- Advertisement -

Кім боласың?

31

- Advertisement -

Жеті жасар кезім, бес жасар інім екеуміз шүйіркелесіп отырмыз:

– Өскенде кім боласың? – деймін.

– Летчик боламын, – дейді ол көп ойланбастан.

Дәл сол мезетте соғыс жайлы фильм көрсетіліп жатқан еді. Көкке көтерілген ұшақтың лезде қанаты жанып, жерге құлады. Бала жүрегім шаншып қоя берді. Жақын адамдардың бір-біріне жай аман жүргенінің өзі соншалық қымбат екенін ұғып, інімді қапсыра құшақтай алдым да:

– Нұржан, аспанда ұшып өртенгенше, жерде-ақ қасымда аман-есен жүре берші, – деймін мұңайып. Теледидардан көргені бар, менің қылығымның әсерінен де зәре-құты қалмаған інім сонда жалынып:

– Мақұл, әпкетай! Бірақ енді мен кім боламын, а? Енді өскенде қандай жұмыс істеймін, айтшы, а? – дейді жыламсырап.

Мен бұл сұрақты жауапсыз қалдырамын. Өйткені, оның енді кім болатыны жайлы ұзақ ойлануға тура келетін. Ішімнен «ол өз жұмысын өзі табу керек» деп топшылайтынмын.

Уақыт өте келе інім сымтемірлерді иіп, ілмегі бар трактор жасап алатынды шығарды. Оның бала қиялының дәлдігі сонша, үйге келген үлкен кісілер шынашақтай баланың қолдан жасаған тракторына қызыға қарап, бала біткен осы бір ерекше ойыншықтармен ойнауға бола үйімізден шықпай қоятын. Інім болса ешкімге көңіл бөлмейді. Әдетінше кезекті «тракторын» құрастырып бітіре салып, «тіркемесіне» қағаз толтырады да:

– Мен келдім, ақша салайын, етегіңді тос, мама, – деп тіркемедегі ақ қағаздан жасаған ақшаларын анама беруге асығатын. Анам да бар ісін тастай салып, ұлы шын ақша алып келгендей етегін тосып тұра қалады.

Жиырма жыл бұрынғы қиялы бүгінде шынайы өмірге ұласты. Інім тракторының соңына түсіп, «заңгер» дипломын сандыққа салғалы қашан?! Қазір механизатор…

Кеше үш жасар ұлы әкесі жасап берген тракторымен ойнап отырып:

– Апа, топырақ түсірдім. Ақшаны санап ал! – деп жүгіріп келді.

– Өй, жаман! Әкеңнің трактәріс болғаны аз ба еді?! – деді келінім жақтырмай.

Ал мен бала күнімде кісі келсе орталарына отырып, өсек тыңдағанды ұнатады екенмін. Қолымнан шанышқы түспейтін, кім сөйлесе соның аузына тосамын.

– Бұл не? – дегендерге:

– Микрофон, – деймін саспай.

Иә, мамандығым – журналист. Көршінің ұлы кішкентай кезінде арықтың жағасындағы балшықпен ойнағанды ұнататын.

– Не істеп отырсың? – дегендерге:

– Үй салып отырмын! Бәріңе үй салып беремін, – деп мәз қылатын.

Қазір құрылысшы…

Бала көңілдің алдамайтыны рас болғаны ма?..

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support