықтан да «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезовтің сөзін естен шығармауымыз керек. Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектеп пен жалпыға бірдей орта білім беру ісін дамыту, жаңарту проблемаларының ауқымдылығы соншалық, оған жас ұрпаққа білім беру саласында жүрген азаматтармен қатар, ұлт тәрбиесіне бейжай қарамайтын әрбір адам өз үлесін қосуда. Халық Қаһарманы Б.Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөздерінде үлкен мән жатқанын баса айтқым келеді. Отбасы – ана-ата – мектеп үштік ұғымы біріккенде сапалы білім мен саналы тәрбие болады.  

Патима ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,

№47 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар