- Advertisement -

Берері мол жинақ

45

- Advertisement -

«Анаға тағзым» орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аударма жасауды меңгерген тұңғыш қазақ қызы Камал Әлпейісованың «Қайтсек ұрпақ өседі өрелі боп» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиын барысында Абай Құнанбаев атындағы кітапхана қызметкерлері кеш иесінің өмірбаяны мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырып, көрермендерге ұсынды.

Кеш шымылдығы автордың «Айтылмаған әңгіме» кітабындағы «Бақыт пен мұң» шығармасы бойынша М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-нің «Мәдени тынығу» мамандығы студенттерінің композициялық қойылымымен түрілді. Қойылым барысында өнерін ортаға ұсынған қыз-жігіттер шынайы образдары арқылы көптің сүйіспеншілігіне бөленіп, алғысын алды. Сонымен қатар, орталықтағы «Сырғалым» сырласу клубының мүшелері Аружан Манап, Гүлназ Жамалбек, Зарема Ғабидулла жазушының өмірбаянына шолу жасады.

Кездесу барысында ғылыми-зерттеулері, мақала мен сұхбат, шығармалары арқылы қазақ мерейін аспандатып жүрген қаламгер ел мен жердің қасиеті, сөз өнері мен тіл мәртебесі, жалпы үлкен мен кішіні құрметтеу турасында кеңінен әңгімеледі.

– Өмір бойы санамнан шықпайтын мәселелер «Болашақ ұрпақ қалай бақытты, һәм саналы азамат болады? Ол үшін не істеу керек? Қалай оқытып, қалай тәрбиелейміз?» деген сауалдардың төңірегінде өрбиді. Міне сол тұрғыдан жазылған еңбектерім бүгінгі кітабымда жинақталып отыр. Бұл туындының Әулиеата өңірінде тұсауы кесіліп жатқанына қуаныштымын, – деді жазушы.

Сондай-ақ, поэзия жанрында да қалам сілтеген Камал Әлпейісованың сөзі мен композитор Мақсат Жәутіковтің өлеңіне жазылған «Сен қаласаң» әнін Балауса Бисенқызы нақышына келтіріп орындады.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support