- Advertisement -

Желтоқсан

51

- Advertisement -

1986 мәңгі қалды санамда,
Естігенбіз ұзынқұлақ хабар да.
Қазағымды неге орнынан алды деп,
Ыза қысып жастар шықты алаңға.

Алаң толды, көңілі алаң халыққа,
Қара хабар айналғанда аныққа.
Тас жаратын толқын тулап сол кезде,
Ол толқынға төтеп бермес жарлық та.

Әр халыққа өз көсемі – сыңар бақ,
Шерулетіп, көшелерде ұран сап,
Өкіметтің ордасына беттеді,
Әскерлер мен жасақшылар құрған сап.

Екі жақ та келді міне беттесіп,
Зауал артып, зұлмат кешіп, кектесіп.
Ар мен намыс, ұрпақ үшін жан пида,
Тұрған еді қалың нөпір серттесіп.

Айтты жастар әділдік іздеп жеткенін,
Қиянаттық шектен шығып кеткенін.
Қанағат етер жауап егер болмаса,
Білдірді олар бұл алаңнан кетпесін.

Лайық па еді бұйрық келіп басқа ұрса,
Жауыздыққа жауқазындай жас мұнша.
Сол бұйрықты аңсап-күтіп тұрғандай,
Лап берді қалың әскер қасқырша.

Әр қадамда қан аралас жас пен тер,
Өгей мұңнан өңі қашып өскен жер.
Қырып салды қыршындарды қыңқ етпей,
Тастай суық қаруланған әскерлер.

Қанға бөкті мынау алаң табанда,
Үзілді үміт әрбір соңғы қадамда.
Адам шошып, ат үркетін қанқасап,
Залалымен зілін артты заманға.

Екі күнде екі жақтан аңдысып,
Екі түнде екі жақтан алысып.
Аяусыздан басып-жаншып тастады,
Үйренген ғой қаһарлы әскер қан ішіп.

Бұдан кейін жазалаулар басталды,
Қара бұлттан жауын емес, жас тамды.
Қаскүнем деп қаралады қаймықпай,
Маскүнем деп жалалады жастарды.

Арман, сенім жанып жатты жалында,
Халық үшін берді жастар жанын да.
Тектілігін намысты елдің ұрпағы,
Дәлелдеді ажалдың да алдында.

Түптің түбі жеңіп шықты бұл шындық,
Енді мұндай сұмдықтарды білмейік.
Тарих әлі таразылар әділін,
Кейінгілер айтып жүрсін жыр-күй ғып.

 

Нұрлан ШОҚАЛАҚ,
желтоқсаншы.
Талас ауданы, Қызыләуіт ауылы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support