Тұлпарды тұяғынан таныған

Тұлпарды тұяғынан таныған
ашық дереккөз
Тұлпарды тұяғынан таныған
Жылқы мінсең – көлік, ішсең – шипалы сусын, жесең – құнарлы ас екенін білген біздің халық ертеден-ақ Қамбар ата төлін бағудың бабын білген. Ата кәсіпті бүгін де жалғап, өрісін жылқыға толтырып отырған шаруаның бірі – «Саят» шаруа қожалығының иесі Айтбек Дүтбаев. Ол Сарысу ауданындағы Түркістан ауылдық округінде көпшілік қоныстанған аймақтан алыстау орынға жүз бас жылқы бордақылауға арнап қоражай салған. Алдымен төрт жүзге жуық жылқыны жайылымда жайып, ішінен іріктеп жүзін қоражайға кіргізіп, бордақылайды. Біз барғанда жаздың ортасында кіргізген жүз жылқыдан 15-і ғана қалыпты. Жылқыны ет бағытында бағумен қатар, сүт бағытында он шақты сауын сиыр да ұстайтын бұл шаруа қожалық көкпарға арнайы тұлпар да баптайды. – Жыл 12 ай мал бордақылайтын қорамыздан да, жайылымымыздан да мал үзілмейді. Жалпы, 560 гектар жайылымымызда 400 бастан жылқы азая бастаса, сатып әкеліп, орнын толтырамыз. Ал, жайылымдағы жылқының ішінен бордақылауға лайықты жүзін іріктеп әкеліп, қорада бағамыз. Оны да шетінен дайын болғанын сойып, сатамыз. Жаңатас қаласында ет сатумен айналысатын төрт жеке кәсіпкермен тұрақты түрде жұмыс істейміз, яғни біз оларға ет өткіземіз. Баққан малдың етті болуы үшін беретін жем-суына да мән беру керек. Біз бордақылайтын жылқыларға бидайды қайнатып, бөктіріп береміз. Сонда ол малдың асқазанына жайлы, тез сіңімді әрі семіруіне жұғымды болады. Сол себепті осы бордақылау алаңын салған кезде-ақ екі тайқазанды әкеліп, орнатқанбыз. Бұл жерге электр желісі, көгілдір отын тартылған. Екі тайқазанды газбен қайнатамыз, от жақпаймыз. Ал, көкпарға баптайтын аттарымызға күш-қуаты артсын деп жаздың күні алма, додаға түсер алдында сәбіз береміз. Бұдан бөлек, он шақты сауын сиыр ұстаймыз. Ал, биелерден алған қымызды, сиырдан сауған сүтті әлі сатылымға шығара қойған жоқпыз, ауыл-ел арасындағы жақын-жуықты қамтамасыз етіп отырмыз. Әрине, енді сиырдың сүтінен құрт-ірімшік, май аламыз, олардың ешқайсысын да сатуға шығарғанымыз жоқ, өзімізден ішіп-жемнен артылмайды. Қазір мемлекет тарапынан ауыл халқының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға көрсетіліп жатқан көмектер баршылық, шүкір. Біз де «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп, бордақылау алаңын жүз орыннан екі жүзге арттырсақ деп жоспарлап отырмыз. Алдағы көктемде үлкен етіп ма л сою алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Онда барлық санитарлық талаптар сақталады. Негізгі көздегеніміз де – халыққа таза табиғи өнім беру. Онда өзіміздің малдарды союмен қатар, ауылдастар да пайдаланамыз десе, қарсы болмаймын, – дейді Айтбек Аманбайұлы. Әкесі Аманбай қария ауыл жұртына белгілі жылқышы әрі ат спортының жанашыры болған екен. Колхоздың жылқысын баққан әкесінен көріп, бала күнінен мал шаруашылығының бабын біліп өскен Айтбек Дүтбаев қазір балаларымен бірге жылқыны ет, сүт, ат спорты бағытында бағып отыр. Бүгінде 10 айғырды арнайы көкпар үшін баптауда. – Өз облысымызбен қатар, көршілес жатқан Түркістан, одан ары Қызылорда облыстарында қандай көкпар болса, бәріне қатысып жүрміз. Жер шалғай болса да «КАМАЗ» көлігіміз бар, соған тиеп алып, тартып отырамыз. Әкем де, біз де көкпар десе ішкен асын жерге қоятындардың қатарынанбыз. Шабандоздар да өзіміз, аға-інілеріммен бірге кезекпен топқа түсеміз. Әр тұлпарымызға өзіндік қасиетіне қарай қойған есіміміз бар. Мысалы, Король, Аю, Тұйғынкөк, Жәдігер секілді. Бұлардың да өзіндік күтімі бөлек. Алдымен аяғын тазалап, тұяқтарына таға саламыз. Содан соң екі ай суытамыз, яғни қатты шаппау керек, жай жүріспен серуендетеміз. Содан соң ғана көкпарға шығарылады. Әрбір суыту кезінде, көкпарға түсерде және додадан келгеннен соң шомылдырып тұрамыз. Осы базамызда арнайы ат шомылдыратын орынды да жасап қойғанбыз. Өткен жылы қолымызда болған бір көкпар атымыздың құлынын Гүлс ары деп атап, қазір шабысқа дайындап жатырмыз, – дейді Саят Айтбекұлы. Ауыл азаматтарының айтуынша, Түркістанның Бәйдібек, Созақ, Қызылорданың Жаңақорған аудандарындағы көкпаршылар бұл кісілерді Аманбайдың ұрпағы деп таниды екен. Бұл әулеттің көкпаршылығы көпшілікке әкесінің атымен таныс көрінеді. Өзге малдардан қасиеті бөлек жылқыны бірнеше бағытта бағып, ұлттық болмысты сақтап отырған Аманбай атаның әулетінен «Жақсы аттың артынан құнан ереді, жақсы жігіттің артынан ұлан ереді» деген нақыл сөздің нақ өзін көрдік. Қазіргі жаһанданудың салдарынан ұлттық болмысымыз жұтылып бара жатқандай күмәнді шақта осындай отбасы барын көріп, көңілге медет еттік, марқайдық.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар