- Advertisement -

Тиісті жұмыстар толығымен орындалады

53

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен аймақ әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жұмысын қарау бойынша кеңес отырысы өтті. Жиында аталған басқарманың, сондай-ақ, Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қосқұдық орман шаруашылығының және «Сапсан» жедел қызметінің өкілдері атқарылған жұмыстардың жайына тоқталды.

Жалпы, өңірдегі мемлекеттік орман қорының көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орманмен көмкерілген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Мемлекеттік орман қорының жерлері облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бағынысты 15 орман шаруашылығы мекемелеріне бекітіліп берілген.

– Облыста «2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бекітілген. Биыл 31,1 миллион сексеуіл және қарағаш орман екпелерін құру жоспарланған. Орман екпелерін құру көшет егу және ағаштардың тұқымын себу арқылы жүргізіледі. Осыған орай, көктем айында 5,7 мың гектар аумаққа 16,6 миллион сексеуіл және қарағаш көшеттері отырғызылды. Күз айларына 13,1 мың гектар жерге 14,5 миллион сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 6,9 мың гектарға тұқым себу жұмыстары жүргізілді. Қалған аумаққа тұқым себу жұмыстары жылдың соңына дейін толық орындалатын болады, – деп басқарма басшысының орынбасары Нартай Егембердиев алдағы жұмыстары туралы жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар, бүгінде 50 аңшылық алқаптың 38-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Биыл 15 ақпаннан 2024 жылдың 15 ақпанына дейін жануарлар дүниесін пайдалануға, яғни жабайы аң- құстың 18 түріне аңшылық жасауға, 54165 дарақ аулауға квота бөлінген. Табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 8466487,25 теңге түсіпті.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен осы жылға өңірдің мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымы 20 наурыздан бастап 13 қараша аралығында белгіленген. Өрт қаупі маусымы басталмас бұрын мемлекеттік орман иеленушілер бекітілген қағидаларға сәйкес оған дайындық жұмыстарын жүргізеді. Осыған байланысты мемлекеттік орман қоры аумағындағы 34 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған. Бақылау бекеттері күніне екі рет басқарманың диспетчерлік орталығына рациялық байланыс құралдары арқылы байланысқа шығып, орман қорындағы жағдайлар бойынша есеп береді екен.

Сондай-ақ, биыл 22 маусымда Қырғызстан Республикасымен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиындары өткізілген. Ал, 14 шілдеде Сарысу ауданында Жамбыл және Түркістан облыстары бірлескен облысаралық өртке қарсы оқу-жаттығу өткен. Оған Жамбыл, Түркістан облыстарының Төтенше жағдайлар бөлімшелері, жедел жәрдем мобильді көліктері, орман шаруашылығы мекемелері және ауылдық округтердің өрт жасақшылары қатысқан.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support