- Advertisement -

Мемлекет берген мүмкіндік мол

26

- Advertisement -

Облыстың өнімі биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысымен 1,3 триллион теңгені құрап, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 6,1 пайызға артқан. Экономика салалары бойынша, атап айтқанда, байланыс көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңінен 8,1 пайызға, құрылыс жұмыстары 11,1 пайызға, сауда 2,6 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 2,2 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 0,6 пайызға, көлік 0,1 пайызға өскен. Өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі төмендеуіне байланысты жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 6,1 пайызға кеміген. 365 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңінен 12 пайызға артып отыр. Бұл жөнінде толығырақ Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына кеңінен тоқталған облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірдегі 846 кәсіпорында 46 мың адам еңбек етеді. Бұл кәсіпорындардың 14-і ірі, 21-і орта, 811-і шағын бизнес субъектілері.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды тиімді іске асырудың арқасында негізгі әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштердің өсуі қамтамасыз етілді. Бүгінге халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді тиімді іске асыруда бар күшімізді салудамыз. Өңдеу өнеркәсібі секторында біз үшін басты міндет – облыстың мықты өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыру болып қала бермек. Өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 22 пайыз.

Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 695 миллиард теңгеге дейін жеткізілді, онда өңдеу секторының үлесі 71 пайыз, өнім көлемі 494 миллиард теңге.

Тау-кен өндіру саласының көлемі 17,1 пайызға (88 миллиард теңге) ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі саласына 88 миллиард теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі биылғы 8 айда 121 миллион АҚШ долларын құрады. Инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Бүгінге облыстың инвестициялық портфелі 2,3 триллион теңгеге 69 жобаны қамтиды. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарлануда, оларды іске асыру қосымша 5,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 575 жұмыс орнын құруды көздеп отырған 87 миллиард теңгеге 20 жоба іске асырылуда. Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды табысты іске асыру облыстың бұл бағыттағы көшбасшылық қабілетін ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Облыста жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 нысан жұмыс істейді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу, үш жылда салада қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту Мемлекет Басшысының Жолдауы аясындағы тағы бір негізгі міндет екенін айтқан өңір басшысы биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 25,1 миллиард теңге субсидия бөлінгенін жеткізді.

Бұл қаржының 4,4 миллиард теңгесі республикалық, 20,7 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Нақты айтсақ, 1,8 миллиард теңгеге 1,5 мың жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 11 пайыздан 12,3 пайызға дейін жеткен. 552 шаруа қожалығы 511 миллион теңгеге жоғары өнімді тұқым сатып алған. Жоғарыда көрсетілген субсидия арқылы ірі қара мал басын 5,8 пайызға (521 мың бас), қой 9,8 пайызға (3 593 мың бас), жылқы 9,7 пайызға (181 мың бас) арттыруды қамтамасыз етуге, ет (тірі салмақта) өндірісін 3,6 пайызға (108 мың тоннаға дейін), сүтті 1,4 пайызға (294 мың тоннаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғайтылып, орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерді құрайтын 363,2 мың тонна дәнділер және бұршақты дақылдар, 179 мың тонна қант қызылшасы жиналды.

Биыл облыста суармалы су тапшылығы мәселесіне байланысты жалпы ауданы 9,2 мың гектар 392 шаруа қожалығының егістік жерлері зардап шекті. Шаруалар шығынын өтеу үшін Ел Үкіметінің төтенше резервінен 3,7 миллиард теңге бөлініп, бүгінге 2,7 миллиард теңгеге 358 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қаржыландырылған.

Ағымдағы жылы агроөнеркәсіп саласында 159 жұмыс орнын құру көзделіп отырған 8,6 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның төртеуі 4,4 миллиард теңгеге іске асырылыпты.

Жобаларды іске асыру көкөніс сақтау қоймаларының қуатын 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 7 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артады. Облыс экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі биылғы бірінші жартыжылдықта шамамен 7 пайыз. Облысымыз агроөнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республика өңірлері арасында 6 позицияда. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өндірісінің 10 айдағы 499 миллиард теңге көлемін 535 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

– Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің қажеттілігін дәлелдеді. 2019-2022 жылдары 18,3 миллиард теңгеге 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Ал, биыл 10 ауданнан 38 округке 24 миллиард теңге бөлінді. Бүгінге 18,9 миллиард теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 миллиард теңгеге 17 мың жобаны несиелендіру жоспарлануда. Су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасының мәселесі өзекті болып қалуда. Облыстың трансшекаралық су пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, көлемі 650 миллион текше метрді құрайтын жұмыс істеп тұрған 2 су қоймасында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, көлемі 166 миллион текше метрді құрайтын тағы екі су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2025 жылға дейін көлемі 46,2 миллион текше метрді құрайтын 13 су қоймасының құрылысы жоспарлануда. Оның үшеуі ірі («Ақмола», «Ырғайты» және «Қалғұтты» – жобалық құжаттамалары әзірленуде), оны шағын («Андас 1», «Андас 2», «Андас 3», «Науа», «Молалы», «Шөңгер», «Сулутөр», «Мақпал», «Көкдөнен», «Қарақыстақ») су қоймалары. Биыл 1,4 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Гидрологиялық бекетке күрделі жөндеу жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру Талас өзенінің бассейні бойынша Мемлекетаралық бөлімшені жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2027 жылға халықаралық институттар, яғни «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Халықаралық қайта құру және даму банкі» қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында каналдарды қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Онда суармалы алаң жоспарланған 69 мың гектардың шамамен 34 мың гектарын құрайды. Суармалы су көлемін ұлғайту үшін жоспарланған 646-дан 103 ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде, вегетациялық кезеңде суармалы трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 3 жылда 50 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы. Осылайша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 24,5 миллиард теңгеге 2,1 мың жоба қолдау тапты. Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігімен 13,8 миллиард теңгеге 537 жоба, кредиттер бойынша кепілдік беру тетігімен 7,1 миллиард теңгеге 500 жоба қаржыландырылса, инфрақұрылымды жүргізу арқылы 2,2 миллиард теңгеге 8 жобаға қолдау көрсетілді.

1048 кәсіпкерге 1,4 миллиард теңгеге грант берілді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес саны 25,5 пайызға артты.

Онда жұмыспен қамтылғандар саны 23,6 пайызға (165 мың адам) ұлғайды, негізгі үлес салмағы бойынша айтсақ, 33,1 пайызы (46 мың жұмыс орны) сауда саласында, 32,2 пайызы (41 мың жұмыс орны) ауыл шаруашылығында. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 22 пайызға (445 миллиард теңге) өсті. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 18 пайыздан 20,7 пайызға дейін (267,4 миллиард теңге) ұлғайды. 1,4 мың жұмыс орны сақталып, екі жүзге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгін біздің алдымызда өңірге жаңа инвестициялар тарту бойынша нақты жоспарлар тұр. Біз реттеуші кедергілерді азайтуға, инвестиция тартудағы жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Инвесторлармен жұмыс жүргізуде «бір терезе» қағидаты негізінде инвестиция тартудың бизнес-процестерін қайта қараудамыз. Әр аудан әкімдеріне нақты міндеттер қойылып, инвестиция тарту бойынша мерзімдері айқындалған KPI белгіленді. Өңірдегі бизнес өкілдерінің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасау есебінен жобалар айналасында кластер қалыптастыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Сонымен қатар, салынып жатқан зауыттар жанынан ілеспе тауарлардың шағын және орта өндірістерін құру көзделуде, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баспасөз брифингіндегі сөзінде.

Облыста жыл басынан 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Қазіргі уақытта 74 тұрғын үйдің (3929 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның 35 тұрғын үйін (1 935 пәтерге) жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жыл басынан бері бюджет қаражаты есебінен 10 үй (579 пәтер) және жеке инвестициялар есебінен 11 үй (474 пәтер) тапсырылған. Жыл соңына дейін 882 миллион теңгеге жаңа тұрғын алаптарының 869 учаскесіне (Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы «Строитель» массивіндегі 58 алапқа, Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы 811 алапқа) инженерлік инфрақұрылым тартылмақ. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарланыпты. Бүгінге 123 пәтер сатып алынған. «Асар» бастамашылық жобасы аясында 49 көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұрғын үймен қамтылған.

Елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету де басты назарда. Айта кетейік, облыс халқының шамамен 60 пайызы ауыл тұрғындары. Бүгінге 302 ауылдық елді мекенде тұратын 652 мың тұрғын сумен қамтылған. Биыл 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылуда, жыл соңына дейін 47 нысан аяқталады, ал 7 нысан келер жылға өтпелі.

Жалпы, автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелердің желісі 10 мың километр. Оның 1193 километр жергілікті мәндегі автожолдары мен 1132 километр елді мекендердің көшелері орташа жөндеуді талап етеді. Биылға жоспарланған 809,5 километрдің 787 километрі жөнделді.

Облыста 65,7 мың жұмыс орны құрылған, оның 49,4 мыңы тұрақты. Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында 17,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 56 мың адам қамтылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2019 жылмен салыстырғанда 144,8 мың адамға кеміді. Биыл Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылып, аутизмі бар балаларды қолдау және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары пайдалануға берілді.

Білім саласында да ілгерінді істер бар. Оқудың қолайлы жағдайын жасау және білім беру сапасын арттыру үшін биыл жаңа 28 білім беру нысанының құрылысы басталып, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 3 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 10 мектепті (Қордай ауданында 150 орындық 1 мектеп, Меркі ауданында 230 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 3180 орындық 4 мектеп, Байзақ ауданындағы Пушкин атындағы орта мектепке спорт және акт залының жапсарлас құрылысы, Сарысу ауданындағы Жаңаталап орта мектебіне спорт, акт залының және асхананың жапсарлас құрылысы, Тараз қаласындағы №6 орта мектепке спорт залының жапсарлас құрылысы) пайдалануға беру жоспарлануда. 2024 жылдың соңына дейін тағы 15 білім беру нысаны іске қосылады, оның 7 мектебі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында. 14 білім беру нысанында (12 мектеп, 1 интернат, 1 колледж) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 3 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы (физика, химия және биология) кабинеттері жаңа талаптарға сәйкес жаңартылуда. Бүгінге жаңару 75 пайызды құрады. Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, бүгінге облыстың барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Екінші және үшінші санаттағы барлық білім беру мекемелері дабыл түймесімен қамтамасыз етілген, олардың 92,5 пайызы жедел басқару орталығымен біріктірілген. Облыс орталықтарында орналасқан, сондай-ақ, білім алушылар мен қызметкерлер саны 700 адамнан асатын барлық оқу орындары мамандандырылған күзетпен қамтылған. Олардың 84,8 пайызы ішке кіргендерді бақылау-басқару жүйесімен (турникеттер) жабдықталған. Сондай-ақ, оқу үздіктері мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары үшін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Соңғы үш жылда облыс республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға, ҰБТ көрсеткіштеріне қатысу қорытындылары бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, облыс оқушылары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада І командалық орынға ие болды. 14-ші жыл қатарынан облыс оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында «Үздік команда» атағына ие болды. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 84,4 балды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 11,4 балға жоғары.

Облыста денсаулық сақтау саласында 24 нысанның (3,4 миллиард теңге) құрылысы жүргізілуде, оның ішіндегі 10 нысан (1,7 миллиард теңге) «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда. Бүгінге 6 нысан пайдалануға берілді. Ірі нысандардың бірі – Тараз қаласындағы 200 төсектік облыстық онкологиялық диспансер мен Шу ауданындағы 48 төсектік балаларға арналған оңалту орталығы.

Осы жылдың соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

Қалған 5 нысан ендігі жылы енгізілмек. 9 нысан (1,1 миллиард теңге) күрделі жөндеуден өтсе, 2 нысанда (481,3 миллион теңге) жұмыстар жүргізілуде. 19 аурухана мен 3 емханаға медициналық құрал-жабдықтар (3,9 миллиард теңгеге) және 14 аурухана мен 3 емханаға 40 бірлік жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Нәтижесінде емдеу мекемелерінің медициналық техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі 96 пайызға жеткізілмек. Келесі жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның (2 млрд. теңге) құрылысын жүргізу жоспарланған. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында үш ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ, Меркі, Шу және Талас аудандарында үш ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3 пайыздан 38 пайызға дейін кемиді.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыс халқының мәдениет нысандарымен қамтылу деңгейін ағымдағы 80,6 пайыздан 84,8 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бүгінде 1,4 миллиард теңгеге 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның алтауы, яғни Байзақ ауданының Тегістік ауылында, Қордайдағы Қарасу ауылында, Меркідегі Мыңқазан, Ойтал ауылдарында, Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін және Қордай ауылындағы мемлекеттік мұрағат ғимараты пайдалануға берілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы төрт нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Алты нысан 2024 жылға өтпелі. 413 миллион теңгеге үш нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталып қалды. Мәдениет саласындағы жетістіктердің бірі – өңір өнерпаздарының халықаралық фестивальдерге қатысуы. Биыл Жамбыл облыстық қазақ драма театры Румыниядағы «Babel FAST-2023» Халықаралық театр фестиваліне, орыс драма театры Ресейдегі «Алтын провинция» театр фестиваліне қатысты. Облыстық филармонияның әншісі Қырғыз Республикасында өткен «Мейкин Азия-2023» халықаралық әншілер байқауының Гран-при иегері атанды. Облыста 2,4 миллиард теңгеге 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. 1,8 миллиард теңгеге 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 38 заманауи спорт алаңдары іске қосылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 8 спорт нысаны, келесі жылы 9 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 59 пайызға дейін, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Жамбылдық спортшылардың жетістіктері аз емес. Биыл түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1305 медаль олжаланса, оның 496-сы алтын, 397-сі күміс, 412-сі қола. Қытай халық республикасының Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында біздің спортшылар 1 күміс, 3 қола медальдарды, IV жазғы Пара Азиялық ойындарында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді жеңіп алды.

Облыс халқының үштен бірін жастар құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайыз, уақытша жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесі (NEET) 6,5 пайыз.

Жыл басынан бері 26,1 мың жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылып, «Ауыл аманаты» жобасымен 540 жас 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алған.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін жұмыссыз және кәсіпкерлікпен кемінде 3 жыл айналысқан 483 жасқа жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген тәртіппен 2,2 миллиард теңгеге шағын несиелер берілді.

– Президент бізге туристік әлеуетті дамыту міндетін қойды. Біздің аймақтың ерекшеліктерінің бірі – ЮНЕСКО тізіміне енген көптеген тарихи орындары бар, бай табиғат. Туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Өткен жылы Тараз қаласы әлемдік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстанның тұңғыш қолөнер қаласы мәртебесіне ие болды. Туризм саласында 2026 жылға дейін 9,8 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биыл үш туристік орталық – Жуалы ауданында «Koksai resort», Жамбыл ауданында «Алмалы» және Тараз қаласында «Зербұлақ» аквапаркі ашылды. «Тірі сабақтар», «Көктем мақтанышы – қызғалдақ» фестивалі, «City bus» және «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық көрмесі аясында 45 экскурсиялық тур ұйымдастырылды. Біздің барлық жұмысымыздың нәтижесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамаларының сапалы орындалуы, атап айтқанда, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының нақты жақсаруы болуы тиіс, – деген өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support