- Advertisement -

Танысу да, табысу да – өнер

25

- Advertisement -

Жиырмадан енді асқан көктемім еді. «Маған қыз қарамайды, көмектесші» деп өзіммен қатар досым қоңырау шалып, мұңайды. Алпамсадай денесі, кісі қызығарлық келбеті бар, өзімізге ісі мен сөзі түзу көрінетін жігітке қарап көп ойландым. Мін табыла қоймаған соң: «Қызбен кездесерде, мені ертіп бар» дедім бақылап көрмекші болып. Келістік. Бардық. Бұл қызбен танысқаны кеше ғана, бірінші кездесуі екен.

Салған жерден «Бұрын байың болып па еді?» дегені. Әлгі қыз ыңғайсызданып қалды. Мен түртіп жіберіп, алара қарасам: «Енді жігіті болды ма, болмады ма, білейін дегенім ғой» деп қояды. Ұятсыз анекдот айтып, ерсі сөзді көбейтті әйтеуір. Не керек, ішпей-жемей жұқсыздық танытты.

Маған да бір жігіт қоңырау шалатын. Бір күні сөз салды. Барлық қыз сияқты «Ойланамыз» дедік те қойдық. Ол уақыттың сәні «домашний телефон». Қоңырау шалып сөйлескеніміз болмаса, әлі кездеспедік те. Қазіргідей смайлик те жіберетін кез емес. Бір күні әлгі жігіт «Киноға барайық» деді. «Ок» деген жауаптың шыға қоймаған уақыты, кәдімгідей тамағымды қырнап, ұяң дауыспен «Мақұл» дедім.

Іштей мәзбін. Ол да қуанып кетті білем, бірден «Саған ақша берейін», – деді. «Неге?» – деп сасып қалдым. Сөйтсем: «Студентсің ғой. Қаймақ пен нан алып же. Сен негізі неше килограмсың?» – деді сосын. «55» – десем, «Мәәә, бойың 45, салмағың 55. Табаааақтай екенсің ғой» – дейді. Тұтқаны қоя салдым. Киноға бармадым, қаймақ пен нан да алып жемедім. Сөйлескім де келмей қалды.

Бұл жастық шақтың әлі оңы мен солын тани қоймаған кездің қызығы делік. Осы қырыққа таяған қырма сақалдардың да қылығын көріп, қылғынып қала жаздадық кеше.

Әлі оң босаға аттамаған, бірақ жасы егде тартқан құрбым: «Шұғыл үйге келші» деген соң бардым. Шашын бұйралап, тырнағын боятып, кірпігін өсіріп, қырықтан асқан азаматпен кездесейін деп отырғанын, жалғыз шығуға қысылып тұрғанын айтты. Көп күттірмей телефон шыр етіп: «Есік алдында тұрмын» деген жігіттің даусы естілді. Бар жақсысын киіп шыққан құрбыма іштей бақыт тілеп, шашбауын көтеріп ілестім.

Ай мен дүкеннің жарығы бетіне түскен еңгезердей еркек, ыржалақтай қарсы алды. Қолында түссіз целлофан. Ішіндегі екі тандыр нанды шығарып, бір-біреуден құрбым екеуміздің қолымызға ұстатты. Құрбым:

– Бұл не? – деді абдырап.

– Жәй, жеп алайық – дейді жігіт жайбарақат.

Құрбым «Көшеде тұрып нан жейміз бе енді?» – десе, әлгі қырма сақал: «Жоға, скамейкаға отырып жей бер», – деп қояды. Сөйтіп, көңіл қосқысы келген екі жалғыз, бірден екі жаққа кетті…

Кей адамдар алғашқы кездесуден-ақ ағаттық танытып, таңғалдырады. Бірде кешкісін жұмыстан шыққан құрбымды жаңа сөйлесіп жүрген жігіті көлігімен алып кетеді. Сөйтіп, дүңгіршекке тоқтап, бір донер мен кола алып келіпті де: «Жұмыстан шығып ем, қарным ашып кетті», – депті. «Менің де қарным ашып тұр», – депті әдейі қыз. Сөйтсе жігіт «Үйіңе барып ішесің ғой», – депті де, қолындағы донерін қомағайлана жеп, коласын ішіп отыра беріпті.

Жасы алты қырды асса да, «оңған қыз кездеспеді маған» немесе «қыз қарамайды» дейтін жігіт ағалары бір сәт өз қылығына ой тастаса дейсің мұндайда. Қызбен сөйлесе білу де бір өнер.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support