Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет
ашық дереккөз
Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің мәртебесін көтеруге үндеу жасады. Оның үстіне, жыл сайын жалақысын өсіріп, ұстаздарға материалдық қолдау көрсетіп келеді. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» демекші ұстаздық жолды таңдап, балаға бағыт-бағдар көрсетіп, білім нәрімен сусындатуды әр мұғалім адал міндеті санайды. Бала қабілетін шыңдап, әр әріпті ыждағаттылықпен үйреткен ұстаз ғана оқушының шынайы ықыласына бөленеді. Өңірімізде өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған мұғалімдер аз емес. Ұлы Абай айтқандай, «Ақырын жүріп, анық басып, еңбегі далаға кетпейтін» педагогтердің бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Гүлфайраз Асылбекова. Ол – Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Керейт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдайды. Содан бері табан аудармай Тараз қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ұлағатты ұстаздың қол жеткізген табыстары өз алдына бір төбе. Адал еңбегіне сай бірнеше Алғыс хаттар иеленіп, біліктілік дәрежесін көтерді. Кейіпкеріміз өз ойын еркін жеткізе алатын білімді, дарынды шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты ұстаным санайды. Дарынды оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, жетекшілік етуінің арқасында шәкірттері көптеген белесті бағындыруда. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда еңбегі ерен. Бүгінде шәкірттері үлкен жетістіктерге жетті. Республикалық ғылыми жоба байқауында оқушылары Ақбота Рүстембек пен Аяулым Көлжігіт жеңіс тұғырынан көріне білді. 2016-2017 оқу жылы республикалық «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасына қатысып, еңбектері «Жылдың үздік сабағы» жинақ кітабына енді. «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталып, мерейі тасыды. «Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болу үшін білім саласында көш бастап тұруымыз керек. Сол себепті әлемдік бәсекеде бой көрсетіп, білім арқылы талай биік шыңды бағындырсақ дейміз. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстанның болашағы солардың қолында болады. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – қиын әрі жауапты жұмыс. Біз бұл үдеден шығуға тырысамыз», дейді өзі. Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр- сырын тануға баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алатыны анық. Өйткені ұстаздың есімі ғана емес, қызметі де ұлы.  

Айгүл ИСАЕВА,

Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп- гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар