Сайлауалды уәделерді орындау жолында
Жақында Amanat партиясының барлық деңгейлі мәслихаттар депутаттарының облыстық I форумы өткені белгілі. Аталған форум тек оның қатысушылары үшін ғана емес, облыс тұрғындарына да ерекше маңызы бар қоғамдық-саяси оқиға болды деп есептейміз. Өйткені, бұл күні депутаттар мен билік өкілдерінің арасындағы сындарлы диалог барысында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелер талқыланып, оң шешімдер қабылданды деуге толық негіз бар. Баршаға белгілі, өңірдегі депутаттардың 70 пайызы «Amanat» партиясының мүшелері. Жоғарыда аталған форумға олардың барлығы дерлік қатысты. Бұл – өте үлкен күш. «Аманаттықтар» жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің өзегін құрап, көшін бастап келеді. Мәслихаттардың рөлі мен мәртебесі айтарлықтай өзгерді. Мажоритарлы жүйемен өткен сайлауда халық өз таңдауын жасап, мәслихат құрамына халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері сайланып, барлық тарап қамтылды.
Міне, сайлаудан бері 8 ай өтті. Осы мерзімде біздің депутаттар бірқатар тынымды тірліктер атқарып, халықпен бірге болды. Біріншіден, сайлауалды уәделердің орындалуын басты бақылауға алды. Жаңарған саяси жүйеде мәслихаттар өте маңызды рөл атқаруда. «Мәслихат төрағасы» деген жаңа лауазым енгізілді. Төрағалар және мәслихат депутаттарының басым бөлігі біздің депутаттар болғандықтан, бюджеттен қаражат бөлуде халықтың сұранысы мен сайлаушылардың аманаттарының орындалуына баса мән берілуде.
Сайлау науқанындағы сайлаушылардың талап-тілегі негізінде қалыптастырылған Amanat партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған өңірлік жол картасының 103 көрсеткішінің 48-інің (46,6 пайыз) орындалуына қол жеткізілді. Жол картасы аясында 12 нысан қолданысқа берілді. Атап айтсақ, олардың ішінде үш білім беру нысаны – Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы 150 орындық мектеп, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы 300 орындық мектеп, Меркі ауданындағы музыка мектебі бар. Сонымен қатар, екі медициналық нысан – Тараз қаласында 200 орындық облыстық онкологиялық диспансер, Байзақ ауданында 250 орындық аудандық емхана, Қордай және Меркі аудандарында мәдениет үйлері, Жамбыл, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жамбыл ауданында 720 миллион теңге инвестициямен «Almaly resort» этнотуристік демалыс аймағы ашылып, 45-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Депутаттардың ендігі міндеті – қалған көрсеткіштердің сапалы орындалуына партиялық, қоғамдық бақылау орнату, мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының биылғы сайлауы науқаны барысында сайлаушылардан 1251 аманат түскен болатын. Оның ішінде қайталанған 413-ін алып тастағанда, 838 аманат (Өңірдің жол картасына 439 аманат енгізілген, оның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттарына – 36, облыстық мәслихат депутаттарына – 41, қалалық және аудандық мәслихаттың депутаттарына 761 аманат бөлінген) тиісті сайлау округтеріне байланысты әрбір фракция мүшелеріне бөлініп, іске асырылу барысы партия тарапынан бақылауда тұр. Қазіргі таңда 838 аманаттың 618-і, яғни 74 пайызы орындалған, қалғаны орындалу үстінде.
Партиялық жобаларды жүзеге асыруда мәслихат депутаттарының үлесі зор. Бүгінгі таңда қоғамның түрлі әлеуметтік топтарына бағытталған 16 партиялық жоба жүзеге асырылуда. Биылдан бастап «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» және «Кітап-Аманат» жобалары іске қосылды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы – Halyk Bank-пен бірлесіп атқарылып жатқан ауқымды бастама. Бұл тұрғындардың борыштық жүктемесін азайтып, қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, қолда бар қаржыны тиімді жұмсауға бағыттайтын тиімді жоба. Жоба аясында өңірде 10 мың адам оқытылып, оған қосымша ауыл тұрғындарының сұранысымен он ауылда 1 мың адам арнайы курстан өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұл жобаны ерекше атап өтіп, Үкіметпен бірге кеңейтіп, сапалы іске асыруды тапсырды.
Қоғамның дертіне айналған мектептердегі буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, есірткінің таралу қаупіне де партия баса мән береді. Бұл мәселелер бүкіл қоғам бірлесіп күш жұмылдырып, жұртшылық жаппай құқық пен тәртіпті сақтаған кезде ғана шешіледі. Бұл мақсатта білікті адвокаттардың, медиаторлардың, заңгерлердің және депутаттардың қатысуымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы іске асырылуда. Жыл басынан бері 215 тақырыптық қабылдау өткізіліп, 863 адамға көмек көрсетілді.
Тағы бір ауқымды жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты». «Amanat» партиясының бастамасымен өткен жылы өңірдегі 153 ауылдық округ әкіміне арнайы үш күндік оқу семинары ұйымдастырылып, жоба аясында барлық ауылдық округтерді қамту мақсатында скрининг өткізу мәселесі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін және оның мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында биыл жоба аясында қамтылатын 26 ауылдық округ тұрғындарына семинар-марафон ұйымдастырылды. Бүгінгі күні партияның барлық филиалдарында «Ақпараттық қолдау орталықтары» ашылып, тұрғындардың жобаға қатысты жекелеген сұрақтары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында қазіргі таңда 2136 жоба мақұлданып, соған сай өтінім берген тұрғындарға 12 миллиард 187 миллион теңге аударылды. Өзінің кәсібін дамыта отырып, тұрмыстық әл-ауқатын арттырған 50-ге жуық азамат әлеуметтік желілерде партияға деген алғысын айтып, жобаның тиімділігі туралы өздерінің ойларымен бөлісуде.
Ауылдық жердегі тағы бір өзекті мәселе – жайылымдық жерлер. Бұл мәселені қолға алу үшін партияның бастамасымен былтыр «Жер аманаты» жобасын іске асыру қолға алынды. Жоба аясында облыстық «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, құрамына құзырлы органдардың өкілдері және азаматтық ұйымдардың мүшелері енгізілген болатын. Өткен жылы аталған жоба аясында облыста жалпы көлемі 208,2 мың гектар жер қайтарылды. Оның 199,7 мың гектары – жайылымдық жерлер. Ал, осы жылы жоба аясында 140 мыңға жуық жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жалпы, партиялық жобаларды жүйелі іске асыру және ілгерілету мақсатында әр жобаға облыстық мәслихат депутаттары бекітілген. Аумақтық филиалдар да осы үрдісті қолға алып, әр жобаға аудандық мәслихат депутаттарын бекітіп, партиялық жобалардың тиімді жұмыс атқаруына ықпал етуі қажет деп есептейміз. Осы арқылы партияның идеологиялық ұстанымын насихаттау тиіс.
Депутаттар жұмысының тағы бір бөлігі – олардың фракция құрамындағы белсенділігі. Әрбір фракция мүшесі сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жол картасындағы әрбір көрсеткішке бекітілген. Бүгінгі күні фракциялардың 61 отырысы өтіп, оларда 136 мәселе қаралған. Айта кетсек, облыстық фракция отырыстарында жол картасындағы көрсеткіштердің орындалуы бойынша басқарма басшыларының және облыс әкімінің бірінші орынбасарының есептері, ал аумақтық деңгейде жергілікті әкімдіктердің бөлім басшылары, аудан әкімінің және олардың орынбасарларының есептері тыңдалып, өзара әріптестік іс-әрекеттің қалыптасуына септігін тигізуде. Сонымен қатар, партия филиалдары жанында консультативті-кеңесші органдарымыз да қызмет етіп, фракция мүшелері белсенділік танытуда.
Кеңес отырыстарында жергілікті атқарушы органдар мен басқа да лауазымды тұлғаларды шақырып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, бірлесіп шешімін табуға болады. Мәселен, жыл басынан бері кеңестерде 82 отырыс өткізіліп, оларда 96 мәселе қаралған. Жиын қорытындысы бойынша мекемелерге жолданған 500-ге жуық ұсынымның бүгінгі күні 381-і орындалып, өз шешімін табуда.
Фракция мүшелерінің тағы бір маңызды жұмысының бірі – сайлаушылар мен оларды сайлауға ұсынған бастауыш партия ұйымдары арасында кездесулер өткізіп, атқарған жұмысы бойынша есептерін беруі. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыс кемшін қалып отырғанын айта кеткен жөн. Мысалға, әрбір фракция мүшесі кем дегенде мұндай шараларды тоқсанына бір рет өткізуі тиіс. Әрине, тек кездесіп қана қоймай, ондағы айтылған талап-тілек, ұсыныстарды мәслихат сессияларында, фракция отырыстарында көтеріп, оны шешу жолдарын қарастыру қажет. Бұл жұмыстар әрбір фракция мүшесіне және біздің партиямызға халықтың сенімін арттыра түсетіні анық.
Депутаттық мандатқа ие әрбір аманаттық партия мүшесінің маңызды міндеті – азаматтардың өтініш, талап-тілектерін орындау. Биыл фракция мүшелері 332 қабылдау жүргізіп, онда 817 адам қабылдап, оның 538-і немесе 66 пайызы оң шешімін тапты. Қалған 279-ына немесе 34 пайызына заң аясында түсініктеме берілді. Депутаттық фракция мүшелерінің белсенділігінің және де партия филиалдарының жіті бақылауының нәтижесінде осындай көрсеткішке жетіп отырмыз. Алайда, бұған тоқмейілсімей, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыруымыз қажет. Себебі, әрбір өтініштің артында халықтың үлкен сенімі тұр.
Өңірдегі барлық деңгейдегі депутаттық фракция мүшелерінің алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі – сайлаушылармен кері байланыс орнату. Бұл орайда депутаттар ақпараттық технологияның дамыған заманында әлеуметтік желіде белсенділік танытып келеді. Себебі, ХХІ ғасыр – ақпараттық майдан дәуірі. Әріптестеріміз ақпарат ағыны арқылы атқарып жатқан жұмыстарын үздіксіз көрсетіп келеді.
Фракция мүшелері депутаттық міндеттерін орындау бойынша әлеуметтік желілерде 2500-ден астам пост жазды. Ол жарияланымдарда халық қалаулылары партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларындағы тұрғындарды қабылдауы, халықпен кездесулер барысында айтылған проблемалар, мәслихат сессияларындағы өзекті мәселелер, жол картасы аясында салынып жатқан нысандардың сапасын бақылау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы ашық көрсетуде. Әрине, әлеуметтік желіден бөлек, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен де берік байланыс орнатылған. Биылғы тамыз-қыркүйек айларында фракция мүшелері брифингтер ұйымдастырып, атқарған жұмыстарының есептерін берді. Ол бойынша облыстық телеарналарда ондаған сюжеттер, газеттерде мақалалар, сайттарда материалдар жарық көрді. Оларда «Amanat» партиясы «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттер мен қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Бұдан өзге облыстық, қалалық басылымдарда фракция мүшелерінің сұхбаттары жарияланды. Әлбетте, алдағы уақытта фракция мүшелері әлеуметтік желіде белсенді жұмыстарын жалғастыра беруі қажет. Ол үшін сайлаушылардың алдында берген уәделерінің орындалуы бойынша «Айтылды, орындалды» айдарымен посттар жариялап отыруы тиіс. Бұл өз кезегінде сайлаушылармен кері байланысты нығайтады.
Жақында ғана партия орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция мүшелерінің биылғы сәуірден бергі жұмысына талдау жасау қажеттілігі айтылды. Осыған байланысты партия облыстық филиалы тарапынан фракция мүшесі жұмысының жылдық есебі бойынша жадынама жасалып, аудандық филиалдарға жіберілді. Ендігі кезекте 20 желтоқсанға дейін атқарған жұмыстарының жазбаша есебін тиісті партия филиалына жолдаулары қажет. Қоғамдық пікірдің көшбасшысы ретінде реформаларды жүзеге асыруға атсалысып келе жатқан депутаттарды өмірлік және кәсіби тәжірибелері мол, мемлекеттік ұстанымы берік, өз ісінің білікті маманы деп білемін. Сондықтан, өзгерістер қарқыны депутаттардың өздеріне байланысты болмақ. Біздің мақсатымыз айқын, ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру.
Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,
Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді