«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы

Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы
ашық дереккөз
Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы
Әр дәуірдің өз талабы бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияны меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы десек, осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте 2022 жылғы 1 ақпанда мемлекеттік аппараттың қызметіне жобалық басқаруды енгізу жөніндегі жұмыстар талқыланған болатын. Үкімет орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру үшін жобаларды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының «Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлпара Ташенова орталықтың атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарда жобалық кеңселер құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс әкімінің өкімімен аталған орталықтың базасында жобалық кеңсе құрылған. Кеңсе басшысының, бас менеджері мен әкімшісінің, базалық бағыттар басшыларының, сондай-ақ басқарушы комитет құрамының жобалық рөлдері бекітілген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес, «Адами капитал», «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп», «Инфрақұрылымды дамыту» және «Агроөнеркәсіптік кешен» сияқты бес базалық бағыт бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын іске асырудың бірыңғай жобалық архитектурасы және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен біліктілігін арттыруға бағытталған бесінші «үлгілік базалық» бағыт айқындалған. Бүгінде жобалық кеңседе ұлттық жобалық кеңсемен, орталық мемлекеттік органдардың жобалық кеңселерімен және облыстық басқармалардың жобалық топтарымен өзара іс-қимыл жасайтын алты адам жұмыс істейді. – «Аmanat» партиясы 2021 жылы пилоттық режимде өзгеріс жолын жариялады. «Ауыл – ел бесігі» сайлауалды бағдарламасы аясында және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Easy project» ақпараттық жүйесі арқылы жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ, осы жылы 10 ұлттық жобаны, Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын, республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тарқатып айтар болсақ, штабтың 85 отырысы өткізілді. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың жобалық қызметін ұйымдастыру бойынша консультациялық-әдістемелік қолдау және сүйемелдеу тұрақты негізде көрсетіледі, – дейді мекеме басшысы. Гүлпара Алашбайқызының мәліметіне сүйенсек, «Easy project» ақпараттық жүйесіне іс-шараларды енгізу бойынша мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлеріне тәжірибелік оқыту жүргізілген. Сонымен бірге, күн сайын мемлекеттік органдардың жобалық кеңселерімен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді. Ал, ақпараттық жүйеде жұмыс істеуде 541 есептік жазба алынған. Мемлекеттік органдарда жобалық менеджментті сапалы енгізудің маңызды мәселелерінің бірі – жобаларды басқару саласындағы құзыреттер бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту және сертификаттау болып табылатынын атап өткен жөн. – Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында жобалау кеңсесі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ҚР СТ ISO 21500-2014, ISO 21502-2022 ұлттық стандартының жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулығы бойынша оқыту ұйымдастырылды. Тағы бір айта кетерлігі, 99 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырып, оның 45-і аттестатталды, – дейді Гүлпара Алашбайқызы. Айта кету керек, орталықтың жұмыс жоспарына мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарларын, сондай-ақ аудан әкімдері мен орынбасарларын, ауылдық округ әкімдерін оқытуды ұйымдастыру жатады. Сонымен қатар, басқарма басшыларына мемлекеттік басқару академиясында өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту курстарынан өтуін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Битрикс бірыңғай ақпараттық жүйесінде жобалар жүргізеді. Одан бөлек, аталған ұлттық бағдарламалар мен тұжырымдамалардан басқа Президент Жолдауының жобалары орындалады.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар