Білікті дәрігер, білімді ұстаз

Білікті дәрігер, білімді ұстаз
ашық дереккөз
Білікті дәрігер, білімді ұстаз
Адам баласы өзгеден ақыл-парасат, білімімен озатыны жайлы хакім Абайдың толғана айтып кеткені бекер болмаса керек. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...», –дегенді айтып кеткен де данышпан Абай. Біз елімізге кеңінен танымал ғалым, профессор, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, бұл күнде бақилық болған Тұрар Көкеев жайлы осылай тебіреніспен қалам тербеп отырмыз. Қазаққа еліне қиын тиген, аты жаман аштық жайлаған 1933-ші жылы Қойшығара Көкейұлының отбасында өмірге келген Тұрардың балалық шағы – алаңсыз бақытты күндерге толы болған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында 8-9 жасар ауыл баласы ретінде тылда қалған қарттар, әйелдерге болысып, бұғанасы қатпай тұрып еңбекке араласты. Әкесі Қойшығара майданда. Ол бала көңілімен асқар тауының майданнан аман оралуын тіледі. Бұл тілек сол жылдардағы кеңестік әр отбасының тілегі емес пе еді? Бала тілегі қабыл болды десе де болар. Әкесі Ұлы Отан соғысынан кеудесіне тиген оқтан өкпесі зақымданып, ауыр жарақатпен елге құр сүлделері оралды. Ауыр дерттен қажыған əкесі есін біліп қалған Тұрарды басынан сипап отырып: «Оқуға ықыласың бар дейді, өскенде дəрігер болуға талпын. Құдайдан тілеуім осы», деп өсиет-тілегін жеткізді. Арада аз ғана күн өткенде әкелері бақилық болып, 12 жасар Тұрар қарындасы Қыздархан мен інісі Тұрғын үшеуі көз жасын көл еткен сырқат шешелерін пана тұтып қала берді. Бірақ, әке шіркіннің өмірден озарында: «Оқуға ықыласың бар дейді, өскенде дəрігер болуға талпын», – деген сөзі өмір бойы қамшы болды. Соғыс жылдары Талас ауданында да жер аударылып келген орыстар, өзге ұлттар ауыл-ауылға таратылып, қоныстандырылды. Момын қазақ ауылына өзгерістер келді. Үшаралдағы жеті жылдық орталау мектепте 7 қазақ класы, 4 орыс кластары болса, енді керісінше 7 орыс класы, 4 қазақ класы болып шыға келді. 4-ші қазақ класын түгескен Тұрар енді тек орысша класта оқуды жалғастыруға тура келді. Мектептегі мұғалімдер дені Ресейдің Еуропа жағынан жер ауып келгендер еді. Олар өте білімді еді. Осында алған білім Тұрарға өмір бойы азық болды десе де болғандай. 19 жастағы Тұрар Жамбыл медучилищесін үздік бітіріп, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік дəрігерлік институтына емтихансыз қабылданды. Шалғайдағы ауылдан келген қазақтың қара домалақ баласы институтты Сталиндік стипендиямен оқып, қызыл дипломмен бітіріп шыққаны шалғайдағы Талас топырағына шексіз қуаныш сыйлады. Әрине, ол уақытта жоғары білімді дәрігерлер аудан түгілі облыс орталықтарында саусақпен санарлықтай аз еді. Ең бастысы – Тұрар Қойшығараұлы әкесінің өсиетін орындап, үмітін ақтағанына қуанды. Тұрар Көкеев туралы әр жылдары түрлі деңгейдегі баспасөз беттерінде мазмұнды мақалалар жарық көрген екен. Сол еңбектерде де бірталай құнды мәліметтер келтірілген. Мәселен, журналист Әділбек Баққараұлы: «Ауданда алғаш рет операцияларды наркозбен жасауды қолға алған Тұрар Қойшығараұлы болды. Алпысыншы жылдары шалғайдағы Ақкөлде қайбір жағдай бар еді. Жұқпалы түйнеме ауруын алғаш анықтап, ол кейін облыста дəлелденді. Табиғаты қатал, шөлді өңірде осы құрғақшылыққа байланысты адам ағзасында судың, тұздың алмасуының бұзылуынан болатын кеселдер («тұз кесел», «су кесел») жиі кездесіп, оның соңы гастроэнтеропатияға əкеліп соғатыны дəлелденген жай. Жартылай шөлейт аймаққа қоныстанған таластықтар үшін көндіккен жай еді бұл. Осы кеселдердің түрін, жай-жапсарын реттеп, диагностикасын, оны емдеу жолдарын жас маман Т.Көкеев ғылым жолымен зерттеуге бел буады. Əлі есінде, құмдағы малды ауылдан келген жүкті келіншекті қолдан босандырғаны. Өлім аузынан қалған келіншектің ата-енесі немересіне ғұмыр сыйлаған дəрігердің құрметіне дүниеге келген ұлдың есімін «Тұрар» қойыпты. Сол Тұрар кейін есейіп, үйлі-жанды азамат атанғаны – қандай қуаныш. Кеше майданда өз халқын жаудан қорғаған батырдың перзенті білікті дәрігер болып, тұрғындардың денсаулығын қорғап жүргені қандай үйлесім десеңізші! Алпысыншы жылдардың басында сол кездегі Үкімет кенжелеп қалған медициналық саланы ұлттық кадрлармен толықтыру, күшейту саясатын ұстанды. Бұл оңды саясат кейін жемісін берді де. Бүгінгі атақты Мұхтар Əлиев, марқұм академик Бейнеш Жарбосынов, Жамал Аппасова сынды ондаған медицинаның білгірлері сол кезеңнің түлектері еді. Олай дейтініміз, институттың ең үздік студенті болған жас маман Т.Көкеев ұлттық ғылыми кадрлар даярлау жоспарына сəйкес, аспирантураға шақырылып, белгілі ғалым-хирург М.И.Брякин басқарған госпитальді хирургия кафедрасының аспиранты атанды. Ал, сол кездегі Шымкент облысының Отырар ауданынан оралған Мұхтар Əлиев 1958 жылы Алматы медицина институтының факультеттік хирургия кафедрасының екі жылдық клиникалық ординатурасына қабылданып, оны бітіргеннен кейін Мемлекеттік клиникалық ауруханаға хирург қызметіне шақырылады. Дəрігер, ғалым, ұстаз Тұрар Көкеев туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған, марқұм Амантай Біртанов 2003 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жазған мақаласында: «Бүгінде жетпістің жотасына шыққан, республикаға белгілі ғалым-хирург, жүздеген дəрігерлерді, дəрігер-хирургтерді дайындаған дамолла-ұстаз Тұрар Қойшығараұлы Көкеевтің медицина саласында қызмет істегеніне 55 жыл толыпты. 1958 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп, өзінің туған жері Талас аудандық ауруханасына жолдама алады. 75 төсектік ауруханаға штат бойынша 11 дəрігер істеу керек болса, сол уақытта бар болғаны екі-ақ дəрігер қызмет істеді. Оның бірі – бас дəрігер Зейнолла Байбатыров (педиатр), екіншісі – санитарлық дəрігер. Тұрар Көкеевтің келісімен-ақ екі жыл бойы еңбек демалысына бармаған Зейнолла аудандық партия комитетімен келісіп, жауапкершіліктің бəрін жаңадан келген жас дəрігерге жүктеп, екі жылдық демалысын бір-ақ алып кете барады. Бас дəрігердің өзіне деген бұл сенім оны жігерлендіріп, жаңа қызметіне белсене кіріседі. Дегенмен де, институт қабырғасынан күні кеше ғана шыққан жас маманға аудандағы бүкіл денсаулық сақтау саласын басқару оңай тиген жоқ. Ең алдымен, жұмысты ұйымдастыруды ретке келтірді. Аз ғана уақыттың ішінде ол өзінің мамандығы бойынша біраз жаңалықтар енгізе бастады. Ауданда бірінші рет күрделі операцияларды наркозбен жасау, аудандық аурухананың жағдайында медициналық аборт жасауды, қолға алған Көкеев болды. Жұқпалы түйнеме ауруын алғаш анықтап, ол кейін облыста дəлелденді. Негізінде шөлді жəне жартылай шөлді жерде орналасқан аудан, осы құрғақшылыққа байланысты ағзадағы судың, тұздың алмасуының бұзылуынан болатын аурулар («тұз кесел», «су кесел») жиі кездесіп, неше түрлі гастроэнтеропатияларға əкеліп соғады. Осындай кеселдердің түрлерін реттеп, диагностикасын, емдеу жолдарын жас маман Тұрар Көкеев ғылыми жолмен зерттеуге ден қойды. Ғылым, білім орталығынан алыстау жүрсе де ізденуден жалыққан жоқ. Ғылымға бет бұруды қалады. Жас дəрігердің бұл арманы да орындалды. Тұрар Қойшығараұлының ғылымдағы қызметі де ерекше. Ұлттық ғылыми кадрлар дайындау жоспарына сəйкес, аспирантураға шақырылып, белгілі ғалым-хирург Михайл Брякин басқарған госпитальді хирургия кафедрасының аспиранты атанды. Диссертациялық тақырыбын бекітерде ғалым-ұстаз: «Қан тамырлар хирургиясы – республикада ең артта қалып қойған саланың бірі. Осы саланы сен зерттесең қайтеді?», деген ұсыныспен өзіңе үлкен үміт артып отырмын»,– деген-ді ұстазы. Ұстаз жаңылмапты. Қазір Тұрар Көкеев осы саланың хас шебері атанды. №1 қалалық аурухана (қазіргі жедел жəрдем ауруханасы) қан тамырларының хирургиялық кеселдерін емдейтін республикалық орталыққа айналды. Қан тамырларына ең бірінші күрделі реконструктивті операциялар осы орталықта жасалып, олардың авторы – Тұрар Қойшығараұлы Көкеев қан тамырлар хирургиясының негізін қалаушысы атанды. Т.Қ.Көкеев қолына қандауыр ұстағалы 7000-ға жуық операция жасап, 150 ғылыми еңбек жариялапты. Кеңес өкіметі ол кісінің ұстаздық қызметін жоғары бағалап, «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жоғарғы мектеп қызметкері» деген құрметті атақ берді. Ал, А.Н.Сызғанов атындағы республикалық Хирургиялық орталық профессор Тұрар Қойшығараұлы Көкеев қан тамырлар хирургиясын дамытудағы жəне медицина кадрларын дайындаудағы сіңірген аса зор еңбектері үшін өзінің «№1 Құрметті профессоры» атағын берді. Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойының қарсаңында Тұрар Қойшығараұлы Көкеев Жамбыл облысының Құрметті азаматы деген атағына ие болды», деп жазады. Ал, профессор Амангелді Ибаділдин республикалық «Ана тілі» газетіне 2013 жылы жазған мақаласында: «Туған жеріне деген перзенттік парызын өтеген соң Алматыға оралып, аспирантураға оқуға түседі. Ғылыми жетекшісі атақты профессор Михаил Иванович Брякин болады. Ол кезде елімізде қан тамырлары хирургиясы мүлдем қалыптаспаған еді. Білікті маман жоқ. Соны жақсы түсінген ғылыми жетекшісі талантты шəкіртіне сенім артып, қан тамырлар хирургиясынан ғылыми тақырып ұсынады. Сөйтіп, Қазақстанның қан тамырлары хирургиясында Тұрар Көкеев деген жаңа есім пайда болады», – деп толғанады. Сонымен қатар, республикалық «Бәйтерек» журналына Ғалия Шымырбаева, республикаға тарайтын «Алматы ақшамы» газетіне журналист Нұржамал Байсақал мазмұны терең мақалалар жазып, Тұрар Қойшығараұлының денсаулық және ғылым саласындағы еңбегін, адамгершілік болмысын жақсы аша білген. Әрине, біздің бұл мақалаларға алып қосарымыз жоқ. Тұрар Қойшығараұлы жұбайы Шаирбибі Əбітəліқызы екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірді. Үшеуі де орта мектепті алтын медальмен бітірді. Үлкен қызы Фатима саясаттанушы, докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Ал, кіші қызы Жəмилəмедицина ғылымының кандидаты, ультрадыбыс диагностикасының белгілі маманы. Кенжелері Асқар 5 жасында ағылшын тілін игеріп, 14 жасында орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Қазақ Ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетін үздік үлгеріммен аяқтап, жауапты қызмет атқарып жүр. Балалығы соғыс жылдарына тап келіп, қиын күндерді көріп өскен, әкесінің тілегін орындаған белгілі ғалым, танымал дәрігер Тұрар Қойшығараұлы бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ, оның жасаған мыңдаған отасынан құлан таза жазылған азаматтардың әр салада алаңсыз еңбек етіп жүргені – қуаныш. Бұл күнде Тұрар Қойшығараұлының шәкірттері медицина жолында жаңа ізденістер жасап, табыстарға қол жеткізіп отыр. Бұл да атақты ғалымның өнегелі жолының жалғасқаны. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сірә осы болса керек.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар